Бұрын қазақ даласында өзінің діндарлығымен, тақуалығымен және көркем мінезімен үлгі көрсеткен ғұламалар көп болған. Ондай адамдардың болмысы мен бітімінің өзі бір мектеп еді. Міне, осындай әулие адамдардың бірі — ел ішіне «Шайхы ата» деп танылған Ырысбек Солпыұлы.
Ырысбек (Шайхы ата) Солпыұлы 1871 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы Әулиелі Қызыл-тауда дүниеге келген. 1893 жылы Бұхара қаласындағы «Мірғарып» медресесінде оқып, Қасидин ілімін меңгерген санаулы адамның бірі. Сонымен қатар, 1895 жылы Түркістандағы Қарнақ медресесінде және одан кейін Уфа қаласындағы «Мірғалияда» білімін жетілдірген.
Шайхы ата — ауырған адамдарды дұғамен емдеген, әсіресе ішіне жын кіріп, есі ауысқан адамдардың жынын шығаратын айрықша қасиетке ие болған. Көп адамның сырқатын тамыр соғысы арқылы анықтап, қорытынды шығарып отырған.
1911-1912 жылдары бұл кісінің екі құлағы бірдей естімей қалады. Айтқан сөзді есту үшін ол кісі тасбихтың бір жағын өзі ұстап, екінші жағын сөйлеп тұрған кісі ұстап сөз айтқанда, бәрін естіп, екеуара әңгіме құрған екен.
Кеңес үкіметінің зұлмат саясаты Ырысбек Солпыұлын да құрықтайды. 1937 жылы ұсталып, түрмеге қамалады. Бірақ түрме камерасының есігіне кешке салып кеткен құлып ертеңінде өзінен-өзі ашылып қалатын көрінеді. Жендеттер басқа да түрлі қысым жасауға оқталғанымен қолдары бармайды. Соңында түрмеден шығарып, үйіне қайтарады. Сол жылы Шайхы ата өзінің отбасымен Павлодар қаласына жеті шақырым жерде орналасқан «Қазанның 14 жылдығы» кеңшарына көшіп келіп, колхозда жұмысқа орналасады.
Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі аңшылығында еді. Бірнеше қосауыз мылтығы мен тазы иттері болыпты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қасқыр аулап, колхоздың малын аман алып қалғаны үшін басқарма басшылығы ат мінгізген. Соған қарағанда Шайхы ата көзі тірісінде Ертіс-Баян өңірі үшін абыройлы, беделді адам болған.
Ырысбек (Шайхы ата) 1954 жылы өзі жұмыс істеген «Қазанның 14 жылдығы» ауылының «Қара құдық» қыстағында 83 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Қыстағынан 2-3 шақырымдай жердегі ескі зиратқа жерленді. Шайхы атаның Қоқыш, Бүкен атты екі ұлы және Құсни деген бір қызы болды. Барлығы әртүрлі салада еңбек етіп, дүниеден өткен. Қазір сол екі ұлынан тараған ұрпақтары Шақат, Кенжекөл ауылдарында тұрып жатыр.
Бүгінгі таңда Кенжекөл ауылындағы мешіт осы кісінің құрметіне «Шайхы ата мешіті» деп аталады. Еске сала кетейік, Шайхы ата мешіті алғаш рет 1996 жылы ашылып, 1997 жылы осы атау берілген. Ғибадат үйі барша мұсылман жамағаты үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Онда жұмыс істейтін имамдар келген адамға Құран оқып, намаз өткізумен ғана емес, шәкірт тәрбиелеп, ауыл тұрғындарының діни сауатын ашу жұмысымен де айналысып келеді. Өткен жылы дін жанашырларының қолдауымен жаңадан мешіт ғимараты салынып, ел игілігіне берілді. Онда 200-ден астам адамға арналған намаз оқитын орны бар. Одан
бөлек қызметкерлер бөлмесі, дәрісханасы, әйелдер бөлмесі құрылған.
Тілеуберді САХАБА.