Павлодарда екі күн бойы еліміздің Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдеріне коммуникациялық үрдістер жөнінде дәрістер берілді. Семинар  «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қоғамдық келісім» ұйымының қолдауымен өтті.

Семинардың мақсаты – қатысушыларға коммуникация процесінің ерекшеліктерін түсінуге көмектесу, сондай-ақ әртүрлі этномәдени топтар өкілдерімен тиімді қарым-қатынас жасауға үйрету. Тренингке Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарынан, сондай-ақ Астана, Алматы қалаларының өкілдері қатысты. Оған спикер ретінде журналист, ҚР Президенті Академиясының оқытушысы, «Асыл сөйле»  шешендік курсының авторы Салтанат Оңғар және Қазақстан Ұйғыр жастары одағының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев шақырылды. Спикердің бірі Салтанат Оңғардың сөзінше, әр сала қызметкерімен тіл табыса алуымыз қажет. Мұның әр сала өкіліне қатысы бар.

— Біз жаңа тенденцияларды түсіндіреміз. Яғни, дауыс шығару, вербалды емес коммуникацияларды және өзін-өзі таныстыру әдістерін көрсетуді көздейміз. Кейде біз, тіпті сөйлеген кезде қолымызды қайда қоятынымызды, қалай тұру және қалай қозғалу керектігін, ненің мүмкін, ненің болмайтынын білмейміз. Осы анықтамаларды қатысушыларға семинар барысында түсіндірдік, — дейді С.Оңғар. Семинар барысында сөз болған тақырыпты Солтүстік Қазақстан облыстық «Радзима» беларус мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мария Татаренко өзекті деп санайды.

— Мен үшін бұл — практикалық өзара әрекеттесу дағдыларын алуға және әріптестермен кездесуге себеп. Павлодарда алғаш рет осыдан он жыл бұрын болғанмын. «Достық үйінің» тыныс-тіршілігімен және жергілікті этномәдени орталықтарды араладым. Семинар өз деңгейінен жоғары өтті, — дейді ол. Шараға қатысушылардың бірі — 78 жастағы «Айша бибі» қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы және аттас фольклорлық ансамбльдің жетекшісі Айман Боқпасарова. Ол Семейден Павлодарға арнайы келген. Бұл мәдени бірлестік қазақ халқының сәндік, халықтық қолданбалы өнерін насихаттайды.

— Тренинг барысында қоғам алдында сөйлеу, өз-өзінді ұстау секілді тақырыптар қозғалды. Аталмыш жиында айтылған пайдалы кеңестер мен ұсыныстар Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне ғана емес, күллі қазақстандыққа қажет деп санаймын. Ассамблея бұл тарапта кішкене болсын өз үлесін қосу мақсатында осындай игі шараларды ұйымдастыра береді деп сенемін, — дейді ол. Одан бөлек, қатысушылар екі күн аралығында Павлодар қаласының көрікті жерлерін аралап, экскурсия жасады.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.