Шектеудің бәрі — санамызда

Сәу 24, 2025

Жобама кезекті кейіпкерді іздестіре бастадым. Көз алдыма ерік-жігері мықты спортшылар келді. Нақтысы, басына түскен сынақтан кейін де күш тауып, спортпен шындап айналысып, тіпті, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жандармен жақын танысқым келді. Телеарнадан, әлеуметтік желіден қолсыз, аяқсыз суда балықша жүзіп, жарысқа түскен спортшыларды көргенде кім-кімде таңырқайтыны рас. Осылайша, жобам рухты, алпыстың бел ортасына келсе де, аяғындағы протезін шеше сала суға сүңгіп, күніне 2,5-3 шақырым жүзетін Берік Төлеубекұлымен жолықтырды.

Судан қуат аламын

Келіскен уақытта «Ertis Olympic» бассейніне бардым. Ұзындығы елу метрлік бассейннің бергі бетінен екіншісіне көз салып едім, бері қарай жүзе бастағанын байқадым. Тамсана қарап тұрдым. Қандай күш, қандай шыдамдылық дедім…

Судан шықты да, Берік аға қос аяғына протезін киіп, ел қатарлы жүріп, қасыма жайғасты. Жарқын көңілді жан әңгіменің тиегін ағытты. Судан қуат алатынын айтты. Судың қасиетін, адамға беретін энергия-     сын білсеңіздер ғой деп бастады әңгімесін…

— 2015 жылы жүзумен мықтап айналысуға келдім. Дұрысы, қос аяқтан айырылып, есімді жинап, спортқа бет бұрмақ болдым. Қаламызда «Шымыр» бассейнінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып жүзуден секция ашылғанын естіп бардым. Жаттықтырушыдан «екі аяқсыз қалай жүземін?» деп сұрадым. Евгений Заречный есімді жаттықтырушы «суға кір де, жат, өмір сүргің келсе, жүз» деді. Ақырындап құлаштап жүзуді, одан кейін арқалап жүзуді үйрендім. Сөйтіп жүріп, жүзу ермегім ғана емес, өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Жүзуден соң үйге келгенде күш-қуатым тасып, өзімді жеңіл сезінемін, — дейді Берік Әлжанов.

Судың адам бойына беретін пайдасын әлі де айтқысы келгенін аңғардым. Сөзін бөлмедім…

— Білесіз бе, су адам бойындағы жаман энергияны тартып алады да, керісінше, жақсы көңіл күй сыйлайды. Бірде жүзуге қыңыр мінезді бір әйел келді. Мүгедектігі бар. Ұрысуға дайын тұрады. Содан ол кісіге суда балалар маңында жиірек шомылуға кеңес бердім. Өйткені, балалар суды жақсы энергиямен қуаттайды. Сізге өтірік болып көрінуі мүмкін, бірақ, әлгі әйелдің мінезі біртіндеп өзгере бастады ғой, — дегенде көзінен қуаныштың лебі ескендей көрінді.

Бүгінде Берік аға мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Тараз қаласында алдағы маусым айында өтетін республикалық спартакиадаға қызу дайындық үстінде. Жас та болса, жанын салып жүрген жаттықтырушысы Гүлмираға да алғысын айтты. Аптасына 4-5 рет бассейнге барады. Кемінде 1,5 сағат жаттығады. Аймағымыздың намысын 8 спортшы қорғамақ. Жүзуге 10 жылын арнаған аңқылдақ ағамыз алғашқы күміс медалін 2015 жылы Атырау қаласында өткен спартакиадада алыпты.

Барым – отбасым!

Берік ағаға қарап, сынып қалмай, сынаққа мойымай, алға басуына күшті қайдан алатынын білгім келді. Сонда айтқаны:

— Қанмен, текпен келген болуы керек. Әкем Төлеубек Ұлы Отан соғысына қатысқан. Киімі 62 өлшемді, кең иықты алып жан еді. Көп сөйлемесе де, істің адамы болды. Анам Мәрияш та өжет, өмірде ақжарқын болды. Сондықтан, мұндай жандардан туған мен осал болуға хақым жоқ, — деді.

