Ақсу қаласында әлеуметтік инфрақұрылым әлеуеті артып, инженерлік желілерді жаңарту жобалары қолға алынуда. Ауқымды жұмыстар аясында шаһардың бас көшелері көріктене түсіп, күре жолдар күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, жуырда Ақсу қаласына қарасты Қызылжар елді мекеніндегі шаруасы тұралап қалған құс фабрикасы қайта «қанат қақты».
Желілер сынақтан өтеді
Өткен аптада облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барып қайтты. Аймақ басшысы қала тіршілігін қамтамасыз ететін алпауыт кәсіпорындар мен бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен Ақсу ферроқорытпа зауытының аумағында өткен жиын барысында Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов жылыту маусымының қорытындысын баяндады. Айтуынша, Ақсу қаласында жылу желілерінің жалпы ұзындығы 99 шақырымды құрайды. Ал су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 176,9 шақырымды құраса, кәріз желілері 236,1 шақырымға созылған.
— Ақсу қаласында өткен жылыту маусымы 16 қыркүйекте басталды. Осы уақыт аралығында 103 ақау анықталып, тұрғындардан 234 шағым түсті. Биыл гидравликалық сынақтар екі кезеңге бөлініп ұйымдастырылады. Бірінші кезеңде 1 шағын ауданынан бастап — №14 және 15 шағын аудандарындағы құбырлардың беріктігі тексеріледі. Бұл аймақта 147 көпқабатты үй, 357 жеке тұрғын үй және 20 әлеуметтік нысан бар. Екінші кезеңде №7, 7а, 9, 10, 11 және №12 шағын аудандардағы желілер сыналады. Бұл аймақты 96 көпқабатты үй, 240 жеке тұрғын үй және 17 әлеуметтік нысан қамтиды. Сынақтар 21 сәуірде басталады. Ал жылу желілерін тығыздыққа гидравликалық сынаудың екінші кезеңі 11-13 тамыз аралығында және 20-22 тамыз аралығында жоспарланған, — деді Б.Шәріпов.
Сонымен қатар, шаһар басшысы қаладағы жылу желілерінің жалпы тозуы 62,8 пайызды құрайтынын айтып, оның ішінде 55 пайызы — магистральдық желілерге тиесілі екенін атап өтті. Бүгінгі таңда қала бойынша жылу желілерінің тозу деңгейін төмендету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, орамішілік және магистральдік желілер кезең кезеңімен ауыстырылуда.
— Ағымдағы жылы екі жылдық «Ақсу қаласының орамішілік жылу желілерін қайта құру (Ақсу кенті, №3,5,8 ықшам аудандар)» жобасын іске асыру жалғасады. Аталған жобаның құны – 3,341 млрд теңге, желілердің жалпы ұзындығы 4,9 шақырымды құрайды. Мердігер ұйым — «Спецстрой» ЖШС. Бүгінгі таңда желілердің 4,2 шақырымы ауыстырылды. Ағымдағы жылда қалған жұмыс толығымен аяқталады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Теплосервис-Ақсу» кәсіпорнының өз қаражаты есебінен жалпы ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, — деді ол.
Сондай-ақ, жиын барысында қала әкімі Ақсу ауданы бойынша электрмен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 831,9 шақырым, Ақсу қаласы бойынша 255,9 шақы-рымды құрайтынын мәлім етті. 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес «ПРЭК» АҚ Ақсу қаласы бойынша 28,7 шақырым әуе желілері мен 30 қосалқы стансалар салуды және 93 трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеуді жоспарлап отыр.
— Ақсу қаласы бойынша су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 176,9 шақырым, кәріз желілері 236,1 шақырымды құрайды. Су құбыры желілерінің тозуы 60,2 пайызды құраса, кәріз желілерінің тозуы 62 пайыз шамасында. Ағымдағы жылы ұзындығы 3,2 шақырым (жалпы құны — 489,6 млн теңге, мердігер — «ДАНиЕР» ЖШС) Ақсу қаласының магистральдық су құбыры желілерін қайта жаңарту жобасы аяқталады. Сондай-ақ, Ақсу қаласының ықшам аудандарының су құбыры желілерін қайта жаңарту (жоба құны 9,8 млн теңге, мердігер — «QazConstructions» ЖШС) жобасы бойынша ұзындығы 660 метр су құбыры желілеріне және 200 метрлік кәріз желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, ағымдағы жылы 4 әлеуметтік нысандағы 7 қатты отынмен жұмыс істейтін қазандықтарды ауыстыру жоспарлануда. Жобаның жалпы сомасы — 42,1 млн теңге. Бүгінгі күні жалпы сомасы 17,7 млн теңгеге 4 қазандықты ауыстыру бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды. Қалған 3 қазандықты сатып алу құжаттары қайта жариялау сатысында, — деді Б.Шәріпов.
