Елімізде жұмыссыздар көрсеткішінің күрт өсуіне жол бермеу — маңызды міндеттердің бірі. Себебі, қоғамда жұмысқа жарамды әрбір азаматтың еңбек еткені өзіне ғана емес, еліміз үшін де тиімді. Жұмыссыздықтың белең алмауы аса қажет. Осы тұрғыда мемлекет жұмыспен қамтудың жүйелі қадамдарын қарастырған. Қоғамның әр санатына лайықталған бағдарламалар да бар. Халықты жұмыспен қамтуға жауапты жеке мекемелер де құрылды. Сонымен, жұмыссыздарды жұмысқа орналастырудың қандай оңтайлы жолдары бар? Әр бағдарламаның талаптары қандай? Кімдердің жұмыссыз ретінде тіркеліп, бос жұмыс орындарына орналасу мүмкіндігі бар? Міне осы және өзге де сауалдарға облыстық «Saryarqa samaly» газетінің Инстаграм парақшасында өткен тікелей желі барысында жауап берілді. Тікелей желі қонағы — облыстық еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Қазбек Ертайұлы Жомартов.

Тілші сауалы:

— Қазбек Ертайұлы, алдымен, Еңбек мобильділігі орталығының негізгі міндет-теріне тоқталсаңыз...

Қазбек ЖОМАРТОВ:

— Елімізде 2023 жылы 20 сәуірде Әлеуметтік кодекс қабылданды. Нәтижесінде былтыр шілдеден бастап әр облыста еңбек мобильділігі орталығы құрылды. Сәйкесінше, әрбір қала мен ауданда «Мансап» орталықтары ашылды. Бұл орталықтар бұрыннан көпшілік білетін жұмыспен қамту орталықтары функциясын атқарады. Алайда, жұмыспен қамту орталықтары кезінде тікелей аудандық, қалалық әкімдіктерге бағынса, «Мансап» орталықтары еңбек мобильділігі орталығына қарайды. Негізгі міндетіміз — облысымызда жұмыссыздар қатарын азайту, азаматтарды тұрақты еңбекке тарту. Яғни, тұрғындарды жұмыспен қамтуға жан-жақты жәрдемдесіп, белсенді шаралар қолдануымыз керек.

Тілші сауалы:

— Облыс бойынша қазіргі таңда қанша адам жұмыс-сыздар тізімінде тұр?

— Бүгінде 12500 адам тіркеуде тұр. Оның ішінде 6200 адам белсенді шаралармен  қамтылды. Олар уақытша және қоғамдық жұмыспен қамтылса да, бізде жұмыссыздар тізімінде тұрады. Әр жылда жұмыссыздық көрсеткіші 4 пайыздан аспайды.

Тілші сауалы:

— Жұмыссыздарды еңбекпен қамтудың қандай тетік-тері бар? Жыл басынан бері қанша адам еңбекпен қамтылды? Олардың қаншасы уақытша, қаншасы тұрақты жұмыспен қамтылды?

— Жұмыспен қамтудың бірқатар жолы, бағдарламалары бар. Алдымен азаматтар жұмыссыз ретінде тіркеуге тұруы тиіс. Ол үшін enbek.kz және egov.kz сайттары арқылы онлайн өтінім беріп, тіркелуге болады. Сонымен қатар, «Мансап» орталықтары арқылы да тіркеуге тұра алады. Онлайн тіркелу үшін ешқандай құжат қажет емес. Өтінім берушінің телефонына хабарлама келеді. Сол арқылы тіркеуге тұрады. Жүйе барлық өзге орган базаларымен интеграцияланған. Жұмыссыз санатына жатпайтын адамды жүйе өткізбейді. Мәселен, жеке кәсіпкерлігі бар азамат немесе студент жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды. Егер адам өзге бір орында жұмыс істейтін болса, ол мекемемен электронды келісімшарты болса, бұл да базада көрініп тұрады.

Тіркелгеннен кейін тұрғындар өздері де enbek.kz сайтынан бос орындарды қарап, өзіне жарайтын орынды таңдап, жауап қатса, жұмыс берушінің жеке кабинетіне өтінім берушінің түйіндемесі түсіп тұрады. Жұмыс беруші сол арқылы өзі қалағанын сөйлесуге шақырады. Ал «Мансап» орталығына жүгінсе, мамандар жұмыссыз азаматтарға жолдама береді.

Жыл басынан бері 7500 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл «Мансап» орталықтары арқылы аймағымызда 9900 адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Қазіргі таңда жоспардың 75 пайызы орындалды. Бізден тыс та қаншама адам еңбекке араласып жатыр. Сондықтан жалпы жұмыспен қамтылғандар қатары аз емес.

Жандос, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Биыл программист маман-дығы бойынша колледж бітірдім. Әзірге жұмыс табылмай жатыр. Сіздер арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар ма?

