Бүгінде ауқымы кең «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында Шарбақты ауданы, Шалдай ауылында 2000 қайың көшеті отырғызылды.
Шара Шарбақты ауданы әкімдігі, қалалық еріктілер ұйымдары мен «Карагач» қоғамдық қорының қолдауымен өтті. Аталмыш «Таза Қазақстан» акциясы — қоршаған ортаны аялау мен халық денсаулығын нығайту негізінде іске асып келе жатқан жоба. Қалалары таза, табиғаты өңделген жерге туристер де қызыға келетіні рас. Осы орайда биыл ауылдық аймақтарды көркейтуге ерекше көңіл бөлінген. Солардың бірі — Шарбақты ауданында Шалдай ауылының құнарлы жеріне қайың ағаштары отырғызылды.
– 15 жылдай орманды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып келеміз. Эко бағдарламамыз ТМД елдері арасында жүргізіліп жатыр. Осыдан үш жыл қатарынан халықаралық деңгейде еңбек етіп, қазақ жерінің бірнеше аймағында қайың ағаштарын отырғыздық. Мұнда жазық дала болғандықтан қоршаған ортаға зор пайдасы тиетін үлестірме материалдарын әкеліп, қарағай, қайың ағаштарын саламыз. Келіп отырған Шалдай мекенінде қайың ойдағыдай тамырын жайып, жақсы өсіп кететініне күмәніміз жоқ. Алдағы екі жылда бір-біріне жақын салынған жас ағаштар өңіп, орман сәнін келтіруі тиіс, – дейді ресейлік «Эка» қозғалысының директоры Елена Горохова.
Одан бөлек, экологиялық сапар барысында еріктілер ұйымының жастары Ғабдыл-Уахит хазірет кесенесіне тоқталып, шырақшының өсиетін тыңдап, батасын алды. Хазірет бабамыз имам болумен қатар елді имандылыққа баулыған. Ағартушылық салада еңбегі сіңген, есеп және география пәндерінен дәріс берген. Сонымен қатар, шәкірттерге шығыс поэзиясы мен философиясын оқытқан. Жастар туған жердің экологиясының дамуына үлес қосумен қатар, көкжиектерін кеңейтіп, қасиетті мекенге аяқ басқан. Шалдай ауылының тұрғындары қоршаған ортаның жақсаруына ризашылықтарын білдіруде.
— Үш-төрт жыл қатарынан ағаштың түр-түрін отырғызып келеміз. Қайыңды ерте бастан жиі суарып, жақсы күту керек. Кейін табиғи мекендеу ортасына сіңісіп, тамыры қатаяды. Бұдан кейін күз уақытында қарағай ағаштарын отырғызу жоспарда бар, — дейді орманшы Манарбек Садуов.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы орман экожүйелерін қалпына келтіріп, халық арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған. Ағаш отырғызу шарасы еліміздің табиғат байлығын қорғап, туған өлкеміздің жасыл белдеуін дамытуға үлес қосады.
Салтанат ҒАББАС.
Шалдай ауылы, Шарбақты ауданы.