Жуырда облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті супермаркеттердің бірінде жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Мұнда сауда үстемесі назарға алынған. Оған тұтынушылардың бірінен түскен шағым себеп болса керек.
Облыс орталығы тұрғындарының бірі департаментке сауда нүктелерінің бірінде тауық етінің құны сиыр етінің бағасымен теңесуге шақ қалғанын көріп, шағымданған. Яғни, тұтынушы супермаркет сөресінде бройлердің сан етінің келісі 2710 теңге, ал жамбасы 1850 теңгеден сатылып жатқанына наразылық білдірген.
Осыған байланысты департамент мамандары ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабы 1-тармағына сәйкес ішкі сауда нысаны әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына шекті үстеме өндірушінің босатқан бағасынан немесе көтерме сауда жеткізушісінің сатып алу құнынан он бес пайыздан аспайтындай етіп белгілеуі керектігін алға тартып отыр.
Айта кетейік, дәл осы заңның 33-2 бабының 1-тармағына сәйкес, департамент ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сай жоспардан тыс тексеріс түрінде сауда қызметін реттеу туралы заңнама талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік бақылау жүргізеді. Осылайша, құзырлы органға түскен шағым негізінде тауарға сауда үстемесін арттыру мәселесі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, супермаркет бройлер тауығының жамбас етінің келісін жеткізушіден 1567 теңгемен алып, 1850 теңгеге сатқан. Яғни, үстеме сатып алу бағасынан 18 пайызды құраған. Шекті сауда үстемеден 48 теңгеге асқаны анықталған. Ал сан етінің бір келісін 2293 теңгеден сатып алған супермаркет оны 2710 теңгемен саудалаған. Сонда үстеме 18 пайызды құрап отыр. Бұл дегеніңіз, заңға сәйкес шекті сауда үстемесінен 73 теңгеге қымбат сатылғаны белгілі болды. Сөйтіп, ЖШС шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгіленген 15 пайыздан асырып келген.
Жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде супермаркетке әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Жіберілген кемшілікті жою жөнінде ескерту берілген.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.