Photo Valeriy BUGAYEV

Бұрнағы күні «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодардағы филиалына жаңа әрі жайлы автобус табысталды. Бұған дейін жергілікті билік кәсіпорын қызметкерлерінің қала ішінде қатынауы үшін көлікпен қамтамасыз етуге уәде берген болатын.

Айта кетейік, облыс орталығындағы бірлестік кәсібін дөңгелетіп отырған цехты 1200 орындық мектеп салу үшін жер учаскесін қала иелегіне берген еді. Облыс әкімі Асайын Байханов алдымен қоғам қызметкерлеріне осындай түсіністік танытқандары үшін алғысын білдірді.

— Сіздердің кәсіпорын аумағын сатып алу мәселесіне түсіністікпен қарағандарыңыз оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. Бұл үш ауысымда оқуға мәжбүр болған балалардың болашағы үшін өте маңызды. Себебі кейде тіпті олардың сабақтары дәлізде өтетін еді. Енді жаңа оқу орнында білім алуға мүмкіндік жасалды. Біз мұны бағалаймыз және өз тарапымыздан сіздерге әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ, бұл автобустың «Рубиком» компаниясының демеушілік қолдауымен сатып алынғанын атап өткен жөн. Осы орайда компанияның басшылығына да әлеуметтік жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды білдіремін, — деді аймақ басшысы.

«Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алмат Наурызбаев көру қабілеті нашар адамдарға қолдау көрсеткендері үшін облыс және қала әкімдіктеріне ризашылығын жеткізді.

— Біз жан-жақты қолдауды сезіп келеміз. Қоғам қызметкерлері де аймақ экономикасына өз үлесін қосады деп айта аламын. Қазір өндірісімізді кеңейтуге дайындалып жатырмыз. Ол үшін жаңа жабдықтар да сатып алдық. Енді оларды іске қосу жұмысына кірістік. Кейін өндірісті қолға аламыз. Осы және өзге де шаруаларды атқаруға, қала ішінде қатынауға автобус керек. Осындай тарту жасағандарыңыз үшін рақмет, — деп атап өтті Алмат Наурызбаев.

Айта кетейік, Павлодардағы қазақ зағиптар қоғамы осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын құрылды. Бір кездері мұнда трактор зауытына арналған бөлшектер, көлік сымдары жасалды. Ал бүгінде қоғам қызметкерлері төсек-орын, киім-кешек, матрацтар, қолғаптар, сүзгілерге арналған тысқаптар тігеді. Алдағы уақытта жиһаз өндірісін қолға алу да ойда бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.