Ертең — еліміздің баспасөз саласында еңбек етіп жүрген қаламгерлер, жалпы журналистер қауымы үшін айтулы күн. Себебі, былтырдан бастап «2 ақпан — Ұлттық басылым» күні болып бекітілді.Бұл жаңалық ұлттық баспасөздің мәртебесін арттыруға қызмет ететіні сөзсіз.
Бұл туралы жалпақ жұртқа жар салған сол кездегі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Жағымды жаңалығымыз бар. 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді. Бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі осыдан 110 жыл бұрын, 2 ақпан күні жарық көргені белгілі. Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған газет ұлттық ренессанстың қайнар көзіне айналып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды», — деп жазған еді әлеуметтік желідегі парақшасына.
Осылайша, ресми түрде «2 ақпан — Ұлттық басылым күні» деп жарияланып, ел тарихына тағы бір атаулы күн белгіленді.
«Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі», — деп алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, өткен ғасырдың басында қазақ халқының көкірегі ояу, санасы ашық болуы жолында ұлт зиялылары талмай еңбек етті. Басылым беттерінде қазақтың жер, ұлт болашағына қатысты өткір ойлар айтылып, халықты заманға сай дамуға, өзге ұлттардан қалып қоймай, балаларын оқытуға, жерін ұқсатуға, озық техниканы игеруге, жалпы ұлт болып дінді түзеп, тұрмысты оңалтып, ілгері басуға шақырған мақалалар көптеп басылды. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамбетов секілді ұлт қаймақтары әр салалар бойынша қазақтың танымын тереңдетіп, көзін ашатын мақалаларын жазды. Олар нағыз ұлттық публицистиканың үлгісін көрсетті. Бүгінде қазіргі баспасөздің жүретін бағытын, көздейтін мүддесін анықтап, айшықтап берді.
Рас, қазіргі кезде электронды технология дамыды. Бүгінде жұртшылық ғалаламторға шырмалғанымен, әлі де мерзімді басылымдар өз оқырманының жүрегіне жол табуда. Демек, заман қаншалықты дамып, электронды БАҚ-тың айы оңынан туып тұрса да ешқайсысы газет-журналдардың орнын баса алмасы анық. Сонысымен де, басылымдар құнды ақпарат құралы, халықтың көзі мен құлағы болып қала бермек.
Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
— Басылымдардың оқырман үшін алар орны ерекше. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жылдары да республикалық деңгейдегі мазмұнды газеттер көбірек шыға бастады. Алайда кейін заман ағымына сай жаңа медиа келіп, осы салаға көптеген өзгеріс әкелді. Бұл жағдай мерзімді басылымдардың таралымына кері әсерін тигізгені жасырын емес. Бүгінде аудандық, облыстық газеттердің ішкі ахуалы сондай керемет емес екені белгілі. Десе де, қоғамда қалыптастырған орны мен сүйікті оқырманы бар газеттер осы күнге дейін жарыққа шығып жатыр.
Жалпы, көп басылым таралымы жағынан қиындықтарға тап болғанымен, ішкі мазмұнын, ізгі дәстүрін, өз ұстанымын жоғалтқан жоқ. Сонысымен де ерекшеленеді. Яғни, қазіргі қаптаған сайттардың көбі шағын ақпараттардан ары аса алмай жатса, газеттер сараптамалық, проблемалық мәселелерді жан-жақты зерттеп, кесек-кесек рухани дүниелермен халықты сусындатуда. Осы жағынан қашанда басылымдардың бәсі биік дер едім.
Нұржайна ШОДЫР.