Photo Valeriy BUGAYEV

Ертіс-Баян өңірінде әлемге әйгілі жерлесіміз, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, геология-минералогия ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі той жоғары деңгейде аталып өтті. Айтулы шараға алыс-жақыннан келіп қатысқан игі жақсылар алдымен облыс орталығындағы ғалым ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Бұдан кейін мерейтойлық шара «Достық үйінде» «Академик Қ.И.Сәтбаев феномені: кеше мен бүгін» деген тақырыпта өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, профессор Алтынбек Нухұлы, облыс әкімі Асайын Байханов, академиктің туған жиені Әлима Жармағамбетова және ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғалымдары, белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері тегіс қатысты. Аталған жиында алғаш болып сөз алған аймақ басшысы:

— Баршаңызға ғылымның жарық жұлдызы, халқымыздың мақтанышы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың
125 жылдық мерейтойы құтты болсын. Ұлы тұлғаның есімі қазақ елінің тарихында алтын әріппен жазылған. Ғалымның елі үшін жасап кеткен еселі еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, — деді. Сондай-ақ, ол әйгілі жерлесіміздің қазақ ғылымына қосқан үлесі мол екенін айтып, тау тұлғаны ұлықтау мақсатында өңірдегі 51 нысанға оның есімі беріліп, 9 ескерткіш қойылғанын мәлім етті.

Конференцияға Астанадан арнайы келген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі, техника ғылымдарының докторы Дархан Ахмед-Заки министр Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқып, павлодарлықтарды ғалымның мерейтойымен құттықтады. Алқалы жиында Қаныш Имантайұлының жиені, химия ғылымының докторы Әлима Жармағамбетова да сөз алып, асыл азаматын ардақтап, құрмет көрсетіп жатқан халқына алғыс білдірді. Сондай-ақ, ғұлама ғалымның еңбегін жас ұрпаққа насихаттау жолында тер төгіп жүрген жандардың бірі, «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы, сенатор Алтынбек Нухұлы да баяндама жасап, өз ойын ортаға салды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл 12 сәуір — Қанекеңнің туған күнінде керемет сөздер арнады. Соның біріне тоқталар болсақ: «Біз Ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды», — деді. Расында да, Қанекеңнің азақ ғылымының атасы болғаны өз алдына бір бөлек, ең бастысы оның артына қалдырған рухани, ғылыми, мәдени мұрасы ғасырларға ұласатын құнды дүниелер болып табылады. Президент Сәтбаев салған сара жолды жалғастыру керектігін де айтты. Соның дәлеліндей, бүгінгі күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі көп жұмыс атқаруда. Мәселен, осы салада жаңа заң қабылданып, Қаныштың ғылым мен өндіріс саласын-дағы байланысын биік деңгейге жеткізуге бағытталған үлкен жобалар мен алғашқы қадамдар жасалуда, — деп атап өтті Алтынбек Нухұлы. Шараға қатысқан өзге ғалымдар да баяндама жасап, «Қазақтың Қанышының» еңбектері ғасырларға ұласатынын жеткізді. Сонымен қатар, конференция барысында ғұламаның әлі де зерттелмеген дүниесінің сырын ашуға ұмтылған бір топ жасқа «Қаныш ізбасарлары» гранттары тарту етілді. Олардың қатарында Әлкей Марғұлан атындағы ПМПУ-дің қауымдастырылған профессоры Айтолқын Дүзелбаева, PhD докторы, профессор Қымбатша Мұхамедиева, жаратылыстану жоғары мектебінің аға оқытушысы, PhD докторы Динара Шәкенова, Торайғыров университетінің химия және химиялық технологиялар кафедрасының постдокторанты Иван Раделюк, Қазақстан тарихы кафедрасының постдокторанты Мәди Рахимов, биология және экология кафедрасының профессоры Римма Уәлиева, Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инжинерлік-техникалық институтының ректоры Далида Сиваракша бар.

Конференция барысында, сондай-ақ қатысушылар назарына көрме ұсынылды. Онда Қаныш Сәтбаев жайлы кітаптар, ғылыми еңбектер, ғалымның жеке заттары мен құжаттары қойылған.

Күлтай ӘДІЛОВА, ҚР Ұлттық ғылым академиясының бас академиялық қызметкері:

— Қаныш Имантайұлы — отандық ғылымның негізін қалаушы бірегей тұлға. Академиктің ғылыми мұрасы 800-ге жуық мақаланы қамтиды. Оның редакциясымен Қазақ КСР Ғылым академиясының 30-дан аса ғылыми еңбек жинағы жарық көрді. Жалпы, Қ.Сәтбаев Қазақ КСР экономикасын дамыту бойынша көптеген стратегиялық маңызды бағыттардың бастамашысы бола білді. Сонымен қатар, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне үлкен қызығушылық танытып, қазақ ауыз әдебиетін, халық шығармашылығын, Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеуге елеулі үлес қосты. Театр, өнер, мәдениет және жастарды тәрбиелеу туралы көп еңбек жазып қалдырды. Ғалымның кейінгі ұрпаққа қалдырған осынау мол мұрасын игеру – баршамызға ортақ парыз деп білемін.

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.