М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Тарихқа тағзым» атты облыстық жобалар байқауы өтті. Оған облысымыздың 7-10-сынып оқушылары қатысып, зерттеу жұмыстарын қорғады.
Оқушылар сарайының әдіскері Бақыт Аралбаеваның сөзінше, байқау барысында оқушылар өздеріне ұсынылған тақырыптардың біреуін таңдап, сол бойынша терең зерттеу жұмысын жүргізген.
Жобалардың тақырыптары еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты маңызды оқиғаларды қамтыды. Олардың бірі – Мичурин ауылының тарихи ескерткіштерін зерделеу, сақтау және танымал етуге арналған «Тарихи мұра аумағы» жобасы. Онда аталған елді мекендегі қазба орындары туралы толығырақ айтылды.
– Оқушылар тек тарихи деректермен шектелмей, әрбір оқиғаға терең ой жүгіртіп, оны қазіргі заманмен байланыстырды, өздерінің жеке көзқарастарын жеткізе алды. Бұл байқау тарих пен мәдениетке деген құрметті оятып, жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттырудың зор мүмкіндігі болды, – деді ол.
Байқауға С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың өлкетану бөлімінің басшысы Марал Тәженова, тарих ғылымдарының кандидаты, Торайғыров универ-ситетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Мәди Рахымов және Н.Нұрмұхамедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің маманы Ольга Пашко секілді танымал мамандар мен зерттеушілер сарапшылық етті.
Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар дипломдармен және сертификаттармен марапатталды.
Өз тілшіміз.