Аймағымызда табиғаттың тартуы мен қолдан жасалған барлық жағдайды туристерге көрсете білген кезде ғана демалушылардың тынығатын орын ретінде таңдаулары облысымызға түсетіні анық. Яғни, тартымдылығын арттыру, инфрақұрылымын реттеу ғана туристердің легін еселейді. Осы мақсатта өңіріміздің көрікті мекендерін дамытумен қатар, тұрғындар мен туристердің күнін көңілді өткізуіне түрлі ойын-сауық, тынығу орындары салынбақ.

 

Қаладан қашықтамай да…

Мәселен, Павлодар қаласында биыл жыл соңына дейін Усолка шағын ауданындағы «Ертіс» шаңғы базасы аумағында Wake-park іске қосылмақ. Қазіргі таңда электр энергиясын тарту жұмыстары жүргізіліп, арнайы сфера тәрізді қондырғысы орнатылуда. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникация- лар қызметінде өткен брифингте Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Бейсенов мәлім етті. Сонымен, бұл қандай демалыс орны?

— Бір сөзбен айтқанда, Wake-park — су бетіндегі спорт түрі. Серфингтің иммитациясы деуге болады. Ертіс өзенінің екі жағалауынан тартылған арқанмен су бетімен жылдамдықпен жүріп өтеді. Жолында аспалы жолдар қарастырылады. Мұндай спорт түріне қызығатындар аз емес. Сәтті іске асса, кейін туристер көптеп келетіні анық. Жоба қыркүйек айына дейін аяқталады деп жоспарлануда, — дейді А.Бейсенов.

Облыс орталығында туризмді дамыту бағытында іске асып жатқан инвестициялық жобалардың бірі – экоқалашық. Бұл Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасады. Инвестор – «Жайлы демалыс» ЖШС 2 гектарлық аумақта палаткалық қалашық ұйымдастырып, каркастық үйлер салмақ. Жағажайын абаттандырып, балалар аттракционын, ойын алаңдарын салуды көздеп отыр. Аталмыш жоба туристік грант тұрғысынан қолдау тапқан. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда халық арасында «Майями» атауымен танымал өзеннің арғы бетіндегі демалыс орны іспеттес. Бірақ қауіпсіздігі мен жайлылығы жағынан әлдеқайда жақсы болады деп сендірді. Сәтін салса, келесі жылы іске аспақ.

Ал қалада тұрақтауды қалайтын туристер бірнеше жылдан соң жайлы қонақ үймен қамтылмақ. Мәселен, тозығы жеткен «Қазақстан» қонақ үйін жаңа инвестор адам танымас- тай өзгертпек. «Novotel» атауын алатын меймандар аялдайтын үйді қайтадан қалпына келтіруге 7,8 млрд теңге инвестиция салынбақ. Бұл қонақ үйлер желісі ТМД елдері ішінде әйгілі көрінеді. Павлодардағы ғимарат 2027 жылға қарай жаңа кейіпке енбек.

Көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген аквапарк құрылысы 2025 жылы аяқталады деген үміт бар. Бүгінде ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, сырты ыстыққа төзімді панельмен қапталды. Ішкі жұмыстары басталды. Осылайша, тұрғындардың қаладан қашықтамай тынығуына жағдай жасалуда. Туристерді қызықтыру да мақсат етілген.

Ағаштың арасына аялдау…

Қаланың шуылдағынан бір сәт тыныштықта тынығуды қалайтындар іргедегі демалыс жерлерді саялайды. Сондай орын-дардың бірі – «Қарағайлы орман» демалыс аймағы. Тұрғындар аталмыш орынға кіру құнының тым жоғары екенін алға тартады. Редакциямызға хабарласқан оқырмандардың бірі тек орманға кіріп, аялдағаның үшін ересектердің әрқайсысы — 800, балалардың 600 теңге төлеуі қисын-сыз деген еді. Ағаштың ішіне аялдаудың өзі арзан болмай тұрғанына налиды. Ішіндегі үстелдер мен орындарды жеке бағаға тағы жалға алатынын алға тартты. Сондықтан құзырлы органдар бағаны реттеуді қолға алса деген тілек білдірген еді. Брифинг барысында аталған мәселені қалалық әкімдік өкіліне де қойдық. Алған жауабымыз төмендегідей:

— Бағаны белгілеуге заңнама негізінде араласа алмаймыз. Яғни, мұндай орындарға бағаны реттеу құзырымызға кірмейді. Олар да бағаны ойдан құрамайды, нарыққа байланысты айқындайды. Біз нұсқау бере алмаймыз, тек ұсына аламыз, — дейді Асқар Қамзаұлы.

Қызығушылық артқан

Облысымыздың туристік тартымдылығын сөз еткенде, әдеттегідей, Баянауыл демалыс аймағы, Маралды, Тұзқала тұзды көлдері, Шалдай қарағайлы орманы, Екібастұздағы Солнечный кентіндегі жағажай, Ертіс өзенінің жағалауы туристер үшін танымал локациялар қатарында. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Диас Жәкеновтің мәлім-деуінше, өңіріміздің сакралды орындарына да қызығушылық жоғары. Аталған жерлерде тыныққандар қатары биыл 122 мың адамнан асқан. Оның басым бөлігі, яғни, 81 мыңнан астам демалушы Баянауылдың курорттық аймақтарына аялдаған. 18 мыңға жуығы Маралды көлінің, тағы он мыңы Тұзқала көлінің емдік шипасын көруге келіпті. 13 мың азамат Солнечный кентіндегі жағажайда ыстықта сая тауыпты.

— Жалпы алғанда, өңірімізге деген қызығушылықтың артқаны аңғарылады. Туризм саласын-дағы негізгі көрсеткіштер өскені байқалуда. Оған ресми статистикалық мәліметтер дәлел. Былтырғы жылмен салыстырғанда, қонақ үйлерде тұрақтағандардың қатары 17,3 пайызға артқан. Мұнда көрсетілген қызметтер көлемі 7,7 пайызға өскен, — дейді Диас Серікұлы.

Аймақтың туристік брендін әйгілеуге бағытталған «Ertis Bayan» брэнд-бугі құрылды. Яғни, біздегі бар дүниені дәріптейтін қалам, күнделік, рюкзак, термос және тағы басқа 10 түрлі өнім шығарылған. Осы заттардан түзілген көрмелерді шетелдік, қазақстандық маңызды шараларда келушілер назарына ұсынуға ден қойылған. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы аймағымыздың көрікті мекендерін көпшілікке көрсету жұмыстары қолға алынды.

Әрине, туристерді көрікті жермен таныстырып қана қою аздық етеді. Бастысы, жайлы жағдай жасау. Сол себепті мамандар бірқатар шағын туристік орынға мониторинг жүргізіп, проблемалық тұстарды айқын-дапты. Жалға алушылармен кездесулер ұйымдастырған. Ал кәсібін дамыту үшін мемлекеттік қолдау түрлері де түсіндірілді.

Табиғатымен тамсандырған Баянауыл өлкесінде инфрақұры-лымдық мәселеге мән берілуде. Д.Жәкеновтің мәлімдеуінше, бір қабатты визит-орталық салынуда. Сабындыкөл көлінің жанында биіктен алысқа көз тігуге мүмкіндік беретін алаң ашу жоспарлануда. Бұл көлдің жағажайын абаттандыру әлі де жалғаса түспек. Әлі де кемшіліктерді түзетіп, жайлылық деңгейін жақсартуға күш салынбақ. Биыл жыл соңына дейін турис- тер легі 225 мыңнан асады деп күтілуде.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