Баянауыл ауданында 13 ауылдық округтің 12-сінің кіреберіс жолы асфальтталған. Биыл Қаратомар ауылдық окгугіне қарасты Жайма ауылының кіреберіс жолын жөндеу жұмыстары басталды. Жоба екі жылға жоспарланған. Сөйтіп, 2027 жылы ауылдарға кіреберіс жолдардың жөнделу деңгейі 100 пайызды құрамақ.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев мәлім етті. Оның айтуынша, 5 елді мекенде барлығы 20,2 шақырым ауылішілік жолдар күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден өтті.
Аудан халқының 97,6 пайызы таза ауызсумен қамтылған. 38 ауылдың 22-сі орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. 13 елді мекенде кешенді блок- модуль жұмыс істейді. Биыл бұл бағытта 3 жоба жүзеге асырылды. Бұл ретте Ж.Аймауытов, Шонай және Шоманкөл ауылдарында су құбырының құрылысы жүргі-зіліп, жұмыс аяқталуға жақын. Осылайша, аудан халқының таза ауызсумен қамтылу көрсеткіші 99,6 пайызға жетпек.
Баянауыл ауданында өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар жаңа жоба жүзеге асырылуда.
— 2026 жылы екі суармалы алқап іске қосылады. Сәтбаев және Жаңажол ауылдық округтерінде жалпы көлемі 4 мың гектарға жуық лимандық суару жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Бұл — ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігін арттыруға және шаруалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді. Президенттің суармалы алқаптарды ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудандағы екі шаруа қожалығы арнайы суару жабдықтарын сатып алып, қажетті инфрақұрылымды әзірледі. Екі жобаны да 2026 жылы толық іске қосу жоспарлануда, — деді аудан басшысы.
Жаңа суармалы алқаптар Баянауыл ауданында ауыл шаруа-шылығы өндірісін дамытуға серпін беріп, экономикалық өсімді қол-дауға бағытталған маңызды бастаманың бірі болмақ.
Биыл Баянауыл өңіріне 150 мыңға жуық турист келген. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Ардақ Кісентаевтың айтуынша, қысқы мерзімде демалушылар үшін тағы екі демалыс орны жұмыс істемек.
– «Берёзовая роща» 100 орындық демалыс орны жыл он екі ай жұмыс істейтін болды. Бұл жерде толыққанды тынығуға барлық жағдай жасалған. «Сабындыкөл плаза» қонақүйі де қыста туристерді қабылдайды, – дейді Ардақ Кісентаев.
Аудан басшысының айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер қыста жұмыс істеуге әзір. Бірақ, демалушылар тек сенбі-жексенбі күндері келеді.
«Мырзашоқы» тау-шаңғы кешені де жұмыс істейтін болады. Қалың қар түссе, қар тоқтату жұмыстары басталады. Өткен қыста аталмыш кешенге 8 мыңға жуық адам келіп, шаңғы тепкен.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.
