Шыбын-шіркеймен күрес басталды

Сәу 17, 2025
Foto Valeriy BUGAYEV

Аймағымызда қансорғыштарға қарсы күрес жұмыстары 9 сәуірде басталды.  Мамандар еріген қар суы мен көлшіктердегі су температурасын өлшеп, бұл орындарда масалардың дернәсілдері бар-жоғын тексеруде.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркенов биыл аймақта әуеден өңделетін алаң көлемі 45 мың гектарға артатынын айтты. Бұл ретте 172 мың гектар жер әуеден өңделмек. Бұл жұмысты жүргізу үшін қосымша техника да тартылады. Шыбын-шіркеймен күресте 182 келі биологиялық препарат пайдаланылады.

— Биыл өңделетін алаң көлемінің ұлғаюына байланысты AH-2 маркалы 10 тікұшақ жұмыс істейді. Қосымша екі авиаборт Железин ауданы мен Атамекен кентінде орналасады. 60-қа жуық елді мекенде тосқауылдық өңдеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар облыс орталығы мен Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл және Павлодар аудандарында атқарылмақ. Тосқауылдық өңдеу кезінде қолданылатын екі аэрозольді реттелетін дисперсия генераторына қосымша тағы екі құрылғы алынды. Олардың әрқайсысының қамту қашықтығы — 500 метрге дейін, сыйымдылығы – 1500 литрді құрамақ. Химиялық препараттың мұндай көлемі жұмысты тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, — дейді Д.Қайыркенов.

Биыл Ертіс өзенінің арнасы үш рет өңделеді деп күтілуде. Тосқауылдық өңдеу орталық жағалау бойындағы темір жол көпірінен Усолка шағын ауданына дейін жүргізіледі. Бұдан бөлек, үш қалада жертөлелерді өңдеу жұмыстары бастау алды. Екібастұз қаласы бойынша жалпы саны 650 жертөле өңделуі тиіс. Бүгінде жоспар 50 пайызға орындалған. Ал Ақсу қаласында 30 жертөленің 12-сі өңделген. Павлодар қаласында 50 жертөленің 30-ында өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Атап өтерлігі, биыл шыбын-шіркеймен күресте Польша елінің технологиясы енгізілмек. Байер препаратынан бөлек, Польша елінің препараты қолданылады.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.