Тұмса табиғатымен тамсандыратын Баянауыл баурайында туристік кезең салтанатты түрде ашылды. Көрікті жердегі көлдің жағалауында демалып, тарихи орындарды тамашалауды қалайтын көпшілік үшін уақытты тиімді өткізудің сан алуан түрі бар.
15 маусымда Жасыбай көлінің жағасында кезекті туристік кезең бастау алды. Салтанатты шара аясында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, жағажай волейболы, асық ату мен садақ атудан сайыстар, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Алғашқы күні-ақ Павлодар, Екібастұз және Астана қалаларынан 500-ге жуық турист жиналды.
Бұл ретте Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Елдос Бариев демалыс маусымы туристердің көңілінен шығуы үшін жергілікті билік тарапынан оңтайлы жағдайлар жасалатынын атап өтті. Жалпы, бүгінде курорттық аймақта барлығы 52 демалыс үйі туристерге қызмет көрсетуге әзір. Жасыбай көлінің жағасындағы орындар бір уақытта бес мыңнан астам адамды күтіп алуға қауқарлы. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дәуір Ерға-булов биыл Баянауыл баурайында 225 мыңнан астам турист келеді деп күтілетінін атап өтті.
Қазақстанның үздік 20 демалыс орнының тізіміне кіретін бұл аймаққа туристерді көптеп тарту үшін биыл бірнеше жаңашылдық енгізіліп отыр. Айталық, салалық басқарма мен жергілікті «Mixtour» туристік фирмасы өзара бірлесіп, ішкі туризмді дамытуға бағытталған шараларды бастады. Соның бірі – Жасыбай көлінде серфинг қызметінің іске қосылуы. Сол сияқты махаббат аралына сап-тақталарды жүзу арқылы барып-келу, джип-турлар, жаяу серуендеу және табиғи көрікті жерлерге экскурсиялар қарастырылған.
Одан бөлек, туристерге Торайғыр және Сабындыкөл көлдерінің жағасында демалуға жағдай жасалып отыр. Олай болса, жазғы уақытты тұмса табиғат аясында өткізуге асығыңыз!
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.