Ата-аналар қауымының қалтасын қағатын ем-
шараның бірі – тіс емдеу. Қазіргі балалардың тісі шыға сала шіриді. Стоматологтар баланың ауыз қуысын алғашқы тіс шыққан сәттен бастап тазалау керек-тігін алға тартады. Сәби тісін кішкентайынан дұрыс күтпеудің салдарынан тістері тез бүлінуде. Елімізде 18 жасқа толмаған балалар МӘМС аясында тісті тегін емдей алады.
Тіс тәттіден бұзылады
Павлодар қаласындағы академик Сәтбаев көшесі, 306 мекенжайында орналасқан «One Dent» стоматологиясы ата-аналардың жиі келетін орнына айналған. Тіс емдеу мекемесінде бала тісін наркоз арқылы ұйықтатып емдетуге болады. Стоматологиядағы бала тісін емдеумен 5 жыл көлемінде айналысып келе жатқан дәрігер Ажар Дартайдың айтуынша, тіс ауруының бірнеше себебі бар.
— Ата-аналар баланың тіс күтіміне салғырт қарайды. Алғашқы тіс шыққан күннен бастап сәби тісін күнде тазалауды әдетке айналдыру керек. Әдетте нәрестенің алғашқы тісі 6-7 айлығында шығады. Тіс күтімін осы сәттен бастау маңызды. Бұл – бір. Екіншіден, баланың ағзасында қажетті дәрумен мөлшері жеткіліксіз. Тістің сау болуына Д дәрумені, ферритин, фолий қышқылының қалыпты деңгейде болуы әсер етеді. Егер бұл дәрумендер ағзада аз болса, тіс тез бұзылады. Үшіншіден, балалар дұрыс тамақтанбайды. Қазіргі ата-аналар балаларға печенье, кәмпит, мармеладты көп береді. Жұмсақ тәттілер тіске жабысып, оның сыртқа қабығын зақымдайды. Нәтижесінде ауыз қуысында қышқыл түзіліп, тіс эмалін бұзады. Тағы бір себеп – қыз-келіншектердің жүктілікті алдын ала жоспарламауы. Егер әйел ағзасында қажетті дәрумен мөлшері жеткіліксіз болса, ол әлсіз күйде болады. Сәйкесінше, құрсақтағы балаға да дәрумен жетіспейді. Жүкті әйелдердің басым көпшілігінде темір жеткіліксіздігі байқалады. Сондықтан бала сүюді жоспарлап жүрген жұптарға үлкен дайындықпен келуге кеңес беремін, — дейді Ажар Ғалымқызы.
Дәрігер бала ағзасында қандай дәрумен жеткіліксіз екенін ата-анасы бақылай алатынын айтады. Егер бала әлсіз, тамаққа тәбеті болмай, еттен мүлдем бас тартса, ағзасында темір жетіспеушілігі бар. Бұдан бөлек, нәрестені әрбір жарты жыл сайын педиатр қабылдауына әкеліп, бала жағдайын бақылаған жөн.
Бұрындары ата-аналар бала тісін емдеу мәселесіне алаңдамаған. Өйткені ұл-қыздарында 18-20 жасқа толғанға дейін тіс ауруы мазаламаған. Қазір 1 жасқа толған балада сау тіс табылмай жатады. Бұған не себеп? Көптің көкейінде жүрген сұрақты да дәрігерге қойдық.
— Өз басым алғаш рет тісімді 20 жасымда емдеттім. Біздің уақытта ішетін тағам құнарлы әрі табиғи болды. Қазіргі балаларға барлық тәтті қолжетімді, таңдау көп. Ата-аналар да баланың бетін қақпай, қалағанын сатып әпереді. Біздің бала күнімізде кәмпит, печенье деген қарапайым тәттілер қолжетімсіз еді. Тіпті, ол уақыттағы қолдан пісірілген сүт, ірімшік ағзадағы кальций дәруменін молай-татын. Ал қазіргі дүкен сөреле-ріндегі сүт пен ірімшіктің қалай өндірілгенін білмейміз. Бұдан бөлек, қазіргі экология нашар, — дейді дәрігер.
Севоранды қолданудың талабы бар
Өткен жылдың соңында елімізде қайғылы жағдай тіркелген болатын. Астанада стоматолог 3 жастағы қыз баланың тісін ұзақ уақытқа ұйықтатып емдеген. Бала анестезиядан кейін оянбай, көз жұмған. Стоматолог баланың 18 тісін бірден емдемек болған.
Ажар Ғалымқызы клиникада севоран препаратын қолданудың өзіндік талабы мен тәртібі барын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, «One Dent» стоматологиясына дәрігер қабылдауына жазылған балалардың ата-анасына алдымен кеңес беріледі. Бұл ретте баланың тісі тексеріліп, рентген арқылы емдеу тәсілі белгіленеді.
