Облыс орталығында осыдан 30 жыл бұрын салынған көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы қақ жарылып тұрғанын бұған дейін бірнеше рет жазып, бұқараның базынасын билікке біздің басылым арқылы жеткізген болатынбыз. Төртқабатты баспанадағы пәтерлердің иелері бір күні төбе опырылып, үйінді астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр. Жұртшылықтың жан айқайына әкімдік назар аударып, төтенше жағдай жариялайтын болды.

Павлодар қаласындағы Центральная көшесі, 6 мекенжайындағы көппәтерлі баспананың қабырғасындағы жарықтар күн санап үлкейіп барады. Тамыз айында тұрғындар пәтер ішінде отырып-ақ, 3-5 сантиметрлік саңылаудан даланы көріп оытрса, енді бұл саңылаудың көлемі 10 сантиметрге дейін ұлғайды. Жанын шүберекке түйіп отырған адамдар құжаттарын қасына алып жататын болған. Себебі, түн ортасында үйдің қабырғалары құлап, төбесі опырылып түседі деген қауіп бар.

— Үйіміздің жағдайы ертеңгі күні қалай боларын ешкім білмейді. Баспананың қазіргі жайын талдауға кіріскен жоба авторлары да кепілдік бере алмайды. Отбасымыз, балаларымыз үшін қорқамыз. Бұдан басқа барар жеріміз болмағандықтан, апаттық пәтерімізді паналаудан басқа амалымыз болмай тұр, — дейді үйдің тұрғыны Илья Сенич. Бұған дейін 30-ға жуық пәтердің иелері өз «жыртықтарын» өздері жамап келді. Алайда қазіргі уақытта баспананы өз күштерімен қалпына келтіру мүлде мүмкін болмай тұр. Басқасын былай қойғанда, үйдің техникалық жағдайын көрсететін анықтаманы дайындайтын тәуелсіз компаниялар өз жұмысын 1,5 млн теңгеден 6 млн теңгеге дейін бағалады. Мұндай қомақты соманы тұрғындар жинап бере алмайтыны анық. Бұған дейін жергілікті әкімдік аталмыш баспанада басқарушы ұйым жоқтығын алға тартып, алдымен қарапайым серіктестік құруға кеңес берген-ді. Содан соң тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына қосу жоспарланды. Енді қала басшылығы бұл үйге қатысты төтенше жағдай жариялап, тұрғындарды мемлекеттік қордағы пәтерлерге уақытша көшіруді көздеп отыр. Кейін жаңа пәтерлер беру мәселесі шешілмек. Одан соң іргелес орналасқан №2 және 8 үйлерде де дәл осындай режим енгізіп, адамдарды басқа жерге қоныстандыру жайлы ой бар. Кейін бұл баспаналар сүріліп, оның орнына мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар салынуы әбден мүмкін.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.