Елімізде өткен аптада көп қабатты үйлердің бірінде қандала, тарақан сынды жәндіктерді белгісіз дәрімен уламақ болған тұрғынның әрекетінен көршісінің ұл-қызы уланып, өлім құшқаны көптің жағасын ұстатты. Қабырғаның ар жағында қай көршісінің қандай іспен айналысып жатқанын кім білсін?! Қазақстанда жәндіктерді улауды кез келген фирма жүргізе береді. Кейінгі кезде тұрғындар арнайы мамандарды шақырмақ түгілі, өздері «әккі» болуға тырысатын жағдайлар көбейген. Сондықтан, елімізде 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дезинсекциялау қызметін қайтадан лицензиялауды қолға алмақ. Осы мәселе жайында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Ақылбековамен тілдескен едік.
— Гүлнәр Бағадатқызы, соңғы кездері Қазақстандағы оқиғалардан хабардар боларсыз. Енді дезинсекция жұмыстарын жүргізетін фирмаларды лицензиялау қайтарылмақ. Осы ретте, Павлодар облысындағы жағдайды айтсаңыз.
— Алдымен, дезинсекцияның не екеніне қысқаша тоқтала кетсем. Бұл — адамды, жануарларды, ғимараттар мен белгілі бір аумақты қорғау мақсатында жәндіктер мен бунақ аяқтылардың көзін жоюға бағытталған шаралар кешені. ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 107-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу, таралуына жол бермеу мақсатында өз қаражаты есебінен дезинсекция жұмыстарын жүргізуге міндетті. Яғни, дезинсекция, дератизация шаралары мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай жасалуы тиіс. Облысымызда ахуал тұрақты.
— Аймағымызда дезинфекцияны кімдер жүргізеді? Кез келген фирма айналыса бере ме? Облысымызда қандаланың адамды шағу деректері қаншалықты жиі тіркеледі?
— Қазіргі таңда дезинсекциялау, дератизациялау жұмыстары бәсекелестік ортаға берілген. Бұл дегеніңіз аталған қызметті жеке бизнес субъектілері көрсетеді. Оны жүзеге асыру талаптары ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 29 шілдедегі бұйрығына сәйкес белгіленген. Улау жұмыстарына тартылатын мамандар әр 5 жыл сайын кәсіби даярлықтан өтеді. Жүктелген жұмыстарды қауіпсіз жүргізу, дезинфекциялық құралдардан уланған кезде дәрігерге дейін көрсетілетін көмек бойынша арнайы нұсқаулықтан өтеді. Айта кетейін, биыл облыста қандалаға талану деректері түскен жоқ.
— Дезинсекция жүргізуге лицензия беру тәртібіне тоқталсаңыз.
— 2022 жылдың 3 қарашасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация бойынша қызметтер көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызметінің ережелері белгіленген. Бұл ереже 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енбек. 2014 жылға дейін біздің департамент дезинфекция, дезинсекция, дератизация құралдары мен дәрілерін өндіруге, өңдеуге және сатуға, сонымен қатар, онымен байланысты барлық жұмыс пен қызмет түрлеріне лицензия беріп келді. Ал 2014 жылдың сәуірінде бұл қызмет тізімнен алынып тасталды. Елімізде бұл қызметтің қайта лицензиялануы өте маңызды деп санаймын. Адам өмірі қауіпсіздігі тұрғысынан бақылауда болғаны дұрыс.
— Лицензиясыз қызмет көрсеткендер қандай жауапқа тартылады?
— Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексте лицензиясыз қызмет көрсеткендерге қандай жаза берілетіні жазылған. Келесі жылы улаумен айналысатын фирмалар жаппай лицензиялануы тиіс. Ал олар рұқсатсыз улау жұмысын іске асырса, айыппұл арқалайды. Бұл жерде тұрғындар да өз еркімен үйдегі тарақан, қандаланы «қырып тастауға» әрекет етсе де, жауапқа тартылатынын есерткіміз келеді. Жеке тұлғаларға 15 АЕК көлемінде, шағын бизнес субъектілеріне 45 АЕК шамасында айыппұл салынады. Орта бизнес өкілдері
80 АЕК, ірі кәсіпкерлік иелері 150 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.