Әлеуметтік желілерде Қостанай облысында алқаптарда жаппай шегірткенің шабуылға шыққаны туралы бейнежазба тарап, Ауыл шаруашылығы министрлігін аяғынан тік тұрғызды. Өзге өңірлерде де жәндіктің көбейгені туралы ақпарат тарады. Павлодар облысындағы ахуал қандай?

Оралхан ҚОЖАНОВ

Препараттар жеткілікті

Белгілі болғандай, Қостанай облысында 16 мың гектар егістік алқабын шегіртке басқан. Аймақта егіс көлемі 4,6 миллион гектар болса, оның 500 гектары зардап шеккен. Іле-шала Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев шегірткеге қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шараларды бақылау үшін Қостанай облысына барды. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Қостанай облысында шегірткелерден арылтуға жоспарланған 422,9 мың гектар жердің 356 мың гектарына тиісті жұмыстар жүргізілген. Облыстың
10 ауданында (Жангелді, Амангелді, Алтынсарин, Денисов, Федоров, Сарыкөл, Қамысты, Науырзым, Қостанай, Қарабалық) және Арқалық қаласында шегірткені жою шаралары атқарылды. Шегіртке «ашуына мінген» өңірлердің бірі – Ақтөбе облысы. Облыс аумағында 9 шілдедегі жағдай бойынша 667,865 мың гектар жер, оның ішінде италиялық прусқа қарсы 646,965 мың гектар немесе жалпы өңделуге тиіс жердің 99,97 пайызы, азиялық шегірткеге қарсы 20,9 мың гектар немесе жалпы өңделуі қажет жердің
95,5 пайызы өңделген. Министрліктің мәліметінше, жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін облыс әкімдері орынбасарларының басшылығымен жедел штабтар құрылған. Улай жұмыстары биологиялық тиімділігі жоғары (85 пайыздан төмен емес) Вантекс, Тиаметрин, Карат супер, Фобос, Фипрон препараттарымен жүргізілуде. АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қостанай және Ақтөбе облыстарының өңірлік бөлімшелерінің деректері бойынша осы препараттардың қажетті көлемі қолда бар. Химиялық өңдеулерді жүргізу үшін Қостанай облысында 9 желдеткіші бар сепкіш, 3 ұшақ, 6 дельтаплан, 13 аэрозольді газ генераторы жұмылдырылды. Ақтөбе облысында 56 арнайы сепкіш техника, оның ішінде 19 желдеткіші бар сепкіш, 19 аэро-зольді газ генераторы, 8 аса жеңіл авиация кемесі және 10 ұшақ бар. Жалпы, республика бойынша италиялық шегірткеге қарсы өңдеу 1,2 млн гектарға немесе 92,3 пайызға жүргізілді. Жұмыстар Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында толық аяқталды. Жуырда Абай облысында зиян-кестердің көбейе бастағаны тіркелген еді. Тиісті іс-шараларды уақытылы жүргізудің нәтижесінде қауіп толығымен жойылды. Атап айтқанда, Шаған ауылында 120 га жайылымдық жер өңделіп, егістік-тегі ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шеккен жоқ. Шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары олар шамадан тыс таралған кезде, яғни егіншілік өнімдеріне қатты зиян келтіруі мүмкін кезде жүргізіледі. Өңдеу таңертең және кешкі уақытта, шегірткелер бір орында шоғырланған кезде жүзеге асырылады. Бұл дәрі-дәрмектерді қолданудың тиімділігін едәуір арттырады. Жалпы өңірлер бойынша мониторинг пен тиісті іс-шаралар жалғасып жатыр.

Павлодардағы ахуал қандай?

Облыста саяқ және үйірлі шегірткелер тіркелген. Өңірлерде саяқ шегірткелердің 12 түрі бар екенін атап өткен жөн. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаевтың айтуынша, биыл үйірлі шегірткемен күреске облыстық бюджеттен 14 миллион 700 мың теңге қаражат бөлінген. 505 литр пестицид сатып алынған. Өңдеу жұмыстары 31 мамырда басталып, 19 маусымда аяқталған. Бұл бағыттағы шаралар барлық аудандарда жүргізілген. Көбіне Железин (3300 гектар), Тереңкөл (2600 гектар) және Шарбақты (2400 гектар) аудандарында жалғасқан. Мамандар Павлодар облысында шегірткеден қауіп жоқ екенін алға тартып отыр. Үйірлі шегірткенің қоныстанған көлемі экономикалық зиянды шегінен аспайды. Жалпы, қауіпті үйірлі шегірткенің Қазақстанда 3 түрі бар. Павлодар облысында тек жалғыз түрі – Италиялық прус мекендейді. Десе де, облысымызда аса қауіпті шегірткенің көлемі жыл сайын азайып келе жатқанын атап өткен жөн. 2000 жылдардың басында 1 миллион 200 мың гектар жер өңделсе, 2012 жылы улау аумағы 120 мың гектарға төмендеген. Азаю үрдісі 2018 жылдан бері қарай басталған. Сол жылы 85 мың гектар, 2019 жылы 22,2 мың гектар, 2020 жылы – 8 мың, биыл 2021 жылы 3048 гектар жер өңделіпті.

 

Түйін:

Жауапты мамандардың бейжай отырмай, диқандармен байланыс жасап, мәселені бақылауда ұстағаны абзал. «Жығылғанға — жұдырық» дегендей, онсыз да биыл қуаңшы-лықтан зардап шегіп отырған ауыл шаруа-шылығы саласы зиянкестердің шабуылына ұшырамасын деңіз.