«Шежіреден – болашаққа» Павлодарда

Шіл 23, 2026

Павлодар қаласының «Ертіс» кинотеатрында ҚР Президентінің Телерадиокешені ұйымдастырған «Шежіреден – болашаққа» республикалық кинолекториясы өтті.  Екі күнге созылған көрсетілім барысында жергілікті көрермендер түрлі бағыттағы деректі фильмдерді тамашалап, олардың авторларымен көзбе-көз жүздесуге мүмкіндік алды. Ауқымды ағартушылық жоба ҚР Президентінің Телерадио-кешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Кинолекторияның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, Президент Телерадиокешенінің тәуелсіз Қазақстанның шежіресін жасауға қосқан үлесіне тоқталды.

– Президент Телерадиокешені – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінен бастап ел өміріндегі маңызды тарихи белестерді жүйелі түрде зерделеп, оны ұлт жадында сақтап келе жатқан бірегей шығармашылық ұжым. Осы уақыт ішінде түсірілген деректі фильмдер мемлекетіміздің тарихын толықтырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа тағылым болатын құнды рухани мұраға айналды. Мұндай туындылар көрерменді ел тағдыры, қоғамның дамуы туралы терең ойға жетелейді. Осы игі бастаманы жүзеге асырып отырған Президент Телерадиокешені мен Деректі кино орталығының шығармашылық ұжымына облыс тұрғындары атынан алғысымды білдіремін, –
деді Айгүл Қайыртасқызы.

Президент Телерадиокешені Деректі кино орталығының аға редакторы әрі сценарий авторы Эльмира Ишмұхаметованың айтуынша, екі күндік кинолектория барысында көрермен назарына
4 деректі фильм ұсынылған. Олардың әрқайсысы ел өмірінің әр кезеңін, қоғамдағы өзекті тақырыптарды және Қазақстанның табиғи, тарихи әрі халықаралық келбетін арқау етеді.

Алғашқы күні көрермендер Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыратын «Travel Kazakhstan» және 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде ел азаматтарының ауызбіршілігі мен жанқиярлығын баяндайтын «Серт» фильмдерін тамашалады. Ал екінші күні Каспий теңізіндегі Құлалы аралында ұзақ жыл еңбек еткен гидрометеоролог Петр Лупенковтың тағдыры суреттелетін «Құлалы аралының адамы» және Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне арналған «Қуатты серіктес» деректі фильмдері көрсетілді.

Көрсетілімнен кейін көрермендер Деректі кино орталығының аға редакторы, сценарий авторы Эльмира Ишмұхаметова және режиссер Бақтияр Қанафинмен жүздесті. Еркін форматта өткен кездесуде фильмдердің дүниеге келу тарихы, түсірілім барысындағы қызықты жайттар, деректі киноның қоғамдағы орны мен бүгінгі тынысы сөз болды. Көрермендер авторларға көкейдегі сауалдарын қойып, шығармашылық пікір алмасты.

Айдана БОРАНБАЕВА.