— Егер сіз жұмыссыз ретінде тіркелсеңіз, мүмкіндіктерді қарастыра аламыз. Тіркелгеннен кейін бос жұмыс орындары ішінен программист орнын ұсынып, жолдама қолыңызға ұстатамыз. Бұл – тұрақты жұмыс орындары. Ал тұрақты жұмыс орындары табылмаса, «Жастар практикасы» немесе «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларын пайдалана аласыз. Жалпы, программист мамандарына сұраныс бар. enbek.kz сайтынан да қарауға болады.

— Әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасының басты талаптарын айтып берсеңіз… Оған кімдер қатыса алады?

— Бұрын әр бағыт бөлек болатын. Қазір бәріне бір ереже құрылды. Әлеуметтік жұмыс орны бойынша жұмыс беруші бізге өтінім жіберіп, онда қандай мамандар қажеттігін көрсетеді. Сұранысқа қарай жұмыс берушімен 12 айға келісім-шарт жасаймыз. Онда біздің және жұмыс берушінің міндеттері жазылады. Жұмыссыздарды еңбекпен қамтыған кезде оның айлығының 35 пайызын мемлекет төлейді.
Бұл бағытқа зейнет жасына толмаған барлық азамат қатыса алады.
Жұмыс беруші жұмыссыздарды аларда оның мамандығын ескереді. Мәселен, дәнекерлеуші қажет болса, ол азаматтың міндетті түрде білімі болғаны талап етіледі. Жолдама берілгеннен кейін жұмыс берушінің алдына барады. Егер білімі мен тәжірибесі сай болса, жұмысқа қабылдайды. Кейде дипломы болғанымен, кей азаматтарда тәжірибе, ептілік болмай жатады. Біз жіберген азаматты жұмысқа алмаса, жолдамаға оны жазады, себебін де көрсетіп өтеді.

Айта кетейін, дипломы, білімі жоқ азаматтар қоғамдық жұмыстарға тартылады.

Тілші сауалы:

— «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларының айырма-шылығы мен артықшылығы қандай? Бұл бағыт бойынша қанша адам жұмыспен қамтылды?

— Ол рас, аталған екі бағдар-лама ұқсас. Мәселен, екеуіне де тек 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Екеуінде де еңбекақы көлемі – 30 айлық есептік көрсеткіш. Бұл соманы толығымен мемлекет төлейді. Бірақ бағдарламалардың айырмашылықтары да бар. «Жастар практикасы» бағдарламасында азаматтарға тек алған дипломы бойынша жұмыстарға жолдама беріледі. Бағдарлама қатысушысы 12 ай жұмыспен қамтылады. Жұмыс беруші жас маманның жанына тәлімгер қарастыруға міндеттеледі. Диплом алғанына бес жыл толмаған әрі сол мамандықпен еңбек етпеген азаматтар қатыса алады. Егер «Жастар практикасына» қатысуға дейін өзге салаларда еңбек етсе, бұл кедергі емес.

Ал «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасының ұзақтығы – 18 ай. «Жастар практикасында» дипломның болуы міндетті саналса, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасында курстан өткені туралы сертификат та жеткілікті. Сонымен қатар, мұнда жұмыс беруші жұмыскерді тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті. «Алғашқы жұмыс орны» аты айтып тұрғандай бұл азаматтың ең алғашқы еңбек орны болуы тиіс. Яғни, бұған дейін ешбір жерде жұмыс істемегеніне мән беріледі.

Биыл «Жастар практикасы» бойынша 1280 адам, «Алғашқы жұмыс орны» аясында 330 адам еңбекпен қамтылған.

Ермұрат:

— Павлодар қаласындағы өндірістік кәсіпорындардың біріндегі бос орынға орналасқым келеді. Сіздерге барып, дәл сол орынға жолдама беруді сұрасам, беріле ме?

— Ең бастысы сіз жұмыссыз ретінде бізде тіркеуде болуыңыз керек. Әрине, сіз көрген бос орынға сіз тіркеліп, жолдамамен барғанша өзге біреу орналасып қоюы әбден мүмкін. Ал әлі де бос тұрса әрі бұл бос орын enbek.kz сайтында бар болса, әлбетте, жолдамамен жібере аламыз. Тіпті, өзіңіз де сайтта сол орынға жауап қатсаңыз, түйіндемеңіз автоматты түрде жұмыс берушінің жеке кабинетіне түседі. Сосын өзі шақырады. Айта кетейін, сайтқа тіркелген кезде барлық азаматтың электронды түйіндемесі автоматты түрде түзіледі.

Тілші сауалы:

— Зейнет жасына жақын-даған жандардың жұмысқа орналасуы оңай еместігін білеміз. Осы орайда «Күміс жас» бағдарламасы қолға алынған еді. Бұл бағыт қалай іске асуда?

— Расында 50-ден асқан жандарға тұрақты жұмыс табу оңайға соқпайды. Сондықтан, бұл — өте жақсы жоба. «Күміс жас» бағдарламасы жұмыс берушілерге де тиімді. Өйткені, әлеуметтік жұмыс орындарында айлықтың 35 пайызын мемлекет төлесе, «Күміс жас» бойынша үш жылға келісімшарт жасалады. Бірінші жылы мемлекет азаматтар айлығының 75 пайызын, екінші жылы 65 пайызын, үшінші жылы 60 пайызын субсидиялайды. Үш жылдан кейін жұмыс беруші кемінде бір жыл әлгі азаматты тұрақты жұмысқа алуы тиіс.

