Былтырдан бері Баянауыл ауданында, әсіресе соңғы уақытта туристер жиі баратын Торайғыр көлінің аумағында қарақұрттардың күрт көбейгені байқалады. Бұл жайт жергілікті тұрғындар, билік өкілдері мен туристерді алаңдата бастады. Сондықтан арнайы мамандар аталмыш мәселеге баса назар аударып отыр.
Жыл сайын Баянауыл ауданында демалушылар саны артып келеді. Өткен жылы мұндағы Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл көлдерінің жағасында 150 мыңнан астам демалушы тынықса, биыл барлығы 225 мың адам келеді деп күтілуде. Бірақ оларға қаптаған қарақұрт қиындық пен қолайсыздық тудыруы мүмкін.
Улы өрмекшінің бұл түрі Баянауыл аумағында былтыр бірінші рет байқалды. Сол тұста мамандар Торайғырдағы тау-тастың арасынан бірнеше қарақұртты тапқан еді. Алматыдан арнайы келген зоология институтының мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қауіпті жәндіктер еліміздің оңтүстік өңірлерінен түрлі жеміс-жидек, көкөністермен бірге келген деп топшылады. Сол тұста улы жәндіктің 1,5 мың жұмыртқасы мен 356 аналығы жойылған-ды.
Биыл қарақұрттардың қатары одан сайын көбейді. Торайғыр көлінің аумағындағы екі шақырымнан астам аумаққа жайылды. Жергілікті биліктің мәліметінше, жыл басынан бері аумақта қарақұрттың 523 жұмыртқасы, 124 аналығы жиналып, жойылды. Бұл жұмыстармен Баянауыл ұлттық табиғи паркі ғылым және мониторинг бөлімінің қызметкерлері, Жасыбай бөлімшесінің инспекторлары тұрақты түрде айналысып келеді. Торайғыр ауылдық әкімшілігі де өз аумақтарында қарақұрттың таралуына жол бермеу мақсатында жұмыстар өткізуге кірісіп жатыр.
— Сонымен қатар, тұрғындар мен демалушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әзірше адамдарды шағу фактісі тіркелген жоқ. Қарақұртты қолмен ұстауға болмайды. Табиғат аясында жабық аяқ киім киюге де кеңес береміз. Шағып алған жағдайда 2-3 минут ішінде шаққан жерді сіріңкемен күйдіріп, жедел жәрдем шақыру керек, — деп кеңес берді жергілікті билік өкілдері.
Бұл ретте Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев облыстық табиғи парк пен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, қарақұрттардың мекендейтін жерлерін қарады. Соның барысында Торайғыр көлінің бойындағы шөптер мен өсімдіктердің арасынан қарақұрт өрмекшілері, жұмыртқалары, қабықтары табылды. Кейін аудан басшысының төрағалығымен Баянауыл ауданының төтенше жағдайлар бөлімімен және төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия мүшелерімен бірлесіп, Торайғыр ауылының аума-ғында қарақұрт өрмекшілерінің таралуына қатысты кезектен тыс отырыс өтті. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылым бөлімінің қарақұрт-тарға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс-тары қаралып, өрмекшілердің одан әрі таралуы бойынша қандай болжамдар, оларды жою әдістері талқыланды. Ендігі ретте мәселені толығымен талдап, өрмекшілермен күрес бойынша жедел шаралар қабылдау үшін Торайғыр ауылында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау мәселесі қаралып жатыр.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.