Шіркеймен күресетін күн жақын

Ақп 20, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Жылда күн жылынып, көк шығысымен облыс бойынша шыбын-шіркеймен күрес басталатыны белгілі. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша биыл көктем ерте келіп, ауа температурасы нормадан 2 градусқа жоғары болады деп болжануда. Бұл ретте қара Ертісті бойлай қоныстанған өңірде залалсыздандыру жұмыстарын дер кезінде қолға алу маңызды. Әйтпесе дернәсілдерді жою қиындай түсетінін тағы білеміз.

Жуырда облыс әкімдігінде 2025 жылғы дезинсекциялық науқан мәселелері талқыланды. Биыл бұл жұмыстар 2024 жылы жасалған үш жылдық келісім-шарттың аясында жалғасады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, ағымдағы жылы әуеден өңделетін алқаптың жалпы ауданы 172 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың гектарға артық. Оның ішінде Павлодар қаласының 32 мың гектар жайылма аумағын, Ақсу қаласында және Павлодар ауданында 30 мың гектардан, Тереңкөл және Ақтоғай аудандарында 20 мың гектардан, сондай-ақ, Ертіс ауданында 40 мың гектар жайылма алқабын қамту жоспарлануда.

Облыс әкімі Асайын Байханов әуеден өңделетін алқаптың көлемін ұлғайтуды ескере отырып, қосымша техниканы тарту қажет-тігін жеткізді. Атап айтқанда, «АН-2» маркалы 8 ұшаққа верификациядан кейін тағы екі борт келуі керек. Сондай-ақ, тосқауылмен өңдеу кезінде қолданылатын екі аэрозольді реттелетін дисперсия генераторына тағы 2 бірлік қосылады. Олардың әрқайсысының қамту қашықтығы — 500 метрге дейін, сыйымдылығы — 1500 литрге дейін. Бұдан бөлек, дезинсекциялық науқан барысында қолданылатын препараттың көлемі пропорционалды түрде 14,5 мың литрге дейін артады. «Байер» препараттарынан басқа, поляк өндірісінің жаңа жетілдірілген құралдарын қолдану жоспарланып отыр. Олар наурыздың екінші онкүндігінде жеткі-зіледі деп күтілуде.

— Ең бастысы Ертістің табиғатты қорғау мақсатында жіберетін суының мерзімін жіберіп алмау. Аймақтағы су шаруашылығы жағдай-ларын талдаңыздар, еңбек ресурстарын дайындаңыздар, тиімді әдісті қолданып, өңдеуді ұйымдастырыңыздар. Барлық аудандарда жол карталары қабылданып, негізгі іс-шаралар анықталды. Иесіз су қоймаларын, үйлердің жертөлелерін өңдеу жұмыстарына дайындалыңыздар. Бұл жұмыстардың барлығы ерекше бақылауда және алдын ала орындалуы тиіс, — деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, жиын барысында табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін судың параметрлеріне байланысты болатын дезинсекциялық жұмыстарды жүргізу және ғылыми сүйемелдеу барысы жан-жақты талқыланды. Бүгінде Бұқтырма су қоймасында 38 км3 су бар, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,6 км3 артық. Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына келетін су көлемінің болжамды ағыны орташа көпжылдық мәндерден 15 тен 40 пайызға дейін жоғары.

Облыс әкімі бекітілген алгоритмге сәйкес дезинсекциялық іс-шараларға жоспарлы дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды. Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп бақылауды және үйлестіруді күшейтіп, аудандарға алдын ала баруы қажет.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.