Биыл облыста шыбын-шіркеймен күрес барысында авиациялық өңдеудің жалпы ауданы биыл 127 мыңнан 172 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Сәйкесінше, қажетті препараттардың көлемі де өсті. Сондай-ақ, осы жылы шыбын-шіркейді улауға «Байер» препараттарынан бөлек, поляк өндірісінің жаңа, жетілдірілген құралдарын қолдану жоспарланған.
Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдегі әуеборттардың қансорғыш жәндіктерге қарсы жұмыстарының дайындығын тексерді. Сапар барысында зиянкестермен күрес өңір тұрғындарын алаңдататын басты мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондықтан өткен жылы атқарылған жұмыстардағы қателіктер ескеріліп, биыл қансорғыш жәндіктермен күрес күшейтілген. Егер өткен жылы 8 әуепорт жұмыс істесе, биыл олардың саны 10-ға жеткен.
— Табиғатты қорғау мақса-тындағы су босату есебінен Ертіс жайылымына қосымша 500 миллион текше метр су келіп түседі. Бұған дейін біз аумаққа 5,7 миллиард текше метр су таратылады деп жоспарлаған едік. Бұрын жайылымның 80 пайызы суға толады деп есептелсе, енді көрсеткіш 90 пайызға жетеді. Бұл дезинсекциялық жұмыстарды орындау кезінде ескерілуі тиіс. Су деңгейі мамыр айының басында төмендей бастайды, сол кезде өзен өз арнасына оралады. Негізгі жұмыстар осы кезеңде басталады, – деп атап өтті Асайын Байханов.
«ВИК ЛТД» мердігер ұйымның техникалық директоры Бауыржан Жанақовтың сөзінше, қансорғыш жәндіктерге қарсы жұмыстарды жүргізетін он ұшақ толықтай дайын. Екі апта бұрын зиянкестерге қарсы жаңа польшалық препараттың алғашқы ерітіндісі дайындалған. Аталмыш әуеборттар Атамекен кентінің маңында орналасқан және өңдеу нүктелері бойынша таратылады. Бір АН-2 ұшағы бір аралықта шамамен 400 мың гектар жерді өңдей алады. Бұл өткен жылғы 120 мың гектарлық көрсеткіштен қарағанда әлдеқайда жоғары.
— Осы жылы әрбір ұшаққа GPS-навигациясы және Павлодар өңірінің цифрландырылған картасы бар планшеттер орнатылады. Бұл бізге жайылманың белгілі бір учаскесінің қайда және қалай өңделетінін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Жергілікті ғалымдардың сөзінше, зиянкестер өзеннің арнасында ғана емес, жайылымда да кездесіп жатады. Өйткені, ол жерде де оларға азық жеткілікті болады. Ал егерде әуепорттың саны артатын болса, онда осы мәселе оң шешімін тауып, олардың көбеюіне кері әсерін тигізеді. Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, биыл Ертіс өзенінің жайылымдық аумақтарында шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстары 1 800 шақырым аумақты қамтыған.
– Ауадан өңдеу жұмыстары Ертістің жоғарғы және орта ағыстарында қатар жүргізу көзделген. Нәтижесінде, 60 ауылды қамтымақпыз. Былтыр екі аэрозоль генераторы пайдаланылса, осы жылы олардың саны екі есеге артады. Егер өткен жылы өңделуге тиіс аумақ 127 мың гектар болса, биыл бұл көрсеткіш қосымша 45 мың гектарға ұлғайтылды. Қосымша өңдеу жоспарына Ақсу қаласының ауылдық аймағының 15 мың гектары және Ертіс ауданындағы жайылманың 30 мың гектары енгізілген. Зиянкестермен күресу үшін 182 мың килограмм биопрепарат пен 14,5 мың литр химиялық препарат пайдаланылады. «Байер» препараттарынан басқа, польшалық өндірістің жетілдірілген құралы қолданылатын болады, – дейді Сағын Төлеутаев.
Айта кетейік, үш аптадан бері фенологиялық зерттеулер жүргізіп келе жатқан ғылыми топ әуе өңдеулерінің нақты басталу күндерін атамады. Алайда алдын ала мәліметтер бойынша, дизенсекциялық жұмыстар мамыр айының ортасында басталады. Ал облыстың оңтүстігіндегі аудандарда өңдеу шаралары одан ерте басталады деп жоспарланып отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.