Жаз басталғалы қаланың басты көшелеріндегі жасыл желек ыстықтан кеуіп, басқа аумақтарды айтпағанда, орталық алаңдар мен саябақтардағы шөптің көбі сарғайып кетті. Бұл тұрғындар мен табиғат жанашырларын алаңдатқаны анық. Облыс басшылығы да аталған мәселеге назар аударып, суару көлігін көбейтуді тапсырды. Соның аясында жасыл желекті жайқалту жұмыстары қайта жүйеленді. Сондай-ақ, теректердің мамығын азайтудың жаңа әдісі қолданыла бастады.
Бұған дейін мезгілімен суарылып тұрған тал-теректер қаламызда жайқалып өсіп, шаһар келбетіне шырай қосып тұратын. Қала тұрғындары биылғы көгалдандыру жұмыстарын мойнына алған мердігер компанияның жұмысы тым баяу екендігін айтып, жасыл желектердің ғұмырына алаңдаулы. Бүршік жармай, бүрісіп қалған көшеттерді көрген жергілікті тұрғындар жауапты мекеме өкілдері бұл ағаштарды «екті де кетті» дейді. Кей аумақтардың уақытылы суарылмайтыны тағы бар. Мәселен, Ткачев көшесі 10-үй, мекенжайында тұратын қала тұрғыны Алма Нұрғалиева былтыр Усолка жағалауында егілген көшеттердің жартысына жуығы қурап қалғанын айтады.
— Күтімі жоқ көшет қайдан өнсін? Қаламыздың әр ауданында егілген жасыл желек суға зәру. Көше бойындағы қурап қалған ағаштарды көргенде, жаным ашиды. Тағы бір айтар жайт, көшет отырғызудың белгіленген реті барын ескерсек, бір жерге бірнеше тал егу дұрыс емес. Өйткені, ағаштардың бір-бірінен алшақтығы сақталуы тиіс. Былтыр Усолка шағын ауданында егілген ағаштардың басым бөлігі қурап қалды. Себебі, дұрыс суарылмады. Биыл да жас шыбықтар отырғызылды, енді олар бір тамшы суға зәру, – дейді қала тұрғыны.
Бұрнағы күні аймақ басшысы Асайын Байханов аталмыш мәселе бойынша Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыповпен, оның орынбасарлары және ТҮКШ бөлімінің мамандарымен, сондай-ақ, жауапты мердігерлермен жиналыс өткізді. Күн тәртібінде жасыл желектерді суару мен олардың күтімін ұйымдастыру мәселесі сөз болды. Облыс әкімі суару техникасының саны ұлғаюына қарамастан, бұл бағыттағы жұмыстар көңіл көншітпейтінін сынға алды. Басқосу барысында тәлімбақтардың жұмысына да қатысты жағдайлар сараланды. Жиын соңында жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
— Павлодар қаласындағы көшет-терді күтіп, уақытылы суарылуын ұйымдастырмасақ, көгалдандыру бойынша атқарған еңбегіміз еш болатын түрі бар. Бұл, әсіресе, өңірдегі аптап ыстық кезінде аса өзекті. Осы мәселе бойынша тұрғындардан көптеген шағым түсуде. Бұл жағдайға менің де көңілім толмайды. Сондықтан жауапты бөлімдер жұмыс алгоритмін қайта қарауы қажет. Мердігер ұйымдар жұмыстарды кешкі және түнгі уақытта да жүргізеді, бірақ, оларға тиісті бақылау керек, — деді облыс әкімі.
Өз кезегінде қала әкімі Ержан Иманзайыпов бұл бағытта жұмыстар күшейтіліп, көшеттерді суару әдісі әртараптандырылатынын жеткізді. Оның сөзінше, бүгінгі таңда мамандар орман алқабында отырғызылған мәдени екпелердің өнімділігі мен өсу жағдайына түгендеу жұмыстары жүргізілуде.
— Күннің күрт ысуына байланысты қалада жасыл желектерді суару жұмыстары күшейтілді. Сондай-ақ, суару көліктерінің саны 27-ден 34-ке дейін артты. Техниканы сумен толтыру үшін Бейбітшілік, Амангелді – Баратбаев, Солтүстік өнеркәсіп аймағы, Ворушин көшелерінде және әуежай жағында 5 су қабылдау станциясы жұмыс істейді, — деді шаһар басшысы.
Жалпы, үш қалада суару көліктерінің саны көбейтілді. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарға 49 суару көлігі жұмылдырылды. Сондай-ақ, теректердің мамығын түсіру, көшелерді жуу жұмыстары қолға алынды.
Онсызда бір тамшы жаңбыр жаумай, жасыл желек әбден «шөлдеген» уақытта суару жүйесі нәтиже берсе екен дейміз. Әйтпегенде, теректің мамығы жұртты әбден әбігерге салып, талдардың басым бөлігі күнге күйіп кетуі мүмкін.
Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.