Кеше «Достық үйінде» Қазақстан халқы тілдерінің ХХVI республикалық фестивалі аясында және 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Тіл – достық құралы!» атты облыстық тілдер фестивалі өтті. Шараға жергілікті зиялы қауым, тіл жанашырлары, қоғамдық ұйым өкілдері, этно-мәдени бірлестік ұжымдары қатысты.
Ағымдағы жылдың 1-30 қыркүйек аралығы облыс бойынша «Тілдер айлығы» деп жарияланды. Осы айлық шеңберінде облыс көлемінде түрлі этнос өкілдерінің мәдениетін, тілін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, тілдерді насихаттауға арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар өтіп жатыр. Аталған фестивальге облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, ұлтаралық бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңыздылығына тоқталды.
— Мемлекеттік тіл — халқымыздың рухани байлығы, бірлігіміздің басты тірегі. Ана тілдің қадір-қасиетін терең ұғынған халқымыз оны ұлттың қазынасына, байлығына балайды. Бүгінде Тәуелсіздіктің арқасында көптеген тілдік мәсе-лелер шешіліп, мемлекеттік тіл саясаты бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік тілді қастерлеу, үйрену — әр азаматтың парызы. Біздің елде көптеген этнос өкілдері ынтымағы мен бірлігі жарасып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Баршаңызды өткен тілдер мерекесімен құттықтаймын, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
Облыс әкімінің орынбасары мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, ұлтаралық келісімді нығайтуға үлес қосқан облыстың бірқатар азаматтарын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен және облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапаттады.
Мерекелік шара барысында шақырылған қонақтар үшін фойеде этномәдени бірлестіктерінің қолданбалы өнер көрмесі қойылды. Сонымен қатар, қонақтар үшін мерекелік концерт ұйымдастырылып, әр этнос өкілдері өздерінің өнерлерін көрсетті.
Тілеуберді САХАБА.