Ақсу өңірінде дүниеге келген Гүлсара Бейсенбенова бала кезінен кәсіпорындардың бірінде технолог болып қызмет атқаруды армандайды. Осы арман оған мақсатқа берік болуға, әр қадамын саналы түрде жоспарлауға және табандылықпен алға жылжуға күш берді. Сөйтіп, сол арманның жетегімен Павлодар қалалық политех-никалық колледжінде «Түсті металдар технологы» мамандығын игереді. Ал одан кейінгі еңбек жолы оның шыдамдылығы мен кәсіби шеберлігін айқын көрсетті.
Студенттік жылдары-ақ өндірістің қыр-сырын көріп, тәжірибе жинаған Гүлсара «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытында екі мәрте өндірістік тәжірибеден өтеді. Сол уақыт аралығында таңдаған мамандығының оңай еместігін, әрі жауапкершілік пен төзімділікті талап ететінін түсінді. Бірақ бала кезінен аңсаған арманына берік болған жас маман бұл жолдан тайған жоқ. Бір жылдан кейін ол сол кәсіпорынға тұрақты жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастады.
Алғашқы еңбек баспалдағы гидрометаллургия цехының жуу торабы болды. Мұнда өндірістің ішкі ырғағына бейімделіп, тәжірибе жинады. Кейін қосалқы оператор қызметін атқарып, 2018 жылдан бастап зауыттың гидрометаллургия цехының екінші телімінің аппаратшы — гидрометаллургы ретінде еңбек етіп келеді.
– Өндірістік тәжірибеден өту барысында бұл саланың қаншалықты күрделі екенін түсіндім. Дегенмен, өз қалауыммен таңдаған мамандығым болған соң, осы салада қалуды жөн санадым. Бүгінге дейін осы салада еңбек етіп келе жатқаныма еш өкінген емеспін. Бастысы, төзімділік пен шыдамдылық қажет, – дейді ол.
Бүгінде Гүлсара Әшімқызы бір кәсіпорында 20 жылдан астам уақыт аянбай еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде өз ісінің нағыз шеберіне айналып, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжіри-бесімен бөлісуде. Ал әріптестері оның жауапкершілігін, ұқыптылығын және еңбекке деген адалдығын жоғары бағалайды.
Кейіпкеріміздің жеке өмірі де еңбек жолымен тығыз байланысты. Болашақ жары екеуі бір ұжымда жұмыс істеп жүріп танысып, тағдырларын тоғыстырған. Ортақ мақсат пен өзара түсіністік олардың шаңырағын одан әрі бекемдеді.
Қазіргі таңда ол – үш баланың аяулы анасы. Қызметтегі жауапкершілік пен отбасындағы жылылықты үйлестіре білген жанның басты байлығы – жақындарының қолдауы.
– Отбасы – менің күш-қуатымның қайнар көзі. Жақындарымның сенімі мен қолдауы болмаса, ешбір жетістікке жете алмас едім, – дейді Гүлсара Әшімқызы.
Айдана БОРАНБАЕВА.
