Қара базарда да, жылтыраған сауда үйінде де, одан бөлек сан алуан қызмет көрсету орындарында да тұтынышы құқығы жиі тапталатыны белгілі. Мәселен, өткен жылы аймағымызда тұтынушылар тарапынан 923 өтініш келіп түссе, осы жылы 1 469 оқиға тіркелген. Бұдан көрсеткіштің 1,5 есе өскенін байқауға болады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдышев мәлім етті.

Дәулен Данатұлының сөзінше, облыста бөлшек саудада (48,5 пайыз), электрондық саудада (18 пайыз), тұрмыстық қызметтер саласында
(18.4 пайыз) тұтынушылардың құқық-тары жиі бұзылады. Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша барлығы 60 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.

— Департамент осы жылдың өткен кезеңінде 51 сауда-саттықпен айналысатын мекемеге барып тексеріс жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 27 құқық бұзушылық анықталды. Оларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Сондай оқиғалардың бірі Павлодар қалалық ірі дүкендерінің бірінде орын алды. Тұтынушы 2,2 пайыздық айранда бағасы 347 теңге деп көрсетілгенін айтады. Алайда касса қызметкері аталған тауарға 375 теңгелік соманың чегін ұсынған. Баға айырмашылығы 28 теңгені құраған. Келіп түскен өтініштің негізінде Департамент дүкенге жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесі бойынша сауда желісіне ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 193-бабының 5-бөлігі бойынша 30 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Сонымен қатар, Департамент бұзушылықты жою туралы ұйғарым берді, — дейді Д.Қабдышев.

Ішкі сауданың жаңа қағидаларына сәйкес, сатылатын тауарларға және көрсетілетін қызметтерге арналған сыйлық сертификаттары (қолданылу мерзімі мен шарттарын сатушы белгілейтін, тегін негізде тарататын сертификаттарды қоспағанда) қолданылу мерзімі үш жылға дейін болады.

Сыйлық сертификатын ішінара пайдаланған жағдайда сома қалдығы бар сыйлық сертификаты үш жылдық қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өз қолданысын жалғастырады немесе сыйлық сертификаты сомасының қалдығы сыйлық сертификатын ұсынушының талабы бойынша ол көрсеткен деректемелерге қайтарылады. Бұл норма сатушы тегін негізде тарататын сертификаттарды қамтымайды, олардың қолданылу мерзімі мен шарттарын сатушы белгілейді.

Мәселен, Департамент 200 мың теңгеден астам сомаға 3 сыйлық сертификаты үшін ақшалай қара-жатты қайтару мәселесі бойынша сатушыларға шағым жасауға көмек көрсетті. Нәтижесінде ақшалай қаражат тұтынушыларға толық көлемде қайтарылды.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.