— Ата-анамен бала тісін емдеудің жоспары бекітіледі. Ем-шара кезінде ауыратын тіске укол салынады немесе анестезиямен ұйықтату арқылы севоран препараты қолданылады. Ерекше күтімді қажет ететін балалар, қатты қорқатын, бір орында тыныш отыра алмайтын балалар болады. Мұндай жағдайда тіс севоран препараты арқылы емделеді. Егер бала тыныш әрі дәрігерден қорықпаса, тіске укол салып емдейміз. Бірақ балалар қандай препаратқа аллергия барын білу үшін сараптама тапсыруға міндетті, — дейді дәрігер.
Баланы ұйықтату арқылы бірнеше тісті емдеу әдісін таңдау үшін бала қажетті медициналық сараптамадан өтеді. Бұл ретте қан талдамасы, биохимия, коагулограмма сараптамаларын тапсырады. Сонымен қатар, жүректі ЭКГ құрылғысы арқылы тексертіп, ультрадыбыстық зерттеуден өткізуі керек. Егер бала бір ауру бойынша есепте тұрса немесе созылмалы ауруға шал-дықса, қосымша дәрігердің тексеруінен өтеді. Барлық сараптама жиналғаннан кейін севоран препаратын қабылдауға рұқсат беріледі.
Севоран арнайы наркоздық аппарат арқылы беріледі. Аппарат севофлуран газын дәл мөлшерде араластырып, маска арқылы балаға жібереді. Оның басты артықшылығы – баланы тез ұйықтатып, ауырсынуды сездірмейді. Баланың бұлшықеттерін босаңсытып, тез оятады.
Елімізде ұйықтату арқылы бір-неше тісті емдеудің құны орташа есеппен 300-500 мың теңгені құрайды.
— Ем-шара алдында анестезиолог ата-анаға емнің өту барысын, препараттың әсерін толық түсін-
діреді. Содан кейін бала ата-анасымен бірге ота жасау бөлмесіне кіреді. Емге анестезиолог, реаниматолог және стоматолог қатысады. Ота барысында реанимациялық жабдық толық дайындалып, баланың пульсі, дене қызуы, қан қысымы, сатурациясы тұрақты бақылауда болады. Ем барысында ата-аналар баланың жағдайын бақылап, сұрай алады. Тіс емдеу шарасы аяқталғаннан кейін анестезиолог баланы құрылғыдан босатып, ояну бөлмесіне апарады. Бала 10-15 минут ішінде оянып, есін тез жинайды. Бір сағаттың ішінде балада әлсіздік, бастың айналуы сынды белгілер болуы мүмкін. Осы уақыт ішінде ата-ана мен бала анестезиологтың бақылауында болады. Бала толығымен өзіне келгеннен кейін ғана үйге жіберіледі. Келесі күні дәрігерлер баланың ата-анасына хабарласып, жағдайын біледі. Ата-ана да баланың жағдайын кез келген уақытта дәрігерге жеткізе алады, — дейді А.Дартай.
Фтор мөлшері маңызды
Тісті емдеу бағасы тағы да тістің жағдайына толық байланысты. Тіс ауруын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқы сатыда тіс жегіне (кариес) зақым келуі мүмкін. Екінші сатыда тіс одан әрі шіріп, нервті зақымдайды. Бұл жағдайларда тісті емдеу керек. Егер ем қолданылмаса, тістегі нерв те бұзылып, іріңдей бастайды. Ауыз қуысына түскен ас жағдайды ушықтырады. Бұл – үшінші саты. Сондықтан баланың тісі мазалаған сәтте дәрігерге уақытылы қаралу қаражатты да үнемдейді.
Стоматологтар бала тісін емдеу кезінде пломба қолданады. Көптің көкөйінде «Түсіп, қайта шығатын тіске оның не қажеті бар?» деген сауал туындайды. Маманға бұл сұрақты да қойдық.
— Баланың ауыз қуысында 20 тіс болады. Әрқайсысының шығу уақыты бар. Мәселен, 6 айлық балада алдымен сүт тістері шығады. Бұл үрдіс 2 жасқа дейін жалғасады. Ал тұрақты тістері тек 6 жаста шығады. 1,5-2 жаста шығатын азу тістер түсіп қалған кезде тек 9-12 жас аралығында қайта шығады. Сондықтан тісті емдеу кезінде жағдайына байланысты пломба, коронкалар салынады. Стоматологқа тісті жұлғаннан гөрі сақтап қалған маңызды, — дейді дәрігер.
Ажар Ғалымқызы бір күнде 15-20 баланы қабылдайды. Дәрігер балалардың ата-анасына жұмсақ тіс щеткасын пайдалануға кеңес береді. Тіс щеткасы тіс тіндерін зақымдамауы тиіс. Ал 3 жасқа толмаған балалар құрамында фтор жоқ тіс пастасын қолдануы керек. Өйткені, фтор тіс эмалін бұзады. Тіс пастасының құрамы таза, фтор мөлшері 1000-1500-ден көп болмауы тиіс. Жалбыз дәмінен басқа тәтті дәмдегі пасталарды таңдаған жөн. Бұдан бөлек, дәріханаларда тіс жууға арналған майлықтар да сатылады. Дәрігер ата-аналар қауымынан бала тісін дұрыс күтіп, құнарлы тамақ беруге кеңес береді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