720 адам осы бағдарламаға қатысуда. Бағдарламаның алғашқы жылы ғана өтті. Бұрын тек зейнет жасына бірнеше жыл қалғандар ғана қатыса алса, кейінгі өзгерістерге сәйкес 50 жастан асқан тұрғындар да игілігін көре алады. Егер үш жыл мемлекеттің көмегімен, тағы бір жыл жұмыс беруші есебінен жұмыспен қамтылып, кейін белгілі бір себептермен жұмыссыз қалса, қайтадан бағдарламаға қатысуына болады.  Ал субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламаларын алсақ, «жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламаларына бір рет қана қатысуға рұқсат. Қалған жобаларда мұндай шектеу жоқ.

Жанна:

— «Күміс жас» бағдарламасы бойынша орналасқан орным көңілімнен шықпай жүр. Егер шығып кетсем, қайтадан сіздерге жұмыссыз ретінде тіркеліп, басқа орынға жолдама алуыма бола ма?

— Әбден болады. Бұл бағдарлама бойынша қанша рет қатыссаңыз да, шектеу жоқ.

Тілші сауалы:

— Қайтарымсыз грант үлестіру де жұмыссыздықпен күреске өзіндік үлес қосатыны анық. Бұл қолдау түрі қанша-лықты іске асуда? Олар қандай бағытта кәсіп ашуда?

— Биыл 440 грант берілді. Ауылдарда көбінесе мал шаруашылығы бойынша жобалар көп түседі. Қалалық және аудандық комиссия қарастырған кезде әр жобаның ерекшелігін ескереді. Соңғы уақытта мал шаруашылығына басымдық бермеуге тырысуда. Себебі, бір ауылдың азаматы бірнеше бас малды сол ауылдан немесе ауданнан сатып алады. Ал бұл экономикалық тұрғыдан мал басының өсуіне еш әсер етпейді. Ағымдағы жылы тігін цехы, жиһаз жасау, дәнекерлеу жабдықтарын алуға, қызмет көрсету салалары бойынша жобаларға грант берілді. Мал шаруашылығы бағытында да бірқатар жобалар бар. Комиссия төрағалары ретінде кәсіпкерлер тартылады. Өйткені, олар нарықты, сұранысты, кәсіп жүргізудің қыр-сырын біледі. Бұл комиссияға біздің «Мансап» орталықтарынан мамандар кірмейді.

Тілші сауалы:

— Бұл ретте, грант алып, кәсіп ашқан азаматтардың кәсібінің қаншалықты іске асып жатқанына бақылау жүргізіле ме?

— Бізде ондай құзырет жоқ. Нәтижелі жобаларды жарналамап, жан-жақты таратылуына атсалысамыз. Түрлі жәрмеңкелерге шақырып, өнімін өткізуіне мұрындық боламыз. Грант алған соң кәсіпкерлер алғашқы жылы есеп береді. Осы 12 айда жапқан жағдайда ғана мемлекет қаржысын қайтаруы тиіс. Ал одан кейінгі жылдары есеп берілмейді.

Тілші сауалы:

— Жұмыс берушілерден қандай мамандықтарға сұраныс көп түседі?

— Ауыл шаруашылығында агроном, механизатор, ветеринар мамандарға сұраныс көп түседі. Мұғалім, дәрігерлер вакансиялары да ауылдарда аз емес. Қалалық жерлерде өндірістік кәсіпорындарға техникалық мамандар аса қажет. Құрылыс саласының мамандарына да сұраныс баршылық.

Айсұлу:

— Өткен жылы «Жастар практикасы» бойынша декреттегі қызметкердің орнына орналастым. Ары қарай тұрақтау мүмкіндігі жоқ. Енді биыл қайтадан қатысу мүмкіндігі бар ма?

— Бұл оқырман дұрыс түсінбеген болар. «Жастар практикасы» жұмыс орны штаттан тыс құрылады. Яғни, декреттегі қызметкермен ешқандай байланысы жоқ. Айта кетейін, бұл бағдарламаға тек бір рет қана қатысуға рұқсат беріледі. Бірақ, жұмыссыз ретінде тіркелсе, тұрақты жұмыс іздеуге көмектесеміз. Мамандығы бойныша таппаса, өзі атқара алатын өзге бағыттармен мүмкіндіктерді қарастыруға болады.

Түйін:

Еңбек еткісі келген азаматқа «екі қолға бір күрек» табылатынын аңғардық. Мемлекет жұмыссыздарды азайту үшін күш салуда. Нәтижесі де көрінуде. Ниет болса, дәл осы жұмыссыздармен жұмыс істейтін орталықтар оңтайлы жолын тауып беруге әзір.

«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.