Елімізде әлеуметтік және еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді трансформациялау және цифрландыруға ден қойылуда. Бүгінде осы бағыттағы 50 мемлекеттік қызметтің 48-і толығымен электронды форматта қолжетімді.
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафиннің айтуынша, бұл жұмыстар азаматтар мен мемлекеттің өзара байланысының тиімділігін арттырып, қызметтің қолжетімді әрі қолайлы болуы үшін қолға алынуда. Алдағы уақытта өзге министрліктермен бірлесіп әлі де дамыту жоспарланып отыр.
— Әлеуметтік және еңбек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру 6 бағыт бойынша жүргізіледі. Сәйкесінше, цифрлық трансформациялауға нақты мақсаттар кіреді. Ол дегеніңіз, жұмыспен қамтудың бейімді әрі тұрақты жүйесін, көш-қон ағынын басқарудың ашық әрі тиімді жүйесін құру көзделеді. Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігінің цифрлық экожүйесін дамыту, мемлекет, бизнес, кәсіподақ және қызметкер арасында өзара байланыстың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, азаматтар үшін әлеуметтік кепілдіктің қолжетімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету мақсат етіледі. Атаулы әлеуметтік көмектің нақты мұқтаждарға жетуін күшейту, қоғамның инклюзивтілік деңгейін арттыруға мән беріледі, — деді вице-министр.
Аталған әр бағыт бойынша қолға алынған арнайы жобалар бар. Мәселен, өңірлер, ұлттық тұжырымдамалар мен бағдарламалар, жеке бастамалар шегінде жұмыс орындарын құруды мониторин-гілеу жүйесінің прототипі әзірленуде. Болашақта бұл мұндай жұмыс орындарының сапалық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, жұмыс күшінің ағылуын бақылауға, шетелде қазақстандықтардың еңбек құқықтарының қамтылуы мен қорғалуына мүмкіндік беретін жүйелерді қайта қарау қолға алынып жатыр. Көші-қон бойынша портал іске қосылады деп күтілуде. migration.enbek.kz көші-қон бойынша бірыңғай портал іске қосылған. Мұнда миграцияға байланысты ережелер, қызметтер, рәсімдер туралы ақпараттар беріледі. Бұл азаматтарға өзге елдерде заңды түрде жұмыс істеуге, көшіп-қонып жүруге көмектеседі. Оған қоса, бұл порталдың мобильді нұсқасы да жасалуда. Қандастарға қажетті қызметтердің 25-і автоматтандырылған.
Еңбек қауіпсіздігіне қатысты да бірқатар жобалар іске асқан. Атап өтсек, «Еңбек тәуекелдерінің картасы», «Кәсіпорындардың цифрлық картасы» жұмыс істеуде. Еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар туралы жұмыс берушіге ескертулер жіберу үшін HR.Enbek порталы жаңғыртылған. Енді жазатайым оқиғаларды тергеуді автоматтандыру үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау қолға алынбақ. Бұл да еңбекті қорғау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сонымен қатар, кәсіптік тәуекелдерді бағалау бойынша мамандандырылған ұйымдарды таңдауға мүмкіндік беретін цифрлық платформа құрылмақ. Осы арқылы кәсіпорындар тәуекелерді тиімді басқара алады.
Ведомство өкілі елімізде отбасылардың цифрлық картасының іске қосылуы да айтарлықтай оң нәтиже беріп отырғанын атап өтті. Бұл халыққа қолдау жасау, сол көмекті бақылауға таптырмас тетік екенін көрсеткен. Алдағы уақытта, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға кешенді қолдау білдіру үшін Бас прокуратура мен ІІМ ақпараттық жүйелерімен байланыс ортану көзделуде.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін оңалтудың техникалық құралдарының сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін де бірқатар шаралар іске асырылған. Мәселен, «Әлеумет» әлеуметтік қызметтер порталы мен дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникалар сараптама жасаудың ұлттық орталығымен біріктірілген.
Алдағы уақытта әлеуметтік және еңбек саласындағы қызметтердің тиімділігін, қолжетімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету үшін әлі де бірқатар жобалар ойластырылуда.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.