11 сәуір күні М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында Космонавтика күніне орай ТechFest шеберлік көрмесі өтеді. Аталмыш шара авиация, ғарыш техникасы және астрофизика саласында өз жұмыстарын көрсететін жас конструкторлар мен инженерлерді жинайды.
Шара ұйымдастырушыларының сөзінше, шеберлік көрмеге қатысушылар ұшақтардың, тікұшақтардың, пилотсыз ұшатын аппараттардың модельдерін, сондай-ақ зымыран техникасы, спутниктер мен ғарыш станциялары бойынша жобаларды таныстырады. Сонымен қатар, оқушылар астрофизика бойынша зерттеу жобаларын көрсетеді. Көрменің мақсаты – жас инженерлер мен конструкторларды қолдау, мектеп оқушылары арасында ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту және техника мен ғарышқа қызығатын дарынды балаларды анықтау.
Айта кетейік, М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында әуесқой астрономдарға арналған обсерваториялық орталық бар. Бұл жерде облыстың мектеп оқушыларына арналған астрономия мен астрофизика бойынша түрлі сабақтар өткізіледі. Аталмыш дәрістер әркімге оқу жылы ішінде республикалық және халықаралық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді.
Өз тілшіміз.