Қазақстанда ірі құрылыс және энергетикалық жобалардың жүргізілуі жұмыс күшіне сұранысты айтарлықтай арттырды. Алайда еліміздегі мамандардың саны осы қажеттілікті толық жаба алмай отыр. Сол себепті, халық қалаулылары шетелдік жұмыс күшіне арналған квотаны ұлғайтып, мигранттарды елге тарту талаптарын жеңілдету жолдарын қарастыруды ұсынды. Олар бұл қадам арқылы жұмыс нарығындағы тапшылықты азайтып, заңсыз еңбек миграциясын реттеуге ықпал етуі мүмкін дейді. Сонымен, мұндай ұсыныс жұмыс күшіне қалай әсер етеді? Шетелдерден сала мамандарын тарту қаншалықты дұрыс? Осы және өзге де сұрақтарға «Алаңда» жауап іздеп көрдік.
Динара АЙТЖАНОВА, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты:
– Қазақстанда еңбек нарығында басымдық әрқашан өзіміздің жұмысшыларға берілуі керек. Жұмыс берушілердің әр өтінімінде алдымен қазақстандық кадрларды оқыту және жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылуы тиіс. Бұл – әділдік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі шарты.
Шетелдік мамандарды тарту тек олардың құзыреті бірегей екені дәлелденген жағдайда ғана рұқсат берілуі тиіс әрі бұл процесте отандық кадрларды дамыту мен қайта даярлауға басымдық беруге негізделуі керек.
Дегенмен, атом электр станциясы секілді ірі және жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру кезінде шетелдік сала мамандарын тартуға болады. Мұндай мамандар елдің білікті кадрлары үшін тәжірибе алмасу мүмкіндігін туғызуы тиіс. Ал негізгі жұмысшыларға берілетін басымдық сақталуы қажет.
Осылайша, шетелдік жұмыс күші тек арнайы, қажет болған жағдайларда тартылатын құрал болуы керек. Негізгі назар отандық кадрларды дамыту, жұмыс орындарын тиімді пайдалану және ішкі еңбек әлеуетін толыққанды пайдалану болып қалуы тиіс.
Самал ҚАДЫРОВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Өткен жылы өңірде еңбекші көшіп келушілерді тарту мақсатында квота аясында 599 шетел азаматы жұмысқа орналастырылды. Квота облыстың қалалары мен аудандарындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері арқылы бөлінді. Бұл шара кадр тапшылығы байқалатын салаларды толықтыруға мүмкіндік берді.
Еңбекші көшіп келушілер негізінен Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжан елдерінен келіп, жеке тұлғалардың үй шаруашылығында қызмет көрсетуге, сондай-ақ егіншілік пен мал шаруашылығы, құрылыс пен жөндеу, коммуналдық қызмет салаларына орналастырылды. Қазіргі таңда қолөнерші, от жағушы, бала күтуші, аспаз, күзетші, үй қызметшісі, күтуші, бағбан және аула сыпырушы мамандықтарына сұраныс бар.
Қазақстан Республикасында еңбек мигранттарының құқықтары ұлттық заңнамаға, халықаралық шарттарға және практикалық қорғау тетіктеріне сәйкес қорғалады. Бұл шаралар олардың заңды еңбек етуін қамтамасыз етіп, әлеуметтік кепілдіктер алуына және көлеңкелі еңбек нарығының алдын алуға бағытталған. Алдағы уақытта да еңбек миграциясын реттеу жұмыстары заң аясында жалғасады.
Дмитрий КОРЕПАНОВ, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:
– Қазақстанда еңбек нарығы мен кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Кейбір сарапшылар мен депутаттар шетелдік жұмыс күшін тарту арқылы ол проблеманы шешуге болады деп есептесе де, түпкі мәселе – отандық кадрларды тиімді пайдалануда.
Алдымен, елімізде жұмыссыздар жетіп артылады, бірақ олардың көпшілігі мамандығына сай жұмыс таба алмай отыр немесе ұсынылып отырған жалақы мен жұмыс шарттары сәйкес емес. Қарапайым еңбекке көңіл бөлмей, қайта даярлау мен біліктілікті арттыру бағдарламалары жеткілікті деңгейде жүргізілмесе, шетелдік мамандарды тарту тек уақытша шешім болады. Егер мигранттарды тарту жоспарланса, олардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері қатаң сақталуы тиіс. Әйтпесе, бұл қадам мәселелерді шешпей, сыбайлас жемқорлық тәуекелін күшейтіп, ішкі еңбек нарығын әлсіретеді. Одан бөлек, қазіргі жағдай көптеген жас маманның өз еліңде жұмыс таба алмай, Америка, Корея және басқа елдерге барып, отбасын асырауға мәжбүр болып отырғанын көрсетеді.
Сондықтан негізгі назарды отандық кадрларды қайта даярлау, жұмыссыздарды нарыққа тиімді тарту және жұмыс шарттарын жақсарту арқылы ішкі еңбек әлеуетін толық пайдалануға бөлу керек. Сонда ғана Қазақстандағы еңбек нарығы тұрақты дамып, әлеуметтік тұрақтылық сақталады.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.
