Шебердің қолы – көпке ортақ

Мау 5, 2025

Баян Кузьмина – өңірдегі ірі өндіріс орындарын, басқа да кәсіпорындарды арнайы киіммен қамтамасыз етіп отырған білікті мамандардың бірі. Ол қызмет ететін «Светлана» фабрикасы 45 жылдан бері тігін ісі нарығында жүйелі қызмет көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде қауіпті аймақта қызмет ететін түрлі сала иесі арнайы киімнің сапасына еш алаңдамайды.

Баян Мұқанқызы – Успен ауылының тумасы. 1977 жылдың 1 қаңтарында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы – жарық өмірге 14 нәрестені әкеліп, барлығын өсіріп-жеткізген қайсар жандар.

Өкінішке қарай, Баян бір жарым жасында қатты ауырып, соның салдарынан құлағы естімей қалды. Сол себепті Семей қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған арнайы мектепте білім алды. Тігін ісіне деген қызығушылығы сол оқу орнының қабырғасында пайда болды. Еңбек сабағында түрлі кесте тігіп, тоқығанды жаны сүйетін.

Мектепті тәмамдаған шақта әкесі өмірден өтіп, анасының қасына ауылға оралды. Ол кезең  елді мекенде жұмыс жоқ, ал қаржылық қиындық көп уақыт еді. Әйтеуір күнкөрістің қамымен анасы екеуі қолдан келетін сүйікті ісін негізгі табыс көзіне айналдырды: жіптен қолғап, шұлық тоқып, балаларға бас киім, құрақ көрпелер тікті. Сөйтіп, адал еңбекпен нәпақа тапты.

2007 жылы облыс орталығына қоныс аударып, ауылдағы кәсібін жалғастырды. Бұл жолы киім-кешекпен қатар, күршекпен кілем тоқып, сатылымға шығарды. Тірнектеп ақша жинап, электрлік тігін машинасын сатып алды. Соның көмегімен орындықтардың қаптамасын тігуді де бастады.

— Ал 2010 жылы осы «Светлана» фабрикасына жұмысқа орна-ластым. Сол уақыттан бері жұмыс орным екінші үйіме айналды. Вера Михайловна, Татьяна есімді тәлімгерлерім көп нәрсені үйретті. Бүгінде Жанар есімді шебермен бірге жұмыс істеймін. Бала кезден тігін, тоқу ісіне жақын болғандықтан, кәсіпорындағы қызмет ауыртпалық салмайды. Басты міндет – жүктелген тапсырманы уақытылы және сапалы орындау. Біздің фабрикадағы арнайы киімдер мамандардың қауіпсіздігін сақтауға, оларға қолайлы жағдайда жұмыс істеуге көмектесетініне қуаныштымын. Алдағы уақытта арнайы киімдердің жаңа үлгілерін тігуді қалаймын, — дейді Баян Кузьмина.

Бұл ретте тәжірибелі маман фабрикада еңбек етуге ниетті жандарға барлық жағдай қарастырылғанын алға тартты. Айталық, осыдан төрт жыл бұрын тігін машиналары жаңартылып, заманауи үлгідегі құралдар қойылды. Олар арнайы киімді қиындықсыз тігуге мүмкіндік береді.

Баян Мұқанқызының әріптестері де оның ізденімпаздығын, еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Үшінші топ мүгедектігі болса да, қол қусырып қалған жоқ. Күнделікті жұмыс істеп, кәсіпорын ісінің ілгерілеуіне сүбелі үлесін қосуда. Ал жұмыстан тыс кезде бос уақыты бола қалса, сүйікті ісін серік етеді. Ұлттық нақыштағы киімдерді, бас киімдерді, көрпелерді тіккенді ұнатады. Оларды сатылымға да шығарып, халық шығармалары көрмелерінде көпшілік назарына ұсынады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.