Облыс тұрғындарының тұтынушылық мәдениеті артып келеді. Биыл өңір тұрғындарынан 600-ден астам өтініш түскен. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай көп.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев облыстың тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің қызметі туралы баяндады.

— Биыл өңір тұрғындарынан 615 өтініш түсті. Бұл тұтынушылар мәдениетінің артқанын көрсетеді. Өтініштердің басым көпшілігі жазбаша, сондай-ақ, телефон арқылы түседі. Атап айтқанда, бөлшек сауда саласына қатысты 412 өтініш, тұрмыстық қызметтерге қатысты 97 шағым түскен. Оларды қарау нәтижесінде тұтынушыларға 20 миллион теңге қайтарылды, — дейді Дәулен Қабдушев. Биыл аталмыш саладағы мемлекеттік бақылау қызметі сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүктелген. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына қойылатын үстеменің межеден асып кетпеуіне баса назар аударылады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түрінің бағасы заңмен реттеледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне I сұрыпты бидай ұны, I сұрыпты ұннан жасалған бидай наны, қарақұмық жармасы, ұнтақталған күріш, картоп, сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, макарон өнімдері, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, жұмсақ қаптамадағы 2,5 пайыздық пастерленген сүт пен сүт, айран, сары май, тауық жұмыртқасы (І санат), ас тұзы, 5-9 пайыздық сүзбе енеді. Әр тауарға қойылатын нақты талап белгіленген.

— Нан әлеуметтік болып саналуы үшін ол міндетті түрде формалық және бірінші сұрыптағы ұннан пісірілуі керек, қарақұмық, макарон өнімдері – таразыланған, күріш домалақ дәнді, тұздың «Экстрадан» басқасы болуы тиіс. Әлеуметтік сиыр және тауық еттеріне қойылатын талап та қатаң сақталуы тиіс, — деді Дәулен Қабдушев. Шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге қойылған мораторийге байланысты департамент қызметкерлері сауда нүктелерін кез келген уақытта себепсіз аралай алмайды. Ол үшін негіздеме талап етіледі. Бұл ретте тұрғындар өтініші жеткілікті. Оған қоса түбіртек, баға көрсеткішінің фотосы мен дүкен мекенжайын қоса көрсету қажет. Тұтынушы бағаның негізсіз көтерілгенін сол тауардың басқа дүкендегі бағасын көрсету арқылы дәлелдей алады. Биыл тұтынушылар құқығын қорғау департаменті бағаны негізсіз көтерді деген күдікпен сауда орындарында 25 тексеру өткізіп, 15 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Осындай шағымдары бар тұрғындар Генерал Дүйсенов көшесі, 9-үй мекенжа-йында орналасқан департаментке арнайы келе және 55-10-70 телефоны арқылы кеңес ала алады. Өтініштер eOtinish.kz порталында немесе департамент ғимаратында қабылданады.

 

Т.ӘБІЛДА.