Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады. Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалған.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатынан.
Қоғамдық тәртіпті сақтауда құқық қорғау органдарымен қатар жүріп, атқарған қызметтері көзге көріне бермейтін адал азаматтар – Ұлттық ұлан сарбаздары. 1992 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерінің құрылған күні. Кейін 2014 жылдың қаңтарында Ұлттық ұлан болып қайта құрылған. Бүгінде ел тыныштығына жауапты бір бөлімнің құрылғанына 33 жыл толып отыр.
Жалпы, әскери қызметтің абырой-беделін, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығының бірі. Бұл ретте Қарулы Күштерімізді технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізіле бастады. Бұл туралы таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбат барысында тілге тиек етті. — Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын «Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеремін» деген сөзден әскери өмірдің қатаңдығын айқын аңғаруға болады, — деді Президент.
Өр рухты оғландарды жинап, темірдей тәртіпке үйреткен сондай әскери бөлімдердің бірі — облысымыздағы ҚР Ұлттық гвардиясының №5512 әскери бөлімі. Мұнда 300-ден астам сарбаз қызметін өтеуде.
Сарбаздар қоғам алдында маңызды мемлекеттік обьектілерді және арнайы жүктерді күзету, ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қорғау, сотталған әйелдер мен кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің қылмыстық атқару мекемелерін күзетуге жауап береді. Бұған қоса, жазасын өтеушілердің мінез-құлқын бақылауды, оларды алып жүру міндеттерін және Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс міндеттерін орындайды. Кейде қауіпті қылмыстық іс-әрекеттерде қосымша күш ретінде де қатарға тізіледі.
Аға лейтенант, рота командирінің тәрбие және құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Райымбек Мұхтар әскерилердің қызметімен таныстырды.
— Өткен жылы бірнеше рет құқық қорғау қызметтерімен бірлесіп, жоғалып кеткен азаматтарды бірлесіп іздестіру жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Сондай-ақ, жауынгерлер мәдени іс-шараларда қоғамдық тәртіптерге жауапты болды. Арнайы әскери казармада сарбаздар үшін жақсы жағдай жасалған. Олар үш мезгіл тамақ, маусымдық жылы киімдермен қамтамасыз етілген. Казарма жаңа болғандықтан мұндағы жылыту желісі де жақсы жұмыс істейді, — деді ол.
Әскери жаттығулардан бөлек жауынгерлердің біліміне де көңіл бөлінеді. Күніне алты сағат қоғамдық тәртіпті күзету, қарумен жұмыс жасау, саптық тәртіп бойынша теориялық білім беріледі. Жаңадан келген лейтенанттар үшін арнайы психолог мамандар да жұмыс істейді. Аталған әскери бөлімге еліміздің әр өңірінен жас сарбаздар жиналған. Олар қазіргі таңда қызмет мерзімінің ортасына келді. Соның бірі — қатардағы жауынгер Заманбек Дүйсенәлі.
— Қостанай облысы Рудный қаласынан боламын. 7 ай уақытта біраз әскери дағдыларды меңгердім. Ұлттық ұлан сабында қызмет ету түрлілігімен ерекше деп ойлаймын. Себебі, қоғаммен тікелей байланыста болғандықтан, әр кезекшілікте түрлі жағдай орын алады. Мен үшін ең қауіпті болған тапсырма — іздеуге шығу. Кейде жұмысымыз сәтті аяқталып, бір отбасының қуанышына себепкер боламыз. Ал, керісінше болған жағдайда психологиялық тұрғыдан да дайын болуымыз керек болады, — дейді жауынгер.
Иә, қоғамдық өмірмен біте қайнасып, жаздың аптап ыстығы мен қыстың аязында күш-жігерін ел игілігіне жұмсап жүрген батырлардың жұмысы оңай еместігін түсіндік. Қиын тапсырмалардан соң командирлердің рухани қолдауы, физикалық жаттығулар оларға демеу болатын көрінеді. Ал, жаңадан келгендер үшін арнайы командирлер тағайындалып, олардың тәртіпке дағдылануы қатаң қадағаланады. Бұл туралы жас сарбаздарды тәрбиелеу, оқыту бойынша құрылған оқу пунктінің басшысы Олжас Жүнісов толығырақ тарқатты.
— Жас сарбаздарды тәрбиелеу — біздің маңызды жұмыстарымыздың бірі. Себебі, олардың толық әскери өмірге үйренуі қызметті алып жүрулері үшін маңызды. Павлодарға еліміздің алты облысынан 15 желтоқсаннан бастап жас сарбаздар шақыртылды. Қазіргі таңда олар бір айлық оқу курсынан өтуде. Курсты аяқтаған соң әскери ант қабылдайды. Басты міндетіміз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету болғандықтан, сарбаздарды (психологиялық, физикалық) жан-жақты дайындықтан өткізу керек. Оқу бағдарламаларына тоқталатын болсақ, әлемдегі саяси қақтығыстардың бәрін ескере отырып, заманауи талаптарға сәйкес командирлік және жауынгерлік дайындық бойынша сабақтар ұйымдастырылған. Әскерилер арасындағы тәртіп те жүйелі түрде қадағаланады. Олар бір жыл бойы қатаң бақылауда болады, — подполковник.
Ұлттық ұландықтарға берілетін мүмкіндіктер қатарында арнайы оқу гранттары бар. Жаңа талаптардың арқасында әскери борышын өтеген азаматтар арнайы білім грантының иегері бола алады. Ол арнайы «Sarbaz» атты бағдарлама арқылы жүзеге асады. Соның арқасында Отан алдындағы міндетін сәтті өтегендер өзі қалаған мамандыққа арнайы тестілеусіз оқуға түсе алады.
Ел тыныштығы ерлік пен тәртіпке негізделеді. Сол жолда жеке өмірінен елдің тағдырын жоғары қойған
жандардың бірі — осы ұландар. Олардың қызметі – Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі.
Сара АВДОЛ.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.