Ауыр болса да, осы күнге дейін ағамыздың қиындықты еңсеру жолына үңіліп көрдім. Қос аяқтан айырылған соң өмірді қайта сүрудің қалай болғанын ебін тауып, сұрадым.

— Ертеректе зауытта механик болып жұмыс істедім. Кейін жеке кәсіппен айналысып, қаламызды көкөніс, жеміспен қамтамасыз етіп жүрдім. Вагонмен әкеліп, жергілікті нарықта бағаға әсер ете алдық. Содан тиісті салықтан бөлек жергілікті қазынаға қосымша аударым жасау талап етілді. Оның заңсыз екенін дәлелдеймін деп соттастым. Айларға созылған тартыс ақыры күйзеліске түсірді. Жүйке жүйесіне түскен салмақ салдарынан қанымдағы қант мөлшері көтеріліп, алдымен бірінші аяқты, одан кейін екіншісін кесуге тура келді, — деп қысқаша баяндап берді.

Операцияға дейін 85 килограмм болған еңселі ер ауруханадан 48 келімен үйіне шығады. Астында әлі арба жоқ, достары көтеріп жеткізеді. Үй ішінде әйелі Зейнеп ары-бері көтеріп, қызметін көрсетеді. Міне, осы сәттер Берік Төлеубекұлының намысын қайрап, қайтадан өзін қолына алуға түрткі болса керек.

— Кесілген жердің жарасы жазыла бастаған соң қолыммен жаттығу жасауға кірістім. Күнделікті айналысып, бұрынғы формама келуге ұмтылдым. Ағаштан түйін түюді бұрыннан білетін едім. Содан ағаштан өзіме лайықтап түрлі массажерлар жасап алдым. Кейбірін мұқтаж жандарға тараттым. Басыма түскен ауыртпалықты жеңуге отбасыма деген жауапкершілік те септігін тигізді. Әйелім мен үш қызымның қолдауы қанат бітірді. Шапқылап жүрген адамның арбаға таңылып, өзгенің көмегіне мұқтаж боп қалуы оңай емес. Алайда, адам талпынса, ниеттенсе, бәріне қол жеткізуге болатынын білемін. Бірде әлі арба жоқ кезде екі жұмыс істеп, отбасын асырауға барын салып жүрген әйелімді қуантқым келді. Жұмыстан келгенше тізерлеп барып, орындыққа шығып, электр плитаға борщ пісіріп қойғаным бар. Әйелім көріп, жылап жіберді, — дейді отадан кейінгі айларды есіне алған ағамыз.

Берік Әлжановтың үш қызы да — әскери жолда. Біреуі қатардағы офицер, екеуі отставкаға шығып үлгерген. 8 жиенінің тәрбиесіне де Берік аға айрықша мән беретінін жасырмады. Оларды да спортқа баулиды. Қолдарына ұялы телефон ұстатпайтын көрінеді. Үйге келісімен телефондарын сейфке саламын, дейді. Өркениеттің бұл жаңалығы ұл-қыздардың жүйке жүйесіне көп әсер ететініне қатты алаңдайды. Сондықтан, барынша алшақ ұстағанды жөн көреді. Ал нағашы әжелері жиендерінің дұрыс тамақтануына назар аударады. Дүкендегі самсаған сусындарды татырмайды. Қолдан шырын жасап, компотын қайнатып, барынша табиғи өнімдер береді. Қант диабетінің жасаруына алаңдайтын аға дәл осы тамақтануды ретке келтіру арқылы ауыр дерттің алдын алған абзал, дейді.

Өзгеге жәрдемдесуге де жігері жетеді

Берік Төлеубекұлы ағаштан түрлі бұйымдар жасайтынын айттық. Бүгінде спорттан бос уақытта ағаштан түйін түйгенді жаны жақсы көреді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өз ерекшелігіне қарай бейімдеп, қажеттісін жасап береді. Жуырда салмағы 120 келіге жеткен, арбадан төсекке ауысуы өте ауыр боп кеткен әйелге арнайы ағаш құрылғы жасап беріпті. Айтуынша, мұндай бұйым бүкіл әлемде қолданылады. Бізде елімізде жоқ. Ағаштан жасап, лак жағып, ыңғайлы етіп жасаған. Сал ауруына шалдыққан бір бала белін ұстай алмаса керек. Соған арнайы орындықты ағаштан құрастырған. Бұл жұмысқа екі ай уақыт жұмсаған. Мұндай арнайы жасаған заттары аз емес. Жалпы, Берік аға әрбір адам бос отырмауы керек деп есептейді. Ерігіп отырған адамның басына небір жаман ой келеді.

