Экологияны жақсарту — ерекше назарда

Қыр 25, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысында қоқыс өңдейтін кәсіпорын салынады деп  жоспарлануда. Сондай-ақ, аймақта азық-түлік қалдықтарын қайта өңдеп, органикалық тыңайтқыш ретінде кәдеге жарату көзделіп отыр.

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысында айтылды. Облыс әкімдігінде өткен ауқымды жиынға аймақ басшысы Асайын Байханов, жоғарыда аталған комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин бастаған бір топ Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев, Павлодар облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Ерлан Салханов, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысты Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин ашып, индустриялық өңірлер үшін экономика, қоғам және табиғат мүдделеріне негізделген тұрақты экологиялық шешімдерге көшу өте маңызды екенін атап өтті.

Асайын Қуандықұлы экологиялық жауапкершілік аймақтағы барлық субъектілер үшін басты қағидат екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыстың еңбекке қабілетті тұрғындарының шамамен төрттен бір бөлігі өнеркәсіп орындарында жұмыс істейді. Өңір Қазақстандағы алюминийдің 100 пайызын, көмірдің 60 пайызын, ферроқорытпаның 58 пайызын және электр энергиясының 42 пайызын өндіреді.

— Павлодар облысы — Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі. Аймақтағы 900-ден астам кәсіпорын жыл сайын 700 мың тоннаға жуық зиянды қалдықтар шығарады. Ірі кәсіпорындар Екібастұз, Ақсу және Павлодар қаласында орналасқан. Ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу және өндірістерді кезең-кезеңімен жаңғыртудың арқасында шығарындыларды азайтуға мүмкіндік алдық. 2024 жылы зиянды қалдықтардың көлемі 6,5 мың тоннаға азайды. Соңғы үш жылда облыстың ірі кәсіпорындары табиғатты қорғау саласына 82 миллиард теңге инвестиция салды. Соның арқасында энергетика, металлургия және шикізат өңдеу кәсіпорындарында гибридті сүзгілер және басқа да жаңа технологиялар енгізілуде. «Богатырь» кенішінде шаңды басу жүйелері орнатылды. 11 зауытта автоматтандырылған мониторинг жүйелері іске қосылды, жыл соңына дейін осындай жүйелер тағы төрт ірі өндіріс орнында орнатылады.

Облыста қоқыс өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жыл сайын ол 18 мың тонна пластикті, 10 мың тонна қағаз бен картонды, 8 мың тонна әйнекті және 6 мың тонна темірді қайта өңдеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға дейін тағам қалдықтарын қайта өңдеп, органикалық тыңайтқыш ретінде кәдеге жаратылады, — деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі Павлодар облысындағы экологиялық ахуалды жақсарту, озық технологияларды енгізу және кешенді табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында атмосфераға шығарылған эмиссия көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға төмендеген, яғни ластану деңгейінің төмендеу үрдісі бар.

Ауқымды жиында облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева ағымдағы экологиялық ахуалды жақсарту және басым міндеттерді шешу жөніндегі шаралар бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, экологиялық қауіпсіздіктің негізгі бағыты атмосфералық ауаның сапасын жақсарту болып қала береді. Мониторинг бойынша цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда нақты уақыт режимінде шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйелері  өңірдің 11 ірі кәсіпорнында, оның ішінде «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ және «Қазақстан алюминийі» АҚ-да жұмыс істеп тұр.

Көшпелі отырыста ормандарды сақтау және су ресурстарын басқару мәселесі де қаралды. Өңірде орманды қалпына келтірудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда.  2025 жылы 1 400 гектар алқапқа 8,6 млн көшет отырғызу жоспарлануда. Жыл басынан бері 17 саябақ пен сквер абаттандырылып, 40 мыңнан астам ағаш егілді. Суармалы жерлердің 97 пайызында суды үнемдейтін жүйелер қолданылды. Сонымен қатар, шағын өзендер мен арналарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы Черноярка ауылындағы Ертіс өзенінің арналарын тазарту аяқталады, бұл сумен жабдықтауды жақсартуға және ауыз судың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа экологиялық жобаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Басым бағыттардың қатарында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша зауыт салу, коммуналдық қалдықтарды сұрыптау бойынша кәсіпорындар құру, сондай-ақ бұзылған жерлерді қалпына келтіру жобалары бар.

Қатысушылардың айтуынша, облыс әлі де ел бойынша зиянды қалдықтардың үштен бірін шығарып отыр, оның 45 пайызы — Екібастұзға, 26 пайызы — Ақсуға және 22 пайызы Павлодарға тиесілі.

Табиғатты қорғау іс-шараларын қаржыландыру 2024-2026 жылдарға арналған үш жылдық жоспар аясында жүзеге асырылады. Қаражаттың жалпы көлемі 79,9 млрд теңгені құрайды. Бұл өз кезегінде техногендік жүктемені төмендетуге және халық үшін қолайлы экологиялық ортаны қалыптастыруға бағытталған бастамалардың ауқымды кешенін іске асыруға мүмкіндік береді.

Отырыс соңында қатысушылар оның Павлодар облысының экологиялық қауіпсіздігінің өзекті мәселелерін талқылаудағы маңызды қадам болғанын атап өтті. Қабылданған ұсыныстар мемлекеттің, бизнестің және қоғамның өзара белсенді іс-қимылы арқылы өңірдің орнықты экологиялық дамуын қамтамасыз ететін болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.