Түрлі аталымға ие болмақ

Шіл 10, 2025

Бүгінгі таңда ел жастарының дамуына мүмкіндік зор. Әр саланы жетік меңгеріп, қоғамдық өмірге белсене атсалысатындар мемлекет тарапынан өткізілетін байқауларда бақ сынап, мәртебесін көтере алады. Солардың бірі —  «Jas Kenes Sıylıqı». Аталмыш сыйлық еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінің негізгі салаларында өзін таныта білген жас мамандарға табысталады.

Байқаудағы аталымдар жөніндегі толық ақпаратпен Қазақстан Республикасы Прези-дентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, «Келешек» жастар кеңесінің басшысы  Гүлзира Атабаева брифинг барысында бөлісті.

«Jas Kenes Sıylıqı» — Қазақстан  Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен 2024 жылы құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы. Биыл байқауға жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустриялар және атом өнеркәсібі саласының өкілдері сияқты жаңа мамандықтар енгізілді. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 7-ден 10 аталымға  дейін артқан.

– Арамызда күн сайын қоғамға үлес қосып жүрген жастар көп. Олардың қатарында полицейлер, дәрігерлер, мұғалімдер, құтқа-рушылар, еріктілер, ғалымдар және коммуналдық, өндіріс салаларында еңбек ететін мамандар бар. Олардың атқарып жатқан еңбектерінің арқасында өміріміз қолайлы деп айтуға болады. Осы саладағы жас мамандар бақтарын
сынап, жеңімпаз атану мүмкіндігіне ие,  – деді Гүлзира Атабаева.

ҚР Ішкі істер органдары мен қарулы күштеріне «Жанқиярлық», орта және кіші медицина дәрігерлеріне «Алтын жүрек», өңдеу өнеркәсібі, тау-кен-металлургия кешеніне «Өнеркәсіп», әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге «Болашақ туралы қамқорлық», білім саласындағы мамандарға «Білім және ғылым», азаматтық қорғаныс жүйесіне «Қайсар», жұмысшы мамандық өкілдеріне «Алтын қол», энергетика саласына «Жарық», ауылшаруашылық саласына «Өркен», ақпараттық-коммуникациялық технологияларға «Өрлеу» аталымдары осындай жан-жақты салада қызмет ететін  беделді мамандарға табысталады.

Байқауға Қазақстан Республикасының 35 жасқа толмаған азаматтары қатыса алады. Өтінімді 2025 жылғы 20 шілдеге дейін https://www.jas-kenes.kz/application сайтында беруге болады.

Іріктеу үш кезеңнен тұрады. Оның қорытындысы бойынша әр аталымнан 2 жеңімпаз, барлығы 20 жеңімпаз анықталады. Байқаудың жүлде қоры – 20 миллион теңге, яғни әр жеңімпазға 1 миллион теңге беріледі. Сыйлықтың бас серіктесі және демеушісі – «Brave  Talents» компаниясы. Қатысушыларға  сәттілік тілейміз!

Салтанат ҒАББАС.