Ақсу қаласының тұрғыны Асқар Шакетов – 30 жылдан астам уақыт бойы трактор тізгіндеп жүрген білікті маман. Қысқы уақытта саябақтар, жағалау аумағы сынды көпшілік жиналатын орындарды, көшелерді қардан тазаласа, жазда абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Осындай азаматтардың тынымсыз еңбегінің арқасында қаланың көркі кіріп, ажары ашылады.
Асқар Әділбекұлы – Қызылорда облысының тумасы. Бала кезден әкесіне, ағаларына қарап бой түзеп, техникаға қызығып өсті. Сондықтан 1989 жылы мектепті тәмамдаған соң бірден кәсіптік-техникалық училищеге «Кең көлемді тракторист-машинист» мамандығы бойынша оқуға түсті. 1992 жылы оны үздік бітіріп, бірден шаруа қожалығының жұмысына араласты. 30 жылдан астам уақыт бойы жергілікті шаруашылықтардағы арнайы тракторларды жүргізіп, агроөнеркәсіптік кешен саласында еңбек етті. Ал 2022 жылы жұмыс күші көп оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстікке көшіру бағдарламасы аясында Ақсу қаласына қоныс аударды.
— Отбасымызбен мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп келеміз. Алдымен ұлым «Серпін» бағдарламасы аясында Павлодар облысына жол тартып, Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжіне оқуға түсті. Бұл оқу орнында қалаған мамандығын меңгеріп, жұмысқа орналасып, шаңырақ көтерді. Кейін қызым мен күйеу балам да Ақсуға қоныс аударуға бел байлап, көшіп келеді. Ұл-қызымның соңынан екі баламмен бірге мен де келдім. Осылайша, барлығымыз Ақсу қаласының тұрғындары атандық. Жергілікті билік келе сала жағдайымызды жасап берді. Әкімдік тарапынан жер үй берілді. Бүгінде ай сайын жалдау ақысын төлеп келеміз. Бес жылдан соң толығымен сатып алуға құқығымыз бар. Сол тұста көп жылғы еңбек өтілім ескеріліп, «Ақсусервис» коммуналдық мекемесінен жұмыс та ұсынылды. Сөйтіп, 2023 жылдан бастап аталмыш мекемеде трактор жүргізушісі болып жұмыс істеп келемін, — дейді Асқар Шакетов.
Бүгінде Асқар Әділбекұлы әріптестерімен бірге шағын шаһардың тазалығына жауапты. Көпшілік жиналатын орындар аумағынан, көшелер, саябақтардан қарды полигонға шығарады. Жазғы уақытта бұталарды реттеп, тал кесіп, қаланың көрікті болуына үлесін қосады.
— Әріптестерім «Солтүстіктің сақылдаған сары аязы, үйіліп қалатын аппақ қары таңсық шығар» деп қалжыңдайды. Десе де, оңтүстікте де қар түседі. Әсіресе, бала кезімде Қызылорда облысының мен туған Сырдария ауданында қар мол жауып, қалың болып жататыны есімде. Сондықтан солтүстіктің климатына үйрену мен үшін ауыртпалық салған жоқ. Тұрғындары да жылы шырай танытып қарсы алды, — дейді ақсулық азамат.
Осы орайда тәжірибелі тракторшы бұл салаға жастарды тартудың жолдарын да атап өтті. Айтуынша, осы жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп аталуы тегін емес. Бұл – жастарды ынталандыратын, білімді де білікті мамандардың жаңа буынын дайындайтын оңтайлы шақ.
— Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта трактор тізгіндеген жастар жоқтың қасы. Сондықтан техниканың «тілін» білетін, оны жүргізе алатын жастардың жаңа толқынын қалыптастыру керек. Оларды оқушы кезінен-ақ кәсіби бағдар аясында тракторшы жұмысымен етене таныстырып, осы салаға қызықтыра білсе құба-құп. Ал қолына диплом алған соң жас маманның жағдайы жасалса жақсы. Біз өз кезегімізде тәжірибемізбен бөлісіп, бар білген-түйгенімізді айтуға дайынбыз. Мен еңбек жолын бастаған уақытта тракторлар ескі, ыңғайсыз еді. Ол уақытта ішіндегі жүргізушіге емес, бірінші кезекте техниканың өзіне көп көңіл бөлінетін. Қазір жүргізушілерге де бар мүмкіндік қарастырылған. Кабина жылы әрі жайлы. Техника автоматты түрде басқарылады. Заманауи құралдармен қамтылған. Сондықтан оны жүргізудің өзі айтарлықтай ауырлық салмайды. Бұл ретте мамандыққа деген қызығушылық болса жеткілікті, — дейді Асқар Шакетов.
Иә, Асқар аға сынды еңбегіне адал, қызметіне жүрек қалауымен келген азаматтардың арқасында кейде көзге көріне бермейтін, бірақ ауқымды іс атқарылып жатыр. Қарапайым ғана жұмысшы қоғамға пайдасын тигізіп, қала тұрғындарының жайлы жағдайда жүріп-тұруы үшін еңбек етуде. Осындай жандардың тынымсыз қызметін бағалай алсақ болғаны.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.