16-17 тамыз күндері облыс орталығы мен Баянауыл ауданында белгілі ғалым, академик, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтпек. Сонымен қатар, бұл күндері Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан және Шәкен Аймановтың мерейтойларына арналған ауқымды шаралар ұйымдастырылады.

Биыл Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келген бірқатар таутұлғаның мерейтойы ауқымды түрде атап өтіледі. Олардың қатарында геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын бөле-жара айтуға болады. Академиктің мерейлі жасына арналған шаралар легі облыс орта-лығында басталып, туған жері – Баянауыл ауданында жалғасын таппақ. Алдымен Павлодар қаласындағы академик ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, «Достық үйінде» республикалық ғылыми–тәжіри-белік конференция, Қ.Сәтбаев халықаралық қоры дайындаған кітаптың тұсаукесері өтеді. Түстен кейін шаралар Баянауыл ауданына ауысып, мұнда республикалық ақындар айтысының бірінші айналымы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Мұса Шорман  ауылында ғалымның туған жеріне зиярат ету, Лекер ауылының маңында, Ж.Аймауытов ашқан «Мәдени кіндік»  ауылының орнына белгітас қою жоспарланған. Ал кешкі уақытта этноауылда «Қаныш» фильмінің көрсетілімі өтеді.

— 17 тамыз күні мерейтойлық шаралар Баянауыл ауылы С.Торай-ғыров атындағы аудандық мәдениет үйінде Амантай Құдабаевтың,   Тұрсын Жұртбайдың Әлкей Марғұлан туралы  және Сайлау Байбосынның Жүсіпбек Аймауытовқа арналған кітаптарының тұсаукесері, Амантай Құдабаевтың «Сұңғыла» атты естеліктерінің және Аспанбек Шұғатаевтың «Qanyshname» кітабының таныстырылымдары өтеді. Мойылды шатқа-лындағы Қаныш Сәтбаев этноауылында ортаазиялық халықаралық қолөнершілердің жәрмеңкесі, павлодарлық суретшілердің көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жиналған қауым киіз үйлерде Қаныш Сәтбаевқа, Жүсіпбек Аймауытовқа, Әлкей Марғұланға, Шәкен Аймановқа арналған көрмелердің жұмысымен таныса алады, — дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.

Мойылды шатқалындағы этноауылда барлығы 100-ге жуық киіз үй тігу ойластырылып отыр. Мерейтойдың салтанатты бөлігі де осында өтеді. Шара барысында көпшілік қауым назарына отандық эстрада өкілдері Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, Еркін Нұржанов, Ернар Айдар және жергілікті «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы, аудан-қала өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылмақ. Басты сахнада сөз зергерлері бас қосатын республикалық айтыстың ақтық сыны да өтеді. Сонымен қатар, мерейтой аясында қазақша күрес, көкпар, бәйге сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады.

Облыстың барлық тұрғынын тұлғалардың айтулы мерейтойына арналған кең көлемдегі шараларды тамашалауға әрі жарыстарға қатысуға шақырамыз!

Айдана БОРАНБАЕВА.