Тәңірдің берген Тартуы

Жел 11, 2025

Тәуелсіздік – біздің ұрпаққа тәңірдің берген үлкен бақыты, халқы-мыздың мәңгілік құндылығы мен баға жетпес байлығы. Тәуелсіз ел болу дегеніміз – біздің бабаларымыздың өмірлік арманы мен мұраты, олардың ғасырлар бойғы күрес жолының нәтижесі һәм жеңісі. Міне, осы жеңісті күнмен қауышып, жеке шаңырақ көтеріп, босағамызды бекіткенімізге 35 жылға жуық уақыт болды.

Осы уақыт аралығында көрген барлық қызық-қуанышымыз бен сезінген бақытымыз және жинаған байлығымыздың соңында тұрған жалғыз құндылық бар. Ол – Тәуелсіздік! Қазақ баласына осы бақытқа 1991 жылдың 16 желтоқсанында жетуге нәсіп болған екен. КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Дәл сол күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Бұл біздің елдің жеке мемлекет болып шыққанын айғақтайтын ең бірінші және басты құжат еді. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайтып, жеке мемлекет ретінде мәртебесін арттыра түсті.

— Қазақстанның тәуелсіздік алуы үшін көптеген қадамдар мен шешімдер қабылданып, қарастырылды, енді осыларға тек қана елдің тәуелсіздігін декларация түрінде емес, шынайы түрде бекітетін заңдық сипат беру ғана қалды. Бұл міндет 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдаумен жүзеге асырылды. Конституциялық заң Қазақстан Республикасын өз территориясында өкімет билігін толық иемденген тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады. Конс-титуциялық заңда бекітілген экономикалық жүйе қаржы-несиелік, салық және кеден институттарын құрумен, 1993 жылы айналымға ұлттық валюта – теңгені енгізумен нығайтылды, — деп жазды заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Көбеев.

«ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңы  Қазақстанды дербес мемлекет ретінде құқықтық һәм құжат жүзінде әлемге айшықтаса, елдің аумақтық тұтастығы шекарамен шегеленді. Бұл жолда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  саяси әлеуеті мен бет-беделі маңызды рөл атқарды. Яғни, әлемде геосаяси жағдайдың уақыт өте келе күрделене беретінін алдын ала болжап, мемлекеттің шекара сызығын көршілес елдермен келісе отырып, ең күшті халықаралық шарттармен бекітті. Мұны еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктерінің біріне жатқызуға әбден болады.

Жалпы, Қазақстан аумағы бес мемлекетпен шектеседі: Қытай (1 783 км), Қырғызстан (1 257 км), Өзбекстан (2 351 км), Түркіменстан (458,3 км), Ресей (7 548 км). Ең соңғысы әлемдегі құрлықта шектескен ең ұзын шекара болып саналады. Қазақстан өзімен шектесетін аталған елдермен мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеуде байыпты саясат ұстанғаны талас тудырмайды. Мәселен, Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарамызды халықаралық-құқықтық ресімдеу үдерісінде делимитациялау туралы келіссөздер 1992-1998 жылдар аралығында өтіп, демаркация толығымен 2002 жылы аяқталды. Осының нәтижесінде, Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының өту сызығын және оның шекаралық белгілермен белгіленуін егжей-тегжейлі сипаттап берген халықаралық шарттар жасалды.

Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесі 2000-2002 жылдар аралығында өтсе, Қазақстан-Түрікменстан шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 2000-2001 жылдары жүргізілді. Ал Қазақстан-Қырғызстан шекарасын бекіту жөніндегі келіссөздер 1999 жылдың қарашасы мен 2001 жылдың желтоқсаны аралығында өтті. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын нақтылау үдерісі 1999 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың қаңтарына дейін жалғасты. Нәтижесінде, 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа екі елдің президенттері қол қойды. Осылайша, еліміз өзінің құрлықтағы шекарасын мықтап бекітті.

Тарихшылардың айтуынша, Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Америка Құрама Штаты, Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Түркия сынды елдер мойындады. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.

Тілеуберді САХАБА.