Тұтынушылардың құқықтарын қорғауға талпынысының тағы бір дәлеліне тоқталайық. Павлодар қаласының тұрғыны стоматологиялық қызметтің сапасыз жасалуынан зиян шеккен. Ал оны дәлелдеу үшін құзырлы органға жүгінуге тура келді.
Облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау депар-таментінің мәлімдеуінше, павлодарлық әйел тіс емдеуден кейін бастан өткерген жағдайын айтып, көмек сұрапты.
— Ол стоматологиялық клиникаға тісінің қатты ауырғанын айтып, медициналық көмек алуға барған. Рентген жасағаннан кейін дәрігер тісті жұлу керектігін айтады. Жұлу кезінде тістің қызыл еті қабынып, іріңнің бары байқалады. Сондықтан, қызыл иекті тазартады. Бұл қызметке тұтынушы 15 мың теңге төлеген. Алайда, үйіне келген соң оның дене қызуы 38,5 градусқа дейін көтеріледі әрі қатты ауырсыну пайда болады, — делінген департамент мәліметінде.
Қайтадан емханаға барып, жағдайды айтқанда дәрігер бұл қалыпты жағдай екеніне сендіріп, шығарып салады. Тіпті, температура бірнеше күн бойы түспей қойса да, стоматолог тек вирусқа қарсы препарат тағайындаумен шектелген. Ал антибиотик тағайындаудан бас тартқан.
Тіс емдетуге барған әйелдің халі нашарлай түседі. Ақыры, жедел жәрдем шақыруға тура келген. Жедел жәрдем оны жақ-бет хирургіне жолдайды. Мұнда флегмона және абсцесс деген диагноз қойылады. Яғни, қызыл иек іріңдеп кеткені анықталады. Қайтадан тазартылып, антибиотик курсы
тағайындалады.
Тұтынушының шағымы негізінде департамент тіс емханасында жоспардан тыс тексеріс жүргізеді. Стоматологиялық клиника тұтыну-шының шағымына белгіленген уақытта жауап бермегені үшін әкімшілік жауапқа тартылады, сонымен қатар, кемшіліктерді жоюға ескерту жасалады.
Содан іс сотқа жетеді. Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шеші-мімен тұтынушыға 200 мың теңге көлемінде моральдық шығын, 300 мың теңге шамасында өкілдің көмегіне төленген шығын қайтарылды. Барлығы 501 966 мың теңге тұтынушыға өндіріліп алынған.
Мамандар ҚР «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңның 35-бабына сәйкес тұтынушы өз таңдауына қарай бірнеше талаптың бірін қоя алатынын еске салып отыр. Мәселен, көрсетілген қызметте кеткен кемшіліктерді қайтарымсыз негізде жоюды, көрсетілген қызмет үшін ақыны тиісінше төмендетуді талап ете алады. Тағы бір нұсқасы бірдей сападағы материалдан өзге затты қайтарымсыз түрде жасап беру немесе қызметті қайта көрсету қарастырылған. Келісімшартта кемшіліктерді жою бойынша тұтынушының құқықтары көрсетілсе, кемшіліктерді жоюға кеткен өз шығындарын өтетіп алу мүмкіндігі бар. Міне, осы талаптардың бірін тұтынушы таңдай алады. Ал кемшіліктер белгіленген уақытта жойылмаса, тұтынушы шартты бұзуға және шығындарын өтеуді талап етуге құқылы.
Жоғарыда айтылған жағдайларға тап болған тұтынушылар құқығын қорғау үшін құзырлы департаментке жүгініп, көмек алуына болады. Мекемеге бармай-ақ та шағым түсіруге әбден болады. Ол үшін E-otinish.gov.kz өтініштер қабыл-даудың бірыңғай платформасы, E-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі немесе 8(7182)551070 жедел желісі арқылы шағымдануға жол ашық.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.