Осыдан бірнеше жыл бұрын зейнетақы шотындағы қаржысы жеткілікті шек деңгейінен асатын тұрғындарға артық соманы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға рұқсат етілген. Бұған қаржы мониторингі агенттігі анықтаған күмәнді схемалар себеп. Біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен алынған үйлердің бірнеше рет түрлі адамдардың атына сатылған жағдайлар анықталған. Сондықтан сатылым уақытын шектеу қажет деген ой туындап отыр.
Аталмыш ұсыныс орынды ма? Көпшілікті толғандырған мәселені «Алаң» талқысына салып көрдік.
Маханбет АМАНГЕЛДІ, облыстық мәслихат депутаты:
– Қазақстанда зейнетақы жинақтары есебінен сатып алынған тұрғын үйді сатуға шектеу қою ұсынысының оң және кері тұстары да бар. Иә, бастапқыда зейнетақы жинағын қолдану әрекеті халық жағдайын жақсартуға бағытталды. Ел азаматтары бүгінде қымбат емдеулердің бірі – тіс емдеу мәселесін шешіп, денсаулықтарын нығайтты. Ал жас отбасылар пәтер жалдамай, алғашқы шаңырақтарына қол жеткізіп, отбасы берекесін арттырды. Егер аталмыш ұсыныс іске асатын болса, осы күнге дейін зейнетақы жинағын қолданып үлгермеген көмекке мұқтаж жандар осындай заңсыз әрекет еткен алаяқтардың кесірінен қалаған арманына жете алмайды. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын зейнетақы жинағы арқылы бір бөлмелі пәтер алған, бүгінде бірнеше балалы болған жас отбасы тұрғын үйлерін кеңейтуді қаласа, 3-4 жыл күтуге мәжбүр. Яғни, бұл шектеу оңтайлы емес. Бұл ретте керісінше халыққа барынша әлеуметтік қолдау көрсеткен жөн. Ал алаяқтық танытқан азаматтарды заң бойынша қатаң жазалап, мұндай істің алдын алу керек.
Асқар БАХРАЛИНОВ, заңгер:
– Иә, шынымен бұдан бірнеше жыл бұрын зейнетақы жинағы арқылы пәтер алу мүмкіндігі берілген еді. Бұл елдің азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсету негізінде жасалған. Алайда арам пиғылды адамдар алаяқтық әрекеттерді қолданып, туған-туыстары арасында пәтерді бірнеше рет сатқан жағдайлар жиі кездесе бастады. Өкінішке қарай, мұндай істі қазақстандықтардың көбі әдетке айналдырған. Осы орайда зейнетақы жинақтарына сатып алған тұрғын үйді бес жылға дейін сатуға тыйым салу ұсынысын құптаймын. Неге десеңіз, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды бұрмалау арқылы алаяқтық іс-әрекеттерді тоқтатқан жөн. Бұл істі терең зерттеп, қатаң тексеру қажет. Аталмыш ұсыныс іске асса, зейнетақы жинағы арқылы тұрғын үй сатып алу мүмкіндігінің әлеуметтік маңыздылығының артуына ықпал етері анық. Әрине, бұл жағдайда Конституцияға байланысты қайшылық та туындауы мүмкін. Себебі, пәтер сатып алу тарапынан қиындыққа тап болу тәуекелі бар. Дегенмен, меншік құқығын шектеуіне әсер етпейді. Демек, тұрғын үйді сату кезінде ғана шектеу болады. Бұл алаяқтық әрекеттердің алдын алудың ұтымды жолы деп ойлаймын.
Анар ЕРКЕШЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Өз басым зейнетақы жинағы арқылы баспаналы болдым. Бұл біз сияқты талай отбасының арманының орындалуына ықпал етті. Алайда пәтерді сатуға қатысты шектеу туралы жаңалық көңілімнен шықпағаны рас. Балаларымыздың болашағының жарқын болуына жолдасым екеуіміз аянбай еңбек етіп келеміз. Егер мемлекет тарапынан шектеу саны көбейсе, жағдайымыз қиын болары сөзсіз. Алдағы 2-3 жылда талай жағдай өзгеруі мүмкін. Жақын арада ата-енемді қолға алып, бір шаңырақ астында тұру ойда бар. Ал біржолғы зейнетақы төлемі бойынша алынған пәтерлерді сатуға шектеу қойылса, қиналып қалуымыз мүмкін. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған бұл өзгеріс біз сияқты отбасыларға оңай болмасы анық. Ал алаяқтардың әрекеті қатаң тексеріліп, заңды түрде жазалануы керек. Алайда олардың кесірінен өзге азаматтар зардап шекпегені абзал.
«Алаңды» үйлестірген – Салтанат ҒАББАС.
