Павлодар қаласының орталық алаңында басты шыршаның шамдары салтанатты түрде жағылды. Бұл күні Павлодар қаласының 10 аумағында да шырша шамдары жарықтандырылды.

Салтанатты шараға қала тұрғындары және қонақта-рымен қатар облыс әкімі Асайын Байханов пен Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қатысты.

Шырша маңына жиналған көрермендер сиқырлы театрландырылған көрініске, жасыл шыршаның жарқыраған шамдарына тәнті болды. Салтанатты рәсімнен кейін түрлі-түсті театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламада елімізге белгілі эстрада жұлдыздары Жанар Доғалова мен Меховая 8/1 тобы және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Орталық алаңда, сонымен қатар ыстық сусындар мен тағамдар сататын алаңдар ұйымдастырылды.

Биыл қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше жаңа жылдық атмосфера сыйлау үшін облыс орталығының жарықтандыру арқылы безендірілуіне көбірек элемент пен орындар қосылды. Мәселен, жуырда облыс әкімдігінің алаңында жаңа тегін мұз айдыны ашылды.

Сонымен қатар, Павлодар қаласындағы кәсіпорындар мен ұйымдар, білім беру мекемелері, саябақтар, мәдениет мекемелері, сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары безендіріліп, аудан орталықтарында да мерекелік шыршалар орнатылды.