Баяндамадан соң облыс әкімі Асайын Байханов коммуналдық саладағы көңіл бөлуге тиісті басты кемшіліктер мен негізгі мәселелер, алдағы болжалдық қауіптер және оның шұғыл шешімін табуды басты назарда ұстау қажеттігін, сондай-ақ, барлық жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу керектігін ескертті. Жиналыста аймақ басшысы 2025-2026 жылдардың қысқы кезеңіне дайындық мақсатында Ақсудың «РОК-2» қазандығына ауқымды жөндеу науқанын жүргізу мәселесіне тоқталып, мамандарға аталған істе ерекше қырағылық танытып, бәріне асқан жауапкершілікпен қарауды шегелеп тапсырды. Айта кетейік, қазандық пен желілік жабдықты күрделі жөндеуге және реконструкциялауға, сондай-ақ, «РОК-2» басты жылу магистралін жаңартуға «ERG» тобы 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев бүгінгі таңда аталмыш кәсіпорын құбырлар мен қазандықтардың қуат көздерін пайдалану жұмыстарының тиімділігін арттыруға баса мән беріп отырғанын атап өтті. Нәтижесінде зауыт аумағында қайта жаңарту жобасы қолға алынып, құбырлар мен желілерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Жастар — келешек кепілі
Бұдан бөлек, жұмыс сапары барысында Асайын Байханов Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжіне ат басын бұрып, «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатына қатысушылар, жүлдегерлер және өңір жастарының өкілдерімен кездесті. Аталмыш колледж директоры Алма Айтуарова оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен таныстырып, бүгінгі күні колледж қабырғасында энергетика саласындағы кәсіби білім беруді тереңдететін заманауи құзыреттер орталығы ашылғанын атап өтті. Айтуынша, аталған орталық екі негізгі компоненттен, яғни «VR-зертханасы» мен «Температураны өлшеу әдістері» оқу жабдықтарының жиынтығынан тұрады. Бұл заманауи технологиялар студенттерге мамандықты теориялық түрде меңгерумен қатар, виртуалды ортада өндірістік үдерістерді модельдеуге мүмкіндік береді. «VR-көзілдіріктердің» көмегімен білім алушылар түрлі өндірістік шараларға қатысып, аудиториядан шықпай-ақ практикалық дағдыларды игеруге мүмкіндік алды.
Одан кейін өңір басшысы облыстық бюджет қаражаты есебінен салынған Мұз аренасына барып, спорттық нысанның жұмыс барысымен танысып, жас спортшылармен тілдесті. Қазіргі уақытта жаңа спорт кешенінде 150 бала қысқы спорт түрлерімен айналысады. Аймақ басшысы облыстың спорт басқармасы мен қала әкімдігі басшылығының алдына ағымдағы жылдың соңына дейін спортпен шұғылданатын балалардың санын кемінде 300-ге дейін жеткізу міндетін қойды.
Қуат көзі кеңейді
Аймақ басшысының Ақсу қала-сындағы жұмыс сапары барысында жобаның егжей-тегжейлі талдауы жасалған келесі нысан қаланың басты су тазарту ғимарат-ында болды. Мұнда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өткен жылы резервтік электр беру желі-сінің құрылысы басталған болатын. Аталған жобаның құны – 256 миллион теңге. Сенімді су жеткізуді қамтамасыз ететін резервтік электр беру желісі өткен жылдың қараша айында 6,3 шақырымға тартылды. Өйткені, аталмыш резервтік электр желісінің болмауына байланысты қала тұрғын-дары желілерде орын алатын апаттық жағдайлар кезінде сумен жабдықтауда қиындықтарға тап болады. Бүгінде резервтік электр беру желісі толығымен салынды. Келесі кезекте «Ақсу су арнасы» МКК-ға мердігер ұйыммен бірлесіп екі апта мерзімде резервтік тармақты қосу және сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Облыс басшысы бүкіл қала пайдаланып отырған су сорғыш станция өте маңызды жоба екенін айтып, барлық жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында аймақ басшысына Ақсу қаласы бойынша жол жөндеу жұмыстарының барысы баяндалды. Бүгінгі күні «ГорДорСтрой» ЖШС мердігер ұйымы 12 шақырымды құрайтын жолды фрезерлеу жұмыстарын толық орындап, қаланың кіреберіс жолын асфальттауды бастады. Облыс әкімі барлық жұмыстарды осы жылдың 25 сәуіріне дейін толық аяқтауды тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы «Қызылжар-Құс KZ» ЖШС жұмысымен танысты. Өткен жылы кәсіпорынды қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын. Бүгінгі таңда құс фабрикасына 5 млрд теңге инвестиция салынды, оның 1,5 млрд теңгесі нысандарды қалпына келтіруге, ал қалған қаражат қарыздарды өтеуге, жабдықтар сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға жұмсалды. Ағымдағы жылдың 8 сәуір күні кәсіпорында алғашқы құс сою жұмыстары жүргізілді. Жаңадан іске қосылған кәсіпорында қазір жақын маңдағы ауылдардан 145 адам жұмыс істейді, ал толық қуатта іске қосылған кезде 250-ге дейін адамды жұмыспен қамтитын болады. Өндіріс көлемін жылына 10 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ, Ақсу қаласы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.