Павлодар қаласында жуырда 175 пәтердің иесін анықтау үшін конкурс жарияланды. «Шаңырақ» бағыты бойынша берілетін баспаналарға өтінімдер қабылдануда. 9 қабатты 5 подъезді №23 үй «Достық» шағын ауданында орналасқан. Сонымен, бұл баспаналарға қол жеткізу үшін тұрғындар қандай талаптан өтуі тиіс?

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

«Отбасы банкі» АҚ облыстық филиалының құрылыс маманы Мақсат Отыншиннің мәлімдеуінше, 175 пәтердің конкурсына құжаттар 4 қазанға дейін қабылданады.

— Бұл бағдарлама бойынша өтініш беретін тұрғындар жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұруы міндетті. Банкте шоты болуы шарт. Бір айта кетерлігі, пәтерлерді үлестіруде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2022 жылдың негізгі тізімінде тұрған азаматтарға басымдық беріледі, — дейді Мақсат Аманжолұлы. «Бақытты отбасы» аясында аймағымызға былтыр 193 отбасыға лимит берілген. Бүгінде соның 22-сі қалған. Қолданысқа берілетін үй өткен жылғы болғандықтан, «Бақытты отбасы» бағдарламасының талаптарына сай келетін жанұялар қатыстырылмақ. Аталған бағдарлама бойынша 2 пайыздық ипотекалық несие көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, 1 және 2-топ мүге-дектеріне, жетімдерге, толық емес отбасыларға беріліп келді. Биылдан бастап соңғысы бұл тізімнен алынып тасталды. Енді толық емес отбасылар тұрғын үй кезегінде тұрса, онда олар «Шаңырақ» бағдарламасына қатыса алады. Бұл бағдарлама шеңберінде несие 5 пайызбен беріледі. Тағы бір ескеретіні, «Бақытты отбасы»-ның талаптарынан өтпеген жағдайда бұл санаттағы отбасылар «Шаңырақ»-қа қатыса алады. Мәселен, отбасылық табыстың жан басына шаққандағы мөлшері тиісті шектен асып кетсе, қатыса алмайды. Яғни, бұл сома ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 есеге көбейтілген сомасынан аспауы керек. Құжаттар қабылданып жатқан үйде бір бөлмелі 40 пәтер, 62,77 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерден 45, ал шаршы метрі 81-ден асатын екі бөлмелі тағы 45 пәтер бар. Сонымен қатар, үш бөлмелі 45 пәтер үлестірілмек. Өтінішті тұрғындар Otbasybank.kz интернет-ресурсы арқылы береді. Өтініш берер шақта шотында кемінде 100 мың теңге болуы керек. Ал несиелік қарыз берілерде пәтер құнының 10 пайызы көлемінде қаражаты шотта болуы қажет. Жуырда банк бұған дейін «Достық» шағын ауданында үлесті-рілген №17 үйде қалған пәтерлерді «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша тікелей сатылымға шығарған болатын. Алдағы уақытта №15 және №16 үйлерде де осындай пәтерлерді тікелей сатылымға шығару жоспарлануда. Сонымен қатар, тағы да құрылысы жүріп жатқан бірнеше көп-
қабатты үйлер бойынша банк жергілікті әкімдікпен ынтымақтастық туралы келісім жасаса, олар да кезекте тұрғандарға үлестірілмек. Тұрғын үй кезегінде жоқ «Отбасы банкінің» салымшыларына арналған «Өз үйім» бағдарламасы аясында әзірше үйлер жоқ.