Облыс орталығындағы Затон шағын ауданында жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ағаштан салынған екіқабатты ескі үйлер әлі де бар. Баспаналар 2019 жылы апаттық болып танылғанымен, барар жері, басар тауы жоқ бірнеше отбасыға оларды паналаудан басқа амал болмай отыр. Осыдан бірнеше күн бұрын сондай ескі үйлердің бірінің төбесі құлап, тұрғындарға түн ортасында далада қалуға тура келді.
Бүгінде Генерал Дүйсенов көшесі, 383 мекенжайындағы екіқабатты ескі үйдің бірінші қабатында алты отбасы тұрады. Екінші қабаты толығымен бос. Қаңырап қалған пәтерлердің ішіндегі плиталар құлап, тұрғындарға қауіп төндіретіні бар. Жаңбыр болса, басқа түгілі бірінші қабаттың өзі су астында қалады. Мұнда бірнеше рет өрт болып, адамдар ажал құшқан кездер де болған. Қысқасы, ағаш үйден қауіп көп.
Таяуда тағы бір оқыс оқиға орын алды. Екінші қабаттың төбесі опырылып түсті. Бұдан секем алған тұрғындар бірден далаға шықты.
— Үйдің төбесінде жарық көп. Оларды өз күшімізбен жамап келеміз. Бірақ қатты жауынға бәрібір шыдас бермейді. Күні кеше екінші қабаттың төбесі біздің төбенің үстіне тарс етіп құлағанда жанымызды түйіп, далада қалуға мәжбүр болдық, — дейді аталмыш үйдің тұрғыны Галина Билюбаева.
Оқиға орнына дереу төтенше жағдайлар мамандары мен әкімдік өкілдері жетті. Тұрғындарға уақытша басқа баспаналар ұсынылды. Бірақ пәтер иелері көп ұзамай амал таусылып, тағы да апаттық үйге қайтып келуге тура келе ме деп күдіктенеді.
— 2019 жылы біздің үйді апаттық деп таныған кезде әкімдік уақытша басқа пәтерлерге көшірді. Төрт ай аралығында жалдау ақысын төлеп тұрды. Бірақ бірде ол сап тыйылды. Ал біздің жалдамалы пәтер ақысын қалтамыз көтере қойған жоқ. Қазір де ауыртпалық салады. Сол себепті апаттық баспанаға оралуға мәжбүр болдық, — дейді тағы бір тұрғын Айнаш Арқаева.
Бұл жолғы төтенше жағдайдан соң жергілікті билік тұрғындарды көшіру керек деген байламға келді. Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ескі үйдегі отбасыларға жатақханадан арнайы бөлмелер беріледі. Бірақ екі отбасы бірден бұл ұсыныстан бас тартқан көрінеді. Ал өзге шаңырақтарды көшіру жұмыстары басталды.
Айта кетейік, Затон шағын ауданындағы апаттық баспаналардың тұрғындарын көшіріп, оларға жаңа пәтерлер беру мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Қаланың қақ ортасында тұрып, өркениеттен ада қалған шағын аудандағы жұрттың жанайқайын біздің басылым да бұған дейін бірнеше рет билікке білдіріп еді. Алайда әкімдік жаңа баспаналар салуға дайын инвестор табылмай, түйткілдің тарқамайтынын алға тартады. Демек, ондаған отбасыға әлі де от жағып, орталықтандырылған инженерлік желілерсіз күн кешуге тура келетін түрі бар.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.