Павлодар қаласы — еліміздегі ең таза әрі шырайлы шаһардың бірі. Облыс орталығы көз алдымызда көркейіп, күн сайын өсіп-өркендеп келеді. Қазіргі таңда қаланың инфрақұрылымы да қарқынды дамуда. Жылдан-жылға жаңа ғимараттар мен зәулім үйлер бой көтеріп, халық санының артқаны байқалады. Қуантарлығы, соңғы уақытта шаһарымызға алыс-жақын ауылдардан, өзге өңірлерден келетін жастар қатары күрт көбеюде. Олар өндірісті өлкеміздің өркен жаюына өз үлестерін қосып, осы жақтан бақыт табуда. Қысқасы, бүгінде сәулетті де дәулетті Павлодар қаласы тұрғындар үшін құтты мекенге айналды.

Иә, айтуға сөз, көркіне көз жетпейтін шырайлы шаһардың шаттығын осындағы әр адам жүрегімен сезінуде десек, қателеспеспіз. Алда келе жатқан Қала күні мерекесіне орай қалалықтардың жарқын естеліктері мен жылы лебіздеріне  құлақ түріп көрген едік.

Нұрлан НӘБИЕВ,  Павлодар облысының Құрметті азаматы:

— Әлі есімде… Бала кезімізде Павлодар қаласының келбеті мүлдем басқа болатын. Ал қазір адам танымастай болып өзгерді, көркейді, дамыды. Елдегі өнеркәсіпті өңірге айналып, жоғары ғылыми-техникалық әлеует қалыптасты. Шағын және орта бизнеске серпін берілді. Жыл сайын көшелер мен жолдар жөнделіп, қаланың аумағы кеңеюде. Бұл  облыс және қала әкімдіктерінің шаһарды көркейтуге көп көңіл бөлгендігінің нәтижесі деп білемін. Бастысы, тұрғындардың бақуатты өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуда.

Міне, қалада орын алып жатқан осынау оң өзгерістерді көзімізбен көріп, қуанып отырамыз. Жалпы, Павлодар менің отбасым, балаларым, немерелерім үшін ең сүйікті қала саналады. Сондықтан да бізге бұдан артық жер жоқ. Өткеніміз де, келешегіміз де Павлодар қаласымен тікелей байланысты. Осындай жанға жайлы, әдемі де әсем қалада тұру – зор бақыт! Ендеше, бақ қонған бұл өлкені мекендеген барша жерлесімді келе жатқан Қала күнімен құттықтаймын. Шаһарымыз шаттыққа бөлей берсін деймін.

Алмагүл БҰЗАУБАЕВА, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын:

— Мен Павлодар қаласында тұрғанымды мақтан етемін. Маған шаһар жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келе жатқандай сезіледі. Олай дейтінім, жаңа шағын аудандар көбейіп, аурухана, мектеп сынды әлеуметтік нысандар бой көтеріп, қала тұрғындарының игілігіне берілуде. Сондай-ақ, саябақтар жаңарып, демалатын орындар мен ойын алаңдары да көптеп салынуда.

Айрықша атап өтерлігі, қалада мәдениет саласын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Бүгінде орталық жағажайда «менмұндалап» тұрған «Ертіс Promenade» сахнасы соның дәлеліндей. Ерке Ертістің жағасында жайғасқан осы сахнада шетелдік, қазақстандық және облысымызға танымал жұлдыздар өнер көрсетіп, мыңдаған адамға көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүргеніне куә болудамыз. Бұл қала тұрғындарына деген үлкен тарту деп білемін. Мақтауға тұрарлық осындай жұмыстарға қарап, шаһар халқының жайлы да жақсы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып жатқанын аңғаруға болады. Сол үшін де Павлодарда тұрған да, тұрмаған да арманда шығар деп ойлаймын. Қаламыздың болашағы жарқын болып, жаңа жобалар сәтімен жүзеге аса берсін деп тілеймін.

Русана Сулаймонова, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:

— Павлодар қаласында 1 жасымнан бастап тұрамын. Яғни, балалық шағым да, жастық шағым да осы сүйікті шаһарда өтуде. Облыс орталығындағы №5 мектепті  бітіріп, ары қарай Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде жоғары білім алдым. Одан кейін «Жасыл ел» штабына келіп, өз жолымды таптым. Қазір жастармен жұмыс істегендіктен Павлодар — жастар қаласы екеніне көзім жетті. Олай дейтінім, осында жастардың өзін дамытуы, өсуі үшін мол мүмкіндік бар. Мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы арқылы да аймағымызға өзге өңір жастары ағылуда.

Атап өтерлігі, біздің штабтағы қалалық қыз-жігіттер де белсенді, талантты. Әр іске, жаңа жобаға білек сыбана кірісіп кетеді. Шаһарды таза ұстап, жасыл желекке бөлеу үшін аянбай тер төгуде. Соған қарап, қаланың келешегі кемел болады деп үміттенемін.

Иә, «Ел ертеңі — жастардың қолында!» деп зиялы қауым өкілдері бізге зор сенім артып жатады. Павлодар қаласының жалынды жастары үлкендердің осынау үмітін ақтайтынына еш күмәнім жоқ. Шаһар тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтай отырып, қаламыз нұрлана, гүлдене берсін деп тілеймін.

 

Сауалнаманы жүргізген – Нұржайна ШОДЫР.