Облыс орталығындағы үш университетте мыңдаған студент кәсіби маман атану үшін білім алуда. Олардың қатарында 17 елден келген 410 шетелдік жас бар.

 

Білім алушылардың дені Әзербайжан, Алжир, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Германия, Грузия, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Нигерия, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина мемлекеттерінен келген. Таяуда аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер арасындағы этносаралық қатынастар және жанжалдардың алдын алу мәселелері талқыланды. Жиын барысында «Торайғыров университеті» КЕАҚ, «Ә.Марғұлан атындағы ППУ» КЕАҚ, ИнЕУ ректорлары шетелдік студенттермен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Белгілі болғандай, өзге елден білім қуып келген жастар оқу орнына қабылданған сәттен бастап әлеуметтік, психологиялық және мәдениетаралық бейімделуге ерекше көңіл бөлінеді. Шетелдік студенттермен жұмысты «Отандастар қоры» КЕАҚ Павлодар облыстық фронт-кеңсесі жүргізеді. Олар студенттердің құжаттарын қазақ тіліне аудару, визаларын ресімдеу және т.б. бағытта жан-жақты қолдау көрсетеді.

Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар облысының көпұлтты өңір әрі облыстағы этносаралық жағдай тұрақты екенін атап өтті. Аймақта этносаралық қатынастарды дамыту бойынша ведомствоаралық жоспар қабылданды. Сонымен қатар, аймақ басшысы жастар арасында «Әртүрліліктегі бірлік» жалпыұлттық құндылықтары туралы ақпараттық және түсіндіру шараларының кешенін әзірлеп, іске асыруды тапсырды.

Жиында мектеп түлектері арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстары да талқыланды. Аталмыш жұмысты жақсарту үшін осы жылы өңір мектептерінде педагог-кәсіби бағдар беруші бірлігі енгізілді. Облыс әкімі оқушыларды кәсіптік бағдарлау бойынша дұрыс құрылған жұмыс оқу орнын бітіргеннен кейін алған мамандығынан бас тарту жағдайларын барынша азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.