Шәууәл айының шарапаты

Нау 26, 2026

Бірер уақыт бұрын ораза айын асыға күтіп, сол айға аман-есен жетсем екен деп жүрген едік, енді міне, Рамазанды да тәмамдап, оның артынша келетін Шәууәл айына да қадам бастық. Иә, Рамазан — бір адамдар үшін жаңа құлшылықтардың бастамасы әрі жалғасын тапқан сансыз сауаптардың бастамасы. Ал біреулер үшін
жәй ашығу ғана. Оның бәрі адамның ішкі ниетіне, жан дүниесіне байланысты.

Рамазаннан кейінгі ораза

Мейірімі шексіз Алла Тағала Рамазанның құндылығын кеш түсініп я болмаса қандай бір адами факторлар себебімен сауаптан құр қалған пендесіне өткен ораза айынан кейін де мүмкіндіктердің есігін ашып қойды. Сондай есіктің алғашқысы – Шәууәл айының оразасы. Мұсылман күнтізбесі бойынша Рамазаннан кейін көрінетін ай – Шәууәл айы. Бұл – Рамазанның біткендігін білдіретін, Айт мейрамының келгенін сүйіншілейтін ай!

Шәууәл айы – Рамазанда жіберіп алған кемшіліктеріміздің орнын толтыру үшін таптырмайтын мүмкіндік. Міне, сол мүмкіндік есігімізді қағып тұр. Құлшылықтың біз елей бермейтін қырлары көп. Жаратушымызға тағы да біртабан жақындау мүмкіндігін әр мұсылман жіберіп алмауы тиіс. Рамазан айындағы парыз оразаны өтеп болған соң, Шәууәл айынан бастап Алла Тағалаға нәпіл ғибадаттар арқылы жақындай түсу мүмкіндігі туады. Шәууәлдағы қосымша құлшылықтардың ең негізгісі – алты күндік ораза. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рама-занда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууәлда алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады» — деген. Бұл хадис Шәууәлдағы алты күн оразаны тұту Аллаға сүйікті амал екенін білдіреді. Фиқһ ғалымдары хадистегі «артынша ұстаса» деген мәтінді Айт мейрамынан кейін арасын суытпай жалғастырса деген ұғыммен түсіндіреді. Алайда, бұл алты күнді Шәууәл айының соңына дейін ұстаса да жалғастылық үкімі үзілмейді, деген пікірдің де дұрыс екені құлшылық кітаптарында баяндалған.

Отыз күн оразадан кейін Шәууәлдағы алты күнді қосып тұтудың бір жылдық оразаға тең келуін шариғат ғалымдары былай түсіндіреді: Әрбір жақсылық кемінде он еселенеді. Рамазандағы отыз күніміз үш жүз күнге татыса, одан кейінгі Шәууәлдағы алты күніміз алпыс күнге тең келеді. Ахмадтің «Муснәд» жинағында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан оразасын ұстаса, бір ай он айға тең келеді. Ал айттан кейінгі алты күннің оразасы екі айға тең. Барлығы бір жылдың оразасына тең», – деп айтқан.

Қазаның орнын толтыру айы

Шәууәл айы Рамазаннан кейін келетін ай болғандықтан, бұл айда өткен оразадағы кемшіліктердің орны толықтырылады. Бұхари мен Муслимнің «Сахих» жинақтарында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айының соңғы он күнінде жасай алмаған иғтикаф құлшылығының орнын Шәууәл айында толық-тырғандығы айтылады. Мұнымен қоса, түрлі себептермен ұсталмай қалған ораза күндерін дәл осы Шәууәл айында толықтырған жөн дейді ғалымдар.

Қажылыққа дайындық айы

Рамазан айында мұсылман баласы Аллаға жақындап, жүрегін тазартып, иманын күшейтеді. Алайда Рама-занмен ғана шектеліп қалмай, оның рухани жемісін әрі қарай жалғастыру да маңызды. Себебі, Алла Тағала Құранда Рамазаннан кейінгі Шәууәл, Зұл-Қағда және Зұл-Хижжа айларын «Қажылық айлары» деп атап көрсеткен. Яғни, үлкен қажылыққа дайындық уақыты.
Шәууәл айы — қажылық айларының алғашқысы, Рамазаннан кейін келетін қасиетті кезең. Бұл жайында Құранда Бақара сүресінің 197-аятында: «Қажылық белгілі айларда орын-далады. Оларда кім қажылықты мойнына алса, күнә істеуге, ұрыскеріске жол жоқ. Ал қандай игілік істесеңдер, Алла оны біледі. Олай болса, (қажылыққа) азықпен (дайын-
дықпен) қамданыңдар! Расында ең жақсы азық – тақуалық азығы. Ей, ақыл иелері! Менімен тақуалық етіңдер». Бұл айда Ұмра қажылығын орындау — үлкен сауап.

Тілеуберді САХАБА.