Тұтынушы көңілі неге толмайды?

Ақп 6, 2025

Елімізде коммуналдық қызмет, қоғамдық және теміржол көлігі саласындағы қызметтің сапасын арттыру мақсатында талдамалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде облыс тұрғындарының басым бөлігінің бұл бағыттардағы қызметке көңілі толмайтыны байқалды. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан кей азаматтардың құқықтарын тиісті деңгейде білмейтіні көрінді.

Аталмыш әлеуметтік және талдамалық зерттеу ҚР Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушы құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша еліміздің 20 облыс-қаласында жүргізілген. Павлодар облысының респонденттері түрлі саладағы қызметтің сапасына көңілі толмайтынын айтты. Тұрғындардың 62 пайызы қоғамдық көлік және 49 пайызы теміржол қызметінің сапасына қанағаттанбайтыны осыған дәлел.

Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында атап өткендей, халықтың әсіресе коммуналдық қызмет көрсетушілеріне наразылығы көп. Олардың 44 пайызы ғана электр энергиясының сапасына риза. Ал қалған бөлігі коммнуналдық қызмет саласында олқылықтың көп екенін алға тартқан. Респонденттердің тағы 68 пайызы «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын қолдайды. Бұл жоба тұтынушыларды сапасыз өнімдерден қорғау мен отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Айта кетейік, зерттеуге республика бойынша 10 мың адам қатысқан. Оның қатарында Павлодар қаласынан 500, ауыл-аймақтан 100 адам бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта тұтынушылардың құқықтарына қатысты білімін жетілдіру мақсатында жобалар қарастырылады.

Салтанат ҒАББАС.