Павлодарлық дәрігерлер отаны лазерлі скальпельмен жүргізуге мүмкіндік алды. Заманауи құрылғы еліміз бойынша тек екі қаланың дәрігерлеріне ғана қолжетімді екенін атап өту керек.

Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың урология бөлімінің меңгерушісі Нариман Садықовтың айтуынша,  ең озық жоғары технологиялық лазерлік жабдық урологиялық ауруларды емдеуге арналған. Павлодарлық урологтар лазерлік жүйемен бірнеше жыл бұрын Мәскеудегі отада қолданылатын жабдықтар көрмесінде танысып, содан бері аймақтағы емделушілерге арналған қондырғыны сатып алуды жоспарлады.

— Енді ота кезінде қолымызда скальпельдің орнына лазер болады. Аппарат қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы кезінде, қуықтың, бүйрек несеп жолдарының жаңа белгілері басқа да жұмсақ тіндерге эндоурологиялық операцияларды неғұрлым қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін хирургтер осындай оталарда қан кетумен күресуге мәжбүр болатын. Енді бұл мәселені скальпель лазері шешеді. Сәуле шамалы тереңдікке еніп, тілінген орынды жылдам тігуге мүмкіндік береді. Ота кезінде анестезиологтың шешімі бойынша  жұлын наркозы  немесе жалпы наркоз пайдаланылады, —  дейді Н.Садықов.

Италиялық лазерлік технологияны ресейлік урологтар да қолданады. Сол себепті Мәскеудегі  урологиялық орталығының хирургі Роман Андреев екікүндік шеберлік дәрісін өткізу үшін Павлодарға арнайы  келді.

— Бұл лазерлік жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Ол отадан кейінгі асқынулардың қаупін азайтуға, науқастарды аз уақыттың ішінде үйге шығаруға мүмкіндік береді. Лазерлік жүйе қуықасты безінің аденомасын алып тастау операция-
сынан кейін туындайтын барлық жағымсыз құбылыстарды азайтады, емделушінің стационарда болу уақыты екі есе қысқартады, — деп түсіндірді Роман Андреев.

Білікті мамандардың айтуынша, тәжірибелі хирург үшін лазерді қолдану еш қиындық тудырмайды. Бастысы, лазер энергиясын сезіну, оның табиғатын түсіну маңызды.

Шеберлік сағатына аурухананың тәжірибелі дәрігерлері мен интерндері қатысты. Мәскеулік маман науқастың  қуығына заманауи  лазерді енгізу технологиясын, анықталған ісіктерді алып тастау жолдарын ашық түрде көрсетті. Барлық ішкі манипуляциялар экранда бейнеленді.

Нариман Садықов Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада қазірдің өзінде қуықасты безінің гиперплазиясын, қуық пен зәр жолдарының ісіктерін емдеуге арналған лазерлік қондырғылар бар екенін атап өтті. Емдеу мекемесінде эндоурологиялық және лапароскопиялық операция-
лар белсенді жүргізілуде. Енді ERG Еуразиялық тобының демеушілігімен сатып алынған лазерлік қондырғы халыққа шұғыл және жоспарлы урологиялық көмек көрсетуге және медициналық туризм саласындағы аурухана мамандарының біліктілігін  арттыруға жол ашпақ.

— Қазір медицина саласында қолданылатын заманауи технологиялар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, сырқаты бар науқастарды түрлі аурулардан айықтыруда. Елімізде алғашқылардың бірі болып урология бөлімшесіне жаңа лазерлік қондырғы сатып алынды. Мамандар Мәскеуден келген білікті дәрігердің шеберлік сағатынан сала бойынша қажетті білім алды деп айта аламын

Облыстық аурухана  дәрігерлері аймақ тұрғындарына стационарлық, амбулаториялық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Оталарды шұғыл түрде жасайтын мекеменің бірі. Тәжірибелі, білікті дәрігерлер көп. Мамандар озық технологиямен жұмыс істеуді жақсы біледі. Лазерлік қондырғының да тілін тез меңгеріп алды. Жаңа қондырғы талай емделушінің отасының сәтті өтуіне жәрдемдесіп, ғұмырын ұзартатынына сенемін.

Өкінішке қарай, қазір урологиялық аурулар көбейіп келеді. Әсіресе, бүйрек және несеп жолынан зардап шегетіндер көп. Енді осы дертке душар болғандар қажетті отаны аз уақыттың ішінде жасатып, үйге тез шығарылатын болады, — дейді Н.Садықов.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.