Біздің кейіпкеріміз өзін ғана жігерлендіріп қана қоймайды, өзгеге де жәрдемдесуге күш тауып жүр. Өзі сияқты аяқ-қолынан айырылған адамдарға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетеді.

— Көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Бірақ, кейбір азаматтарды қолтығынан демеп, қиындықты еңсеруіне жәрдемдесіп жіберу керек. Бірде қаламыздағы протез орталығына бардым. Менен жас азаматтардың өзі жандарын қинағысы келмейтінін көрдім. Арбаға отыра бергенді қалайды. Мұндайда ақылымды айтып, кейде қатты айтып, намысын жанып жіберемін. Өзіңді аямау керек. Арбаға таңылып отыра берсе, салмақ қосып, өзіне қиын болады. Одан да денсаулығының мүмкіндігі келсе, протез киіп, ел қатарына іліккен жақсы, — дейді кейіпкеріміз.

Берік аға аймағымызда қол-аяғы кесілген адамдарды оңалтудан өткізу бағыты жоқ, дейді. Жуырда бір азаматтар айналыса бастағанын айтты. Ауруханада бірінші рет ампутацияға кез болған адамға арнайы шақыртумен барады екен.

— Алексей есімді досым бар. Екеуіміз шақырған жерге барып, аяғынан айырылып жатқан азаматқа, олардың туыстарына бұл сынақтан кейін де өмірдің барын түсіндіреміз. Кейбірі осымен қара түнек басталатындай күй кешеді. Өзіміздің жағдайымызды көрсетіп, протезімізді шешіп, бәріне де бейімделуге болатынын іс жүзінде дәлелдейміз. Дер кезінде демеу, дұрыс ақыл айтылмаса, теріс жолға түсіп кететіндер көп. Өкінішке қарай, 30-40 пайызы ішімдікке салынып кетеді. Осындай жағдайлардың алдын алуға көмектесіп, кеңес айтудан жалықпаймыз. Қарағандыға дейін осы мақсатта шақырту алып, 19 жастағы жігіт пен анасына жігер беріп қайтқаным бар, — дейді Берік аға.

Кейіпкеріміз протез киіп, жеңіл атлектикаға қатысатын жандарды да мысалға келтірді. Елімізде спортшыларға, жалпы мүгедектігі бар жандарға арнайы протез берілетінін әрі жақсы фирманікі екенін де қуана жеткізді. Бірақ, елімізде әлі де медицина жағынан олқылық барын жасырмады. Жолдама беруде де талаптар өзгерсе деген бұйымтайын білдірді. Айтуынша, жолдама 14 күнге беріледі. Ал көбіне бір апта жеткілікті көрінеді. Одан да жолдаманың қаржысын қолға берсе, әркім өзінше реттеп алар еді дейді. Мәселен, кейбір сырқат баланы күтіп отырған ана баласымен бірге өзі де оңалтудан өтіп келсе, қандай көмек болар еді. Себебі, көбінің баланы жеткіземін деп жүргенде өз денсаулығы сыр береді, дейді.

Әңгімешіл, өмірге еш өкпесі жоқ аңқылдақ ағамыз сөз соңында барша жанды жүзуге шақырды. Айтуынша, бассейнге барып, аяқтары жоқ ағаның жүзгенін көргенде он екі мүшесі сау өзге адамдар таңданып, мотивация алатын көрінеді. Өзі де Ертіс өзенін жағалай жаяу жүруді әдетке айналдырған 80 жастан асқан қариялардың өмір сүру салтына қызығады. Берік Төлеубекұлы соңғы бір сұрағыма «өзімді мүмкіндігім шектеулі деп ешқашан есептеген емеспін, шектеудің бәрі –
мына санамызда» деп қысқа қайырды. Шынымен солай екеніне кейіпкеріміздің күнделікті тірлігі мен қазіргі жетістіктеріне қарап, көз жетеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.