Туды аспанда желбіретті

Қыр 4, 2025

Павлодар қаласында еліміз бойынша ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған ерекше тарту жасалды. Мемлекет тарихында тұңғыш рет ұзындығы 16 метр, ені 8 метр болатын Қазақстанның Мемлекеттік Туы бір ғана дронның көмегімен көкке көтерілді. Салмағы 60 келі мемлекеттік нышан 180 метр биіктікке көтеріліп, әлемдік рекорд орнатылды.

Мемлекетіміздің маңызды нышаны  айтулы датаға арнайы дайындалды. Жүк көтергіштігі 120 килограмм болатын бір дрон туды 180 метр биіктікке көтеріп, Павлодар қаласының орталық жағалауында орналасқан бас сахна — «Ertis Promenade» үстінен алып өтті. Дәл осы сәтте сахнада ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Рәміздерге деген зор құрметтің айқын көрінісіне айналған бұл ерекше оқиға Гиннестің рекордтар кітабына енді. Осыған орай Ертіс өңіріне Дүниежүзілік рекордтар кітабының Азия мен Африка елдері бойынша ресми өкілі арнайы келді. Тудың жалпы ауданы – 128 шаршы метр. Бұған дейін әлемдегі тулардың көлемі 60 шаршы метрден аспаған.

Бастама авторы — Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы. Жоба Павлодар облысы әкімдігінің және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жүзеге асты.

— Бұл жобаны біз рекорд орнату мүмкіндігі ретінде ғана емес, ұлттық бірліктің және қазақстандық патриотизмнің символы ретінде қолға алдық. Жас ұрпақ үшін бұл Отанға, халқына және Мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілікті айқын сезіндіретін жарқын белгі болмақ. Ел тарихында көлемі үлкен туды бір ғана дронның көмегімен көкте желбіреттік. Әлемде болмаған рекордты орнаттық, — деді «Шаңырақ» орталығының директоры Замира Солтанова.

Павлодарға WBR (Дүниежүзілік рекордтар кітабы) Азия және Африка елдері бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайбергенов келіп, рекордты ресми тіркеді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.