Самал Камитова — аймағымыздың цифрландыру саласына өзіндік үлес қосуға бел буған жастардың бірі. Өңірлік жастар кадрлық резервінің қатарына алынған алғыр ару бүгінде мемлекеттік мекемелер жұмысын барынша жеңілдетіп, есеп-қисаптың әлі де автоматтандырылуын, цифрландырылуын қалайды. Сол бағытта өзіндік ұсыныс-тілектерін де тізіп, жоғары жаққа жеткізуге құлықты.
Бірыңғай жүйе болған жөн!
Осындай ұсыныстарының бірін өңірлік жастар кадрлық резервінің іріктеуінің соңғы кезеңінде жобасын облыстық комиссия алдында қорғапты.
— Жобам қаржы және экономика бағытында болды. Яғни, республика деңгейінде бюджеттің орындалуына мониторинг жүргізетін бірыңғай жүйе құрудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеуге тырыстым. Себебі, қазіргі кезде әр өңір мұндай жүйені жеке сатып алады. Бірі ресейлік өнімді, бірі қазастандық жеке компаниялардікін қолданады. Біз ресейлік жүйені тұтынамыз, қаржы да шетке кетіп жатыр деген сөз. Бүгінде елімізде жекеменшік компания-
лар өзіндік өнім шығаруда. Әр өңір түрлі жүйе тұтынған соң облыстар арасында интеграция жоқ. Бірінде кеткен қателік, екіншісіне түсініксіз. Бюджеттің орындалуы — мемлекеттік қызметтегі маңызды блоктардың бірі. Сондықтан, оған бақылау жүргізетін республикалық бірыңғай жүйе қажет деп есептеймін, — дейді Самал Еркенқызы.
Кейіпкеріміз қай салада болсын қаржының пайдаланылатынын, сәйкесінше оның қаншалықты игеріліп жатқаны алақандағыдай көрініп тұруы тиіс дейді. Самал Камитова Ресейдің Мәскеу қаласындағы болат және қорытпалар институтын ақпараттық технологиялар, кейін Алматыдағы Тұран университетін экономика мамандығы бойынша бітірген. Міне, осы қос білімді мемлекеттік қызмет жұмысын жақсартуға бағыттамақ ниетте. Мәскеуден оқып келген соң Алматы қаласын дамыту орталығына қарасты ситуациялық орталықта еңбек етеді. 2022 жылы туған өлкесі – Павлодарға келіп, облыстық қаржы басқармасына бөлім басшысы қызметіне орналасады. Дәл осы кезде бюджеттің орындалу барысындағы қолайсыздықтарды аңғарып, ортақ жүйенің қажеттігіне көзі жетеді.
— Орталық органдардан мұндай бастама айтылмайды. Бірақ қажеттіліктің бары анық. Өзге өңірлердегі мамандар да құптап отыр. Мәселен, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай жүйесі бар. Сол іске қосылғаннан бері біраз қордаланған мәселе оңынан шешілді. Мемлекеттік мүліктердің қозғалысы қадағаланатын бірыңғай жүйе тағы бар. Яғни, мүліктің қай органнан қайсысына өткені, кімге сатылғанына мониторинг жүргізіледі. Мемлекеттік органдар үшін қызметі тегін. Осындай жүйе бюджеттің орындалуын қадағалауға да қажет. Сәйкесінше, қаншама мекемелердің жүйені сатып алуға жұмсайтын қаржысын үнемдеуші еді. Оған қоса, жүйе қазір жекеменшік компаниялардан сатып алынады. Өте қауіпті бұл. Себебі, ертеңгі күні олармен келісімшарт жасалмаса, қаншама жылғы деректерімізге қолжетімділіктен қағыламыз. Сондықтан жүйе мемлекеттік әрі бірыңғай болуы тиіс, — деп пайымдайды Самал Еркенқызы.
Сонымен қатар, ол жүйеде бюджеттік кредиттер бойынша жеке блок қарастырылуы керек деген ойда. Өйткені, қазіргі таңда осы бағыттағы есеп excel-мен жүргізіледі. Оның да өзіндік қолайсыздықтары бар көрінеді. Қаржы министрлігіне қарасты бағдарлама болғанымен, онда тек жасалған шарттар көрсетілгенімен, әрбір өңір қарызын қолмен есептейді. Миллиар-дтаған берешек — бюджеттік жүктеме, сондықтан электронды жүргізілгені жөн, дейді кейіп-керіміз. Санауда қателіктер кетсе, өңірдің бюджетін қалыптастыруға, дұрыс болжам жасап,
қарызды қайтаруға тиісті қаржы қарас-тыруға кедергі келтіреді деген пікірде. Сонымен қатар, жобасында инвестициялық бюджеттік жобалар қаржысының орындалуын, қазыналық-клиенттің толығымен мемлекеттік сатып алулар сайтымен де интеграцияның болуын жеке блокқа бөліп көрсетпек.
Қашықтан қадағаланады
Міне, осындай озық жобасы өңірлік жастар кадрлық резерві қатысушыларын іріктеген облыстық комиссияның жоғары бағасын алады. Резервке енеді. Іле облыс басшылығы цифрландыру бағытында білері мен ұсынары бар маманды облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындауға кеңес береді. Жаңа қызметте облыстың жобалық кеңсесі мен ситуациялық-талдау орталығының да жұмысына жауаптанады.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын аймағымызда ситуациялық-талдау орталығы мен жобалық кеңсесі жұмысын бастаған. Самал Камитоваға аймақ басшысы осы орталықтың жұмысын одан әрі жақсартуды міндеттеді. Жас маман ағымдағы айдың соңына дейін мұндағы ахуалды саралап, өзге өңірлердегі әріптестерінің тәжірибесіне сүйене отырып, ойын жинақтап, оңтайлы өзгерістер енгізуге қатысты ұсынысын айтпақ. Ертең Астанада Цифрлық дамыту министрлігінде барлық облыстардың жобалық кеңсе басшылары жиналатын басқосудан да барынша тиімді тәжірибелерді түртіп алмақ ниетте. Айта кетейік, өңірімізде цифрландырылған барлық жобалар автоматты түрде бақыланады.
— Ситуациялық-талдау орталығында орналасқан Led-экранға күн сайын бір жобаны шығарып қоямыз. Мәселен, Павлодар қаласында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан екі мектептің айналасына 4 камерадан қойылған. Сол арқылы құрылыстың барысы тәулік бойы бақылауда тұрады. Қанша адам істеп жатқаны, құрылыстың қандай деңгейге жеткені біздегі экранда көрініп тұрады, — дейді Самал Еркенқызы.
Цифрландырудың тағы бір нәтижесі ретінде Bitrix ақпараттық жүйесін атап өтті. Еліміз бойынша енгізілген бұл жүйе арқылы құрылыс, жөндеу жүргізіліп жатқан жобаларды мониторингілеу мүмкін көрінеді. Соның ішінде, «Жайлы мектеп», ауылдарда салынатын медициналық мекемелер құрылысы, «Қолжетімді интернет» сынды ұлттық жобалардың барысы жүйеде көрініп тұрады. Өңірлерді дамыту министрлігі бұл платформаға әр нысандағы жұмыстардың барысынан жаңа түсірілген фотоларды тіркеп отырады. Осылайша, бұрынғыдай құзырлы органдардан сұрап, хат жазудың қажеті жоқ. Жобалық кеңсенің де қазіргі таңда берері мол көрінеді.
— Облыста жүзеге асып жатқан барлық құрылыс, жөндеу, қайта қалпына келтіру жобаларына жобалық кеңсе мониторинг жүргізеді. Биыл аймағымызда мұндай 500-ге жуық нысан жүйеге енгізілген. Қазіргі таңда олардың 350-і орындалған. Қалғаны жыл соңына дейін іске асады. «Easy project» ақпараттық жүйесі бар. Оған әрбір жоба енгізіледі. Мысалы, бір ауылда мәдениет үйінің құрылысы басталды делік. Жүйеге ондағы өндірістік жұмыстардың кестесі салынады. Әрбір міндет пен мерзімі көрсетіледі. Аудан-қаладағы әр жауапты маман жүйеге фотодәлелдер арқылы жұмыстың барысын көрсетіп отырады. Мәселен, 5 қарашаға дейін нысанның терезесі салынып тұруы керек болса, ол жұмыстардың нәтижесі жүйеде көрініс табуы тиіс. Межеленген мерзімде орнатылмаса, оның себебі анықталып, құзырлы органдар іске кіріседі. Яғни, бәрі қашықтан қадағаланады. Апта сайын әкімге әр нысан бойынша есеп беріліп тұрады — дейді сала маманы